Елімізде 1 ақпаннан бастап ресейлік коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасы салына бастады. Алғашқы кезеңде инфекция жұқтыру қаупі бар деп саналатын медицина мамандарына екпе жасалатын болады. Аталған дәріге деген сенімді білдіру мақсатында алғашқы болып ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ерлан Қиясовқа екпе салынса, ал, ауданда бас дәрігер Мәулен Малғаждаров бірінші болып егілді.
Аудан бойынша да вакцинациялау барысы бүгінгі күнге дейін қалыпты деңгейде жүргізілуде. Қарасай ауданаралық көп салалы аурухана директорының ұйымдастыру-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Руслан Ерланұлының сөзіне сүйенсек, қазір аурухана 550 дозалы вакцина бар.
Оның айтуынша, вакцинация профилактикалық егуге қарсы көрсеткіші жоқ адамдарға рұқсат етіледі. Екпе алмас бұрын дәрігердің тексеруінен өтуі керек. Тек қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда ғана вакцина салынады. Одан екпе қабылдаған адамның жай-күйі 30 минут бойы дәрігердің назарында болады. Аудандық емханада аталған екпені салдыруға және оны қабылдаған адамның жағдайын бақылауға арналған арнайы кабинеттер бөлініп, жауапты дәрігерлер бекітілген.
Аудан бойынша жалпы екпе қабылдау басталғаннан бері төрт күн ішінде 125 медицина қызметкерлеріне ерікті түрде дәрі егілген. Қазіргі таңда вакцина қабылдаған медицина қызметкерлерінің жағдайы қалыпты. Денсаулықтарына қарсы әсері байқалған жоқ. Дәрігерлер 21 күннен кейін вакцинанын екінші дозасын алуға дайын екендіктерін айтуда.
Айта кету керек, бірінші кезеңде, яғни, ақпанда медицина қызметкерлер екпе қабылдаса, екінші кезеңде наурыздан бастап педагог, күштік құрылымдарының қызметкерлері, сәуірден бастап студенттер вакцина салдырады. Алайда, бұл екпе 18 жасқа толмаған балаларға ұсынылмайды, себебі вакцинаны бұл жас ерекшелік тобында қолдану әлі зерделенбеген. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау эпидемологиялық жағдайға байланысты 2021 жылдың соңына дейін жалғасады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.