Осы аптаның сәрсенбісі күні Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуров ауданымызға арнайы келіп, жалпы мәдениеттің өркендеуіне көп үлес қосып жүрген аудан әкімі Жандарбек Далабаевқа «Абай» мерейтойлық төсбелгісін табыстады.
Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің ортақ мақтанышына айналған халқымыздың данышпан перзенті, ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толды. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев хәкім Абайдың мерейтойына орай оның өмір жолы мен шығармашылықтарын бүкіл әлем жұртына, әсіресе, жастарға насихаттау үшін көптеген іс-шаралар өткізілсін, деп тапсырған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында арнайы комиссия құрылып, еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды іс-шаралар өткізілді.
Абай атамыздың мерейтойын лайықты атап өту мақсатында әртүрлі шаралар ұйымдастырудан біздің Қарасай ауданы да тыс қалған жоқ. Жоспарға сай ауданымызда «Абай оқулары», «Абайды оқы – таңырқа!» атты дөңгелек үстелдер мен шығармашылық кештер сияқты көптеген шаралар өткізілді. Тіпті, елімізде пандемияның салдарынан орын алған карантинге байланысты барлық дерлік іс-шаралар онлайн режімде өтіп, ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл-мұраларын насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізілді.
Осыған орай сәрсенбі күні Халықаралық «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының директоры Аслан Ғафуров ауданымызға келіп, аудан басшысы Жандарбек Ермекұлына еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұсынысымен, ұлттық руханиятқа сіңірген айрықша еңбегі үшін алғысын білдіріп, арнайы «Абай» мерейтойлық төсбелгісін кеудесіне тақты.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.