1-ші ақпанда аудан әкімдігінде Қарасай аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысы өткізіліп, оны кеңес төрағасы Сағат Мәсімақынов кіріспе сөзбен ашты.
Мұнан кейін, барлық санитарлық талаптар сақталып өткізілген отырыста, белгіленген күн тәртібі бойынша аудан әкімі Жандарбек Далабаев «Қарасай ауданының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2021 жылға міндеттері туралы» баяндама жасады.
Елімізде орын алған қиындықтарға қарамастан өткен жылы ауданда атап айтарлықтай жұмыстар атқарылған, яғни, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің даму болжамы толығымен орындалған. Өнеркәсіп өндірісінде де, агроөнеркәсіп саласында да өнім көлемі едәуір артқан. Шағын және орта кәсіпкерлік ілгерілеген. Әлеуметтік салада әжептәуір өркендеушілік болып, құрылыс жұмыстарының көлемі артқан. Тұрғын үй жүйелі салынып, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласы алға басқан. Көптеген жолдар мен көшелер жөнделіп, бюджеттік түсімдер молайған. Халықты жұмыспен қамту ісі жақсара түскен. Алда да Президент талаптарына және мемлекеттік бағдарламаларға сай жұмыстар орнымен атқарыла береді.
Бұл мәселе бойынша Қоғамдық кеңес мүшелері Едіген Жүнісбеков (суретте), Несіпбала Әбділдаева, Сағат Мәсімақынов сөйлеп, ортақ іс орайындағы өз ой-пікірлерін, ұсыныс-тілектерін білдірді. Мәселен, олар өнеркәсіпті өрге бастыруда, шағын және орта бизнесті дамытуда, тұрғын үй, мектеп пен балабақша салуда көптеген жұмыс атқарылғанын айтты. «Жасыл ел» бағдарламасын орындауға, яғни, ағаштарды жөнсіз кесуге, кейбір құрылыс нысандарының сапасына, Қаскелең қаласының кейбір жерлерінде салынған жаңа тротуарларды көліктің басып тұратынына, балалар алаңдарында орнатылған ойнайтын орындарға байланысты орын алған кемшіліктерді тілге тиек етті.
Жандарбек Ермекұлы, сонымен қатар, кеңес мүшелерінің аудандағы атқарылған ауқымды істер мен алдағы кезге арналған мақсаттар жайында қойған бірқатар сұрақтарына жауап қайтарды.
Кеңес мүшелері тарапынан аудан басшысының өткен жылғы жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға берілді.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші – «Қарасай ауданының Қоғамдық кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу және Қоғамдық кеңес жанындағы комиссияларды, олардың төрағалары мен мүшелерін бекіту» туралы мәселе қаралып, тиісті шешім қабылданды.
Отырысты Сағат Мәсімақынов қорытындылап, кеңес мүшелері өткен жылы, әсіресе, «Жұмыспен қамту – жол картасы» бойынша көп іс атқарғанын әңгімелей келе өздерінің алда да аудан басшылығымен бірге ел мүддесі жолында еңбек ететіндіктерін, билік пен адамдар арасында дәнекер бола беретіндіктерін атап айтты. «Бірлік болса, тірлік болады, осыны ұмытпайық», – деп аяқтады өз сөзін Сағат Ұлтарақұлы.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.