Ұлтын сүйген ұлы тұлға Дінмұхамед Қонаевтың ел үшін жасаған ізгі істерін, қоғамға сіңірген еңбегін халық ешқашан ұмытқан емес. 1912 жылы 12 қаңтарда дүниеге келген Димаш Ахметұлының 110 жылдығын атап өту үшін биыл еліміздің әр өңірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, оның есімі лайықты түрде ұлықталуда.
Ұлт мақтанышының өмірден өткен күні де халықтың есінде. 1993 жылы 22 тамызда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі Дінмұхамед Қонаев 81 жасынан асқанда дүниеден озған болатын. Ел ардақтысын еске алып, оның құрметіне өткен аптаның жексенбісі күні Райымбек ауылдық округінің аумағында орналасқан «GÚLNAR BAQ» демалыс және спорт базасында ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық турнир өтті.
Мерекелік іс-шараның салтанатты ашылуында аудан өнерпаздары мен «Үшқоңыр» этно-фольклорлық ансамблі ән салып, келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал ҚР Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблінің өнерлері концерттік бағдарламаны одан әрі көркемдей түсті.
Димаш Ахметұлын еске алуға арналған спорттық шараға арнайы меймандар қатысты. Олардың қатарында Дерех Мухаммед-али, Мансур бин Жабыр бин Жасым аль тани және Хусейн Мухаммед аль Фатала есімді шейхтер болды. Ал салтанатты басқосуда алдымен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, Дінмұхамед Қонаевтың мемлекет үшін ерен еңбектерін айтып, шабандоздарға сәттілік тіледі.
Ұлттың ұлы тұлғасы Д.Қонаев жайлы белгілі ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин де ойын ортаға салып, Қапшағай қаласының Қонаев болып өзгергенін шын жүректен қолдайтынын және оның құптарлық шешім екеніне ерекше тоқталды. Ал құрметті қонағымыз Хусейн Мухаммед аль Фатала шейх дүбірлі додаға деген ыстық ықыласын білдіріп, қонақжай қазақстандықтарға ризашылығын жеткізді. Айтулы күннің ерекшелігіне тоқталған генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев көпшілікке ақ тілегін арнап, баршасын құттықтады.
Ұлттық ат спортты насихаттауға бағытталған бұл турнирге 100-ден астам тұлпардың тізгінін ұстағандар қатысып, бақтарын сынады. Олардың көбісі Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарының намысын қорғауға келді.
Жүйріктердің жарысы 10 шақырымға шапқан құнан бәйгеден басталды. Оған 7-8 жастағы 29 шабандоз қатысты. Солардың ішінен оза шауып Жамбыл облысы Қордай ауданының атынан сынға түскен Қанағат Молдашбаев бірінші болып келді. Осылайша ол құнан бәйгенің 1 миллион теңгелік ақшалай жүлдесіне ие болды.
Осыдан кейін ертеден келе жатқан ойындардың бірі – теңге ілуден жарыс болды. Оған Ескендір Алыбаев, Ерехан Мағжан және Мәрлен Айдарұлы деген аттың құлағында ойнайтындар өнерлерін байқатты. Бәрі тырысып баққанымен үздік нәтижені Мәрлен ғана көрсете білді.
15 шақырымды артқа тастау үшін жігіттер топ бәйгенің жүлдесін сарапқа салды. Бұл дүбірден Алматы облысы Талғар ауданынан арнайы келген Арнат Мұратхан қарсыластарына шаң қаптырып, үш миллион теңгені қанжығасына байлады.
Ұлттық ат спорты турнирінде қыз қуу ойыны көпшілікке қызық болды.
Мұнда жігіттің тізгініндегі тұлпардың шабысы байқалатын белгілі. Осындай жарыстың көркін қыздыру үшін Нұрсұлтан мен Гүлдана, Серік пен Аружан сынды екі жұп алаңға шығып, жақсы ойын өрнегін көрсетті. Дәл сол сияқты жамбы атудың да ерекше өткенін айта кету керек. Нысананы көздеу үшін Гүлдана, Адина, Асылбек, Құрманжан есімді Қарасай аудандық балалар мен жасөспірімдер мектептерінің шәкірттері дәлдіктерін сынады.
Ал жиналған жұрт асыға күткен аламан бәйгенің басты шарты 25 шақырымға тартынбай шабу болды. Оған әр өңірден 36 қатысушы ниет білдірді. Барлығы бас жүлдеге таласқанымен, ішінде дара көрініп, аламанның алды болған, Қордайдың абыройын артттырған Нұрайт Нұрбаев болды. Оның «Қарабұра» деп айдар таққан жүйрігі өзгелерге дес бермеді. Осылайша қордайлық жеңімпаз бәйгеге тігілген 5 миллион теңгеге ие болды.
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді спорттық іс-шараға арнайы шақырылған шейхтер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ел ағалары марапаттап, қаржылай сыйлықтарын табыс етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.