Ағымдағы жылдың шілде айының 18-і күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Соған сәйкес 2026 жылдың қаңтар айында ауқымды салық реформасына алып келетін жаңа кодекс күшіне енеді. Шағын және орта бизнесті дамытуға серпін беретін икемді әрі әділетті модель қалыптастыруды мақсат еткен кодекс жеке тұлғалардың салық салу жүйесіне, салықтарды төлеу ережелеріне және берешекті өндіріп алу шараларына ауқымды өзгерістер енгізеді. Әсіресе, келер жылы еліміздегі бизнес мүлдем жаңа жағдайларда жұмыс істей бастайтын болады.
Бір-екі айдан кейін енетін өзгерістерге байланысты жақында Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары қарасайлық кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ең басты өзгерістер жайлы ақпарат берді.
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Ақылжан Шалхар, Өндірістік емес төлемдер басқармасының уәкілетті органдарымен жұмыс бөлімінің басшысы Ермек Исабаев, Жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының қосымша құнсалығын әкімшілендіру бөлімінің басшысы Нұрбол Маметаев және аудан әкімінің орынбасары Адис Сейдакматов қатысқан жиында жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзгерістер жайлы толыққанды ақпаратты облыстық департаменті басшысының орынбасары Олжас Байғалық берді.
Олжас Елюбайұлы 2026 жылдан бастап салық есептілігінің көлемі 30%-ке, салықтардың саны 20%-ке азаятынын, елеулі өзгерістер жеке табыс салықтарынан бастап барлық бағытты қамтитынын айтып өтті. Сондай-ақ маман жер, мүлік салығына қатысты өзгерістерге тоқталып, салықтық рәсімдерді цифрландыру, талдау, есептеу жүйесін оңтайландыру секілді мәселелерді де кеңінен сөз етті.
Облыс мамандарының түсіндіру жұмыстарынан кейін жиналған кәсіп иелері мен жеке мекеме бухгалтері тарапынан оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.
2026 жылғы Салық кодексі Корпоративтік табыс салығы (КТС)
Олжас Елюбайұлының айтуынша, маңызды өзгерістер корпоративтік табыс салығына қатысты. Қазақстандағы резидент заңды тұлғалар, сонымен бірге елде қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент заңды тұлғалар корпоративтік табыс салығын төлейді. Бұл салықтан мемлекеттік мекемелер ғана босатылады. Басты өзгеріс – бұл білім мекемелерінің КТС-тен босатылмайтыны. Яғни, осы уақытқа дейін оқу орындары КТС төлеуден босатылып келген еді. Енді келер жылдан бастап олар 5%, ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10% КТС төлейтін болады.
Елдегі заңды тұлғалардың басым бөлігіне 20% мөлшерінде КТС белгіленді. Алайда ойын бизнесі мен банк қызметі (бизнесті несиелеуді қоспағанда) 25% КТС төлейді.
Басқа да заңды тұлғалар төлейтін КТС мөлшерлемесі төмендегідей:
– әлеуметтік сала (білім беру, медицина) – 5% (2026 жылы), 10% (2027 жылғы 1 қаңтардан);
– ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер – 3%;
– ауыл шаруашылығы кооперативтері – 6%.
Мұнан бөлек елімізге пайдалы инвесторларды тарту мақсатында жасалған салық жеңілдіктерінің түрі көбейеді. Мәселен, осы кезге дейін Қазақстан аумағында алғаш рет іске қосылатын өндірістік нысандар КТС-тен босатылып келді. Енді бұл санатқа ғимараттар, құрылыстар, машиналар, құрал-жабдықтар, бағдарламалық қамту да кіргізіледі. Сондай-ақ мұндай нысандардың елде бірінші рет салынған-салынбағанына, оның өндіріс еместігіне де қарамайды. Мәселен, жеңілдік алатын нысан өндіріс цехы ғана емес, қонақ үй секілді құрылыс болуы да мүмкін. Оған қоса келер жылдан бастап салық төлеуші шығысты шегеру құқығына ие болады.
Жоғарыда аталғандардан бөлек жаңа кодекс күшіне енген сәттен бастап индекстеу сыйақы деп танылмайды. Сонымен бірге, мүгедектігі бар адамның ұйымында 3-тен 10-ға дейін жұмыскер болса, КТС төлеу барысында 50% жеңілдік алады. 10 және одан көп жұмысшы істесе, мұндай ұйым салықтың осындай түрін төлеуден босатылады. Бұған қоса, осындай мекеменің айналымына ҚҚС салынбайды. Бұл жерде бір ескере кететіндігі, егер де мүгедектігі бар адамның бірнеше ұйымға қатысы бары анықталса, онда оларға жеңілдік қарастырылмайды.
Аванстық төлемдер бойынша шек 350 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңге деп белгіленді. Бұл дегеніміз жылдық жиынтық табысы 2 млрд 595 млн теңгеден
асатын заңды тұлға КТС бойынша аванс төлеуші деп танылады. Декларация тапсырылғанға дейін аванстық төлемдер бойынша есеп алынып тасталды.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі
2026 жылдан бастап тауар айналымы мен импортқа 16% қосылған құн салығы салынады.
Құжатта ҚҚС мөлшерлемесі төмен бірнеше кәсіп түрі көрсетілген. Яғни, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, солардың бөлшектері мен техникалық қосымша құралдарына 2026 жылғы 1 қаңтардан – 5%, 2027 жылғы 1 қаңтардан – 10% мөлшерлемелер қарастырылған. Отандық мерзімді баспа өткізу бойынша айналым мөлшеріне 10% төмендетілген ҚҚС белгіленді.
Қосылған құн салығынан босатылады
– тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және МӘМС шеңберінде, сондай-ақ Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрілік заттарды өткізу және импорттау;
– медициналық қызметтер көрсету.
Бұған қоса, сауда айналымы бойынша ҚҚС төлеуден ішкі туризм бойынша туроператордың қызметтері, отандық басылымның кітаптары, баспа түрінде кітап шығару бойынша қызметтер және археологиялық жұмыстар босатылады.
Арнаулы салық жүйесімен жұмыс істейтін кәсіпкерлер ҚҚС төлемейді.
ҚҚС-қа байланысты тағы бір маңызды өзгеріс – ол 2026 жылдан бастап тұрғын үй-жайды (пәтерді) сату немесе жалға беру кезінде ҚҚС-тан босатудың жойылуы. Құрылысы 2026 жылы басталатын нысандарды сату немесе жалға беру үшін ҚҚС төлеу қажет болады. Ал құрылысы жыл аяғына дейін басталған нысандар саудаға түскенге дейін олардың айналымы салықтың осы түрінен босатылады.
Жеке табыс салығы (ЖТС)
Жаңа жүйе бойынша прогрессивті шкала енгізіліп, 8500 АЕК-ке дейін табыс табатын жеке тұлғалар 10% жеке табыс салығын төлесе, табысы одан (35 096 500 теңге) жоғары кәсіпкерлер үшін 15% мөлшерлеме қолданылады. Құқық қорғау саласында жұмыс істейтіндер, яғни адвокаттар, медиаторлар және нотариустар секілді тұлғалар 9% ЖТС төлейді.
Дивиденд көлемі 230 мың АЕК-тен (949 670 000 теңге) аспаса, 5%, асып кетсе, 15% ЖТС төленуі керек. Бұған дейін 30 мың АЕК-ке дейінгі көлемдегі дивидендке ЖТС ұсталмайтын. 2026 жылдан бастап бәрі дивиденд үшін салық төлеуге міндеттеледі.
Жеке кәсіпкердің, шаруа немесе фермер қожалығының табысы 230 мың АЕК-тен аспаса, 10%, асып кетсе, 15% жеке табыс салығын төлейді.
Жеке тұлға салық шегерімінің бірнеше түрін қолдануға құқығы бар. Алайда жаңа өзгерістерге сәйкес 2026 жылдан бастап, жеңілдік алғысы келетін азаматтар 15 қыркүйекке дейін 270 формасымен декларация өткізуі тиіс. Оған салықтан шегерім жасау керектігін растайтын құжат қоса тіркелуі керек. Декларация тапсырылмаған жағдайда, осындай жеңілдік пайдаланған азаматтан жеке табыс салығы бойынша төленбеген сома талап етіледі.
Әлеуметтік салық
Жаңа Салық кодексінде әлеуметтік салыққа қатысты басты өзгеріс – 6% мөлшерлемені белгілей отырып, әлеуметтік салық пен әлеуметтік аударымдардың өзара байланысы алынып тасталуы. Өз өндірісінің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өткізу, қайта өңдеу және осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу қызметтерін жүзеге асыруға байланысты салық салу объектілеріне 1,8% мөлшерлемесі бойынша әлеуметтік салық есептеледі.
Әлеуметтік салық төлеушілер болып табылатын дара кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын адамдар өздері үшін 2 АЕК, әрбір жұмыскер үшін 1 АЕК төлейді.
Шаруа немесе фермер қожалықтары әлеуметтік салықты: өздері үшін – 0,6 АЕК, әрбір жұмыскер үшін – 0,3 АЕК.
Меншікке салынатын салық
Жаңа кодексте меншікке салынатын салық мөлшерлемелері қайта қаралды. Мәселен, көлік салығы бойынша 2013 жылға дейін және кейін деп бөлу алынып тасталды. Енді пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан көліктер үшін 0,7, ал 20 жылдан асса, 0,5 түзету коэффициенті қолданылады. Осылайша салық көлемі 30 және 50 пайызға төмендейді.
Шаруа қожалықтары болса бір пикап үшін көлік салығын төлеуден босатылды. Бұған қоса, ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алып тасталды.
Жер телімі салығына қатысты да ағымдағы төлемдердің есебі (салық есептілігі) алынды. Қала аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша салық есептеу нақтыланды. Жер ауыл шаруашылығында пайдаланса, соған сәйкес төмен мөлшерлеме есептеледі. Ал оған сай болмаса, елді мекен жері ретінде жоғары мөлшерлемемен салық ұсталады. Базалық мөлшерлеме 40 есеге ұлғайтылады.
Мүлік бойынша төленетін салық көлемі 300 АЕК-тен (1 296 000 теңге) аспаса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебі тапсырылмайды. Осы шектен асып кетсе, онда төрт төлем есебі мен декларация тапсыру қажет болады.
Ғимараттар, құрылыстар бойынша салық базасы мүлікті қайта бағалауды ескере отырып, бухгалтерлік есеп деректері бойынша айқындалатын салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны болып табылады. Бұл ретте мүлікті мұндай бағалау әрбір үш жылда кемінде бір рет жүргізілуі тиіс.
Арнаулы салық режимдері (АСР)
Жаңа кодекстегі басты жаңалық – арнайы салық режимдерінің саны жетеуден үш негізгі түрге қысқаруы.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін: 4% мөлшерлеме, жылдық табыс 15 млн теңгеге дейін. Бұл режим жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді және артық бюрократияны болдырмайды. Олар жеке табыс салығын төлемейді. Бірақ зейнетақы жинағына, МӘМС-ке ақша аударып, әлеуметтік алым төлеуі керек.
Жеңілдетілген декларация: жылдық айналымы 600 000 АЕК-ке дейінгі кәсіпкерлерге арналған. Базалық мөлшерлеме – 4%, бірақ маңызды ерекшелігі – жергілікті мәслихаттар бұл мөлшерлемені 2%-дан 6%-ға дейін өзгерте алады. Бұл әр өңірдің экономикалық жағдайына бейімделуге жол ашады. Шаруа және фермер қожалықтары үшін бұрынғы режим сақталады, бірақ енді бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы енгізіледі.
Шаруа қожалықтары үшін жаңа заңнамада өзгеріс жоқ, бұрынғыдай кірістен ұсталатын салық мөлшері 0,5% болып қала береді. Жалғыз өзгеріс – бірыңғай жер салығының орнына жеке табыс салығы ұсталады.
Акциз
Акциз мөлшерлемесі алкоголь өнімі, коньяк, шарап, сыра және темекіге 10%-ға ұлғайтылды. 2026 жылдан бастап энергетикалық сусындарға да салықтың жаңа түрі енгізілді. Осындай сусындар үшін 2026 жылғы акциз мөлшері – 1 литріне 100 теңге, ал 2030 жылы 240 теңге болады.
Жеке тұлғалар 18 мың АЕК-тен (77 850 000) асатын сомаға автокөлік сатып алса, 10% акциз салығын төлеуі тиіс. Мұндай тәртіптің импортқа ғана емес, ішкі саудаға да қатысы бар. Су және әуе көліктері үшін белгіленген шек – 24 АЕК.
Салық есептілігі
Жаңа салық кодексі бойынша салық есептілігінің нысандары 30%-ға қысқарады. Жер салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі, салық сомасы 1 млн теңгеден кем болған кезде мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есебі жойылды. Арнаулы салық режимі және ҚҚС бойынша декларацияны алдын ала толтыру жүзеге асырылады.
Салық есептілігі белгіленген мерзімде ұсынылмаған жағдайда, мұндай есептілігі «0»-дік көрсеткішпен ұсынылған болып есептеледі. Салық төлеуші осы салық кезеңі үшін қосымша салық есептілігін ұсына алады. Оны ұсынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жойылады.
Салық есептілігін ұсыну мерзімін ұзарту мен кері қайтарып алу қарастырылмаған. Барлық өзгерістер қосымша декларациялар арқылы жүзеге асырылады.
Салықтық тексерулер
Жаңа өзгерістерге сәйкес жоспарлы тексерулер алынып тасталады. ШОБ субъектісін салықтық тексеру барысында құжаттарды ұсыну туралы талап тек 2 рет табыс етілетін болады. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін тексеру жүргізудің жалпы мерзімін 180 күнтізбелік күнге дейін шектеу белгіленді.
Салық органының қызметкерлері тексерілетін салық төлеушімен электрондық тәсілмен салық төлеушінің кабинеті арқылы әрекет етеді (салықтық тексеру құжаттарын, түсіндірмелерді, тексеру актісі мен хабарламасын веб-портал арқылы электрондық тәсілмен тапсыру мүмкіндігі енгізіледі).
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
