Ескі жылды есіркеп шығарып салдық. Табалдырығымыздан аттаған 2025 жылға көп үміт артамыз. Өйткені ырымшыл халық болғандықтан, әр ісімізді жақсылыққа балап жатамыз.
Артта қалған 12 айға көз тастасақ, біраз санаулы сәттер есімізде қалыпты. Ендеше ең маңыздысына тоқталайық.
Спортқа серпін сыйлаған Париж Олимпиадасында еліміз 43-орынға табан тіреді. Бұл байрақты бәсекенің нәтижесі осы саланы серік еткен мамандарды ойландырды деген ойдамыз.
Елді дүр сілкіндірген оқиғалар да орын алды. Жыл басында Алматы қаласында 5 балдық жер сілкінісі болып, онысы кейін тағы бірнеше рет қайталанып, жақын маңдағы өңірдің де тыныштығын қашырғаны белгілі. Ал көктемде 10 облыста су тасқыны болып, әсіресе, Атырау облысының Құлсары қаласы қатты зардап шекті.
Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың соты мен Талғар қаласындағы 16 жастағы Шерзаттың өлімі де елдің есінде. Мұндай өкінішті жағдайлар қайталанбаса деген тілегіміз бар.
Көпшіліктің басын қосқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын айтпасақ тағы болмас. Ел астанасында өткен әлемдік бақталастың біздің елімізде өтуі – жарқын жетістіктердің бірі.
Жоғарыда атап өткен оқиғалар – елдегі ең маңыздысы. Өкіндірер сәттеріміз қайталанбай, өнегелі істеріміз жалғаса берсін демекпіз.
Жаңа жылдан жақсылық, жағымды жаңалықтар күтеміз. Ендеше, оқырман қауымға биыл қандай өзгерістер болатынын тізбектейік. Алдын ала тараған ресми ақпараттарға сүйене отырып, елге қажетті деректердің маңыздысына тоқталайық.
Биыл – жұмысшы мамандықтарының жылы
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында тиісті Жарлыққа қол қойып, 2025 жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Басты мақсат – аталған кәсіп иелерінің беделін арттырып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Үкіметке жұмысшы мамандықтарының жылын өткізу бойынша қажетті шараларды қабылдау міндетін жүктеді.
Зейнетақы мен жәрдемақы өседі
2025 жылдың алғашқы айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артады. Анығын айтқанда, жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері 8,5%-ға өседі. Ал жаңадан тағайындалған зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін ескерілетін ең жоғарғы табыс 55 АЕК-ті құрайды, ол – 216 260 теңге. Сонымен қатар, ең төменгі базалық зейнетақы – 32 360 теңгені, ең жоғары 50 851 теңгені құрайды.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері де артады. Атап айтқанда, Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында тұратын және түзеу мекемелерінде орналасқан адамдар үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі (ЕТКД) мөлшерінің ұлғаюына байланысты арттырылады. Мәселен, жалпы ауру бойынша І топтағы мүгедектік бойынша жәрдемақы – 101 702 теңге, ІІ топ – 81 362 теңге, ІІІ топ – 55 474 мың теңге болады.
Әлеуметтік төлемдердің де мөлшері өседі. Биылдан бастап әлеуметтік жәрдемақы 6,5-ға артады. Бұл өзгеріс мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жүзеге асуда.
Студенттердің стипендиясы көбейеді
Ескере кетейік, 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанда стипендия көлемінде өзгеріс орын алады. Яғни, шәкіртақының мөлшері бакалавриат бойынша 20%-ға, магистранттар мен докторанттарға 15%-ға өсіп, ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18%-ға артқан болатын. Енді осы 2025 жылдан бастап аталған төлемдердің бәрі 17%-ға артады. Бұл жаңалықты студенттер мен ғылым жолындағы қызметкерлерді ынталандыру деп түсінеміз.
Жағдайы төмен отбасыларға көмек қарастырылады
Жақында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин табысы аз азаматтарды әлеуметтік қорғау шаралары және 2025 жылдан бастап енгізіліп жатқан атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) тағайындаудың жаңа тәсілдері туралы түсіндірді. Оның айтуынша, кедейлік шегінен төмен отбасыларды қолдау мақсатында кешенді АӘК берілмек. Ол көмектер келесідей мақсатта қарастырылған:
— шартсыз және шартты негізде тоқсан сайын берілетін ақшалай төлем. Еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасылар шартсыз көмек, ал құрамында жұмысқа орналаса алатын кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасылар шартты көмек алады;
— жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары. АӘК тағайындаудың барлық кезеңіне отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Келісімшартты бұзу әлеуметтік көмек төлеуді тоқтату және келесі 6 айда АӘК тағайындаудан бас тарту үшін негіз саналады;
— табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа толған балаларының әрқайсысына 1,5 АЕК (5538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.
Айыппұл түрлері пайда болды және оған қанша төлейміз?
Биыл әдеттегідей айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) мөлшері өсті. 1 АЕК – 3932 теңге. Осылайша 2025 жылдың алғашқы күнінен бастап құқық бұзушылар үшін қиындау болайын деп тұр. Өйткені ел естімеген айыппұлдың түрлері пайда болып, олардың құнына таңғалмасқа болмас. Солардың біразына тоқталайық.
Рәміздерді қорлау. Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті, яғни теңге көлемінде есептейтін болсақ, ол – 11 796 000.
Кіреберісте «қоқыс дорбаны» қалдыру. Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырса Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл арқалайды. 20 АЕК – 78 640 теңге, 30 АЕК – 117 960 теңге.
Шулап, тыныштықты бұзу. Қазақстанның заңы бойынша кешкі сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулап, тыныштықты бұзуға болмайды. Осындай ережені сақтамай, тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), егер бір жыл ішінде қайталанса, 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл төлейді. Сонымен қатар кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (78 640 – 589 800 теңге) айыппұл қарастырылған.
Түкіру. Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл белгіленді. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК айыппұл төлеуі тиіс, ол – 39 320 теңгеге тең.
Көлік жүргізгенде телефон пайдаланып, белбеу тақпау. Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпауы және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады, яғни ол 19 660 теңге.
Құжатсыз көлік жүргізу. Егер жүргізу құқығы жоқ жүргізуші көлікті басқарса, 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ көлікті басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.
Автобуста жолақы төлемеу. Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте қатынып, жолақы төлемейтін жолаушыларға 2 АЕК, яғни 7 864 теңге көлемеінде айыппұл көзделген. Ал көлік жүргізушісі жолаушыларды билетсіз алып жүрсе, оған 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.
Кәмелетке толмаған балалардың түнде жүруі. Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына 3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдері 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл төлеуі тиіс. Ойын-сауық мекемесінің иелері де айыппұл арқалайды. Оның мөлшері – 10-нан 100 АЕК аралығында (39 320 және 393 200 теңге).
Жаяу жүргіншілер жолды кесіп өтуі. Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзатын болса, айыппұл 10 АЕК-ке (39 320 теңге) дейін өседі.
Жылдамдықты асыру. Көлік жылдамдығын асырғаны келесі айыппұлдар нақтыланған:
— сағатына 10-20 шақырымға асырса, 5 АЕК (19 660 теңге);
— сағатына 20-40 шақырымға асырса, 10 АЕК (39 320 теңге);
— сағатына 40 шақырымға асырса, 20 АЕК (78 640 теңге).
Сондай-ақ әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде осы жылдамдықтарды қайталанса, онда 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл төлейді.
Қоғамдық орында балағат сөз айту. 2023 жылғы наурыз айынан бастап заң бойынша қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға жаза нақтыланған болатын. Оның айыппұл мөлшері – 20 АЕК. Биылғы есептеу бойынша ол 78 640 теңге болып тұр. Сонымен қатар бұл айыппұлдың орнына 30 тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған.
Тағы бір айта кетерлігі, ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл төлейді.
Декларацияны кімдер тапсырады?
Осы уақытқа дейін жалпыға бірдей декларацияны 2025 жылы барлық қазақстандық тапсырады деп жоспарланған. Алайда халық алаңдаушылық білдірген соң, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев декларацияға қатысты мәселені тағы пысықтауды міндеттеді.
Ел Президентінің тапсырмасынан кейін мемлекеттік органдар базасы барынша цифрландырылып, шоттар бойынша дерек алмасуы реттелді. Жеке тұлғалардың активтері туралы барлық ақпарат билікте бар. Енді 2025 жылы табысы туралы есепті 8 миллион халықтың бәрі тапсырмайды. Тек қана жеке кәсіпкерлер, құны 70 миллион теңгеден асатын мүлікті сатып алған мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ өзге мемлекетте мүлкі немесе шетелдік банкте қаржысы бар азаматтар ғана тапсыруы тиіс.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Ақпараттар ресми дереккөздерден алынды.