Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп. Дегенмен артта қалған уақытқа шегініс жасап, ой түйіп, санаға сілкініс жасау артық етпес. Еліміз үшін 2023 жыл талай тосын оқиғаларымен есте қалғаны сөзсіз. Жағымды жаңалықтары да жоқ емес. Жыл басында саяси жүйе жаңарып, 19 наурызда Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Нәтижесінде мажоритарлық-пропорционалды аралас жүйе бойынша үміткерлер ел сенімінен шығып, халықтың үмітін ақтау үшін Парламентке жайғасты. Бұл – саяси сахнада орын алған дүйім жұрттың есіндегі басты жаңалық.
Мемлекеттің мерейін асырған ақжолтай ақпараттың бірі – Қазақстан халқының саны 14 қарашада 20 миллионнан асуы. Бұл деректі Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді. Қазақстанның 20 миллионыншы азаматтары бір мезетте бес бірдей өңірде – Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келіпті.
Өткен жылы есте қалған айшықты оқиғалардың қатарында табиғи апаттар мен жер астындағы жарылыстарды айтуға болады. Адам шығыны болып, қаншама отбасы жақындарынан айырылды.
Әрине, тізбектеп жаза берсек, көңілге медеу болатын және жаныңды жабырқататын жаңалықтар жетіп артылады. Өткен істің ізі суымаса да, келешектің кемел боларына сенім артқанымыз жөн болар. Осы ретте алдын ала жарияланған ресми ақпараттарға сүйене отырып, 2024 жылы қандай өзгерістер болатынын тізбектеуді шештік.
БІРҚАТАР САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖАЛАҚЫСЫ ӨСЕДІ
2024 жылдан бастап кейбір сала қызметкерлерінің табысы артады деген ресми ақпарат бар. Бұрын мәлім болғандай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырған еді. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді екен.
Дәл осы мақсатта 3,5 трлн теңге бөлінбек. Бұл жайында Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып, ҚР Парламентінің Мәжілісінде «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Ол халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 трлн. теңге көзделіп отырғанын атап өтті.
Сонымен Үкімет мүшесі сөз еткен қомақты қаржының арқасында қай мамандық иелерінің еңбекақысы көтерілмек. Соған тоқталып өтейік.
Тәрбиеші, ғалым, әскери, журналист, орманшы…
2024 жылы елімізде балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджеттен 96 миллиард теңге қарастырылмақ. Ал 242 миллиард теңге ғылымды дамытуға бағытталмақ. Бұл дегеніміз 616 жетекші қазақстандық ғалымның жалақыларының көбеюіне ықпал етеді.
Сонымен қатар, азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілердің жекелеген санаттары мен жоғары әскери оқу орындары оқытушыларының жалақысы көтеріледі деген жоспар бар.
Мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қызметкерлердің айлық табысы артады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов хабарлады. Мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істейтін журналистердің 2024 және 2025 жылдары жалақысы көбейеді. 2024 жылы 30 пайызға, ал, 2025 жылы 20 пайызға табыстары артады.
Жоғарыда аталғандардан бөлек, осы жылдан бастап мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 миллиард теңге көзделіп отыр.
Су саласында еңбек ететіндер…
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен санағанда 25%-ға артады. Қазіргі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі тиісті шараларды дайындау үстінде. Аталған сала өкілдерінің табысы артатыны жайлы ведомство басшысы ресми мәлімдеді.
Кеншілерге көмек…
2024 жылда қауіпті өндіріс орындарында қызмет ететіндер әлеуметтік төлем алады. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көлемінде беріледі. Кеншілердің жалақысы да өсуі мүмкін. Ең төменгі жалақы 300-400 мың теңге шамасында болады.
ЗЕЙНЕТАҚЫ, ЖАЛАҚЫ КӨРСЕТКІШТЕРІ ӨЗГЕРЕДІ
«2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына сәйкес өзгерістер келесідей: ең төменгі жалақы – 85 мың теңге, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы – 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш – 3 692 теңге. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін күнкөріс минимумы 43 407 теңгені құрайды.
Ең төменгі жалақының өсуі жалақысы төмен жұмысшыларға әсер ететіні анық. Сондай-ақ жалақы деңгейлерін белгілеу кезінде ең төменгі жалақы көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер басқа санаттағы жұмыскерлердің жалақысын санатаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қайта қарауы тиіс. Соған байланысты әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жұмысшының, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджеттік қызметкердің ақшалай кірісі артады.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖАРНАЛАРЫНДА ӨЗГЕРІС
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) өз қаражаты есебінен 2024 жыл мен 2028 жыл аралығында кезең-кезеңімен 1,5%-дан 5%-ға дейін жұмыскерлерінің пайдасына аудару жоспарлануда. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етілетін болады.
Бұл шара қазақстандықтардың жас буынын қолдауға бағытталған. Олардың зейнетақы мөлшері зейнетақы аударымдарына тікелей байланысты болады. Зейнетақысы үш компоненттен, яғни мемлекеттен базалық зейнетақы, жинақтаушы зейнетақы – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударымдар есебінен және шартты-жинақтаушы зейнетақы – жұмыс берушілердің жарналары есебінен құралады.
ДЕКЛАРАЦИЯ НАУҚАНЫ БАСТАЛАДЫ
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемді қолдану мерзімі аяқталады. Сонымен қатар, осы жылдың алғашқы айынан бастап жалпыға бірдей декларациялау науқанының үшінші кезеңі басталады. Соның аясында активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті.
Декларация көлеңкелі экономиканы жоюға бағытталған.
«ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА»
2024 жылы 200 мыңнан астам бала 18 жасқа толып, «Ұлттық қор – балаларға» жобасынан өз қаражатын шешіп алуға мүмкіндіктері бар. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Қаржы министрлігі Бюджеттік кредиттеу, ҚР Ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаменті директоры Айбол Арғынғазин мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда келер жылы қаражатын шешіп ала алатын азаматтар жайлы деректер қаралып жатыр.
Нақтырақ айтқанда, 2024 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Соған сәйкес Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қордағы қаражат доллармен сақталады және осы валюта түрінде беріледі.
Айта кету керек, Ұлттық қордан балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылған қаражатты болашақта тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуына жұмсауға болады. Тұрғын үй сатып алуға немесе жақсартуға Қазақстан аумағында ғана рұқсат етілген, ал білім алу үшін шетелдік оқу орнында оқуға мүмкіндік бар. Бала 18 жасқа толғанға дейін есепке жазылған қаражат Ұлттық қорда болады және Ұлттық банк қаржы құралдарына инвестициялауды жалғастырады. Шотта жинақталған қаражатты балалар 18 жасқа толғаннан кейін ғана пайдалануға мүмкіндік беріледі. Алайда балалар азаматтықты өзгерткен жағдайда бұл құқығынан айырылады.
КӨЛІКТЕРІ ГАЗБЕН ЖҮРЕТІНДЕРГЕ АРНАЛҒАН ЕРЕЖЕ
2024 жылдан бастап газ жабдығы бар көліктерде арнайы сәйкестендіру белгісі болуы тиіс. Бұл өзгеріс Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы ережелерінде болды. Леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар, сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы қажет. Сондай-ақ бұл белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлік оңай танылатындай етіп орнатылуы тиіс. Бұл газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.
ЖӘРДЕМАҚЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ
Бала туғаны үшін берілетін жәрдемақы мөлшері келесіндей болады: бірінші, екінші және үшінші бала туғанда – 38 АЕК. 2023 жылы 131 100 теңге болса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 140 296 теңге болады. Төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК. Яғни, 2023 жылы 217 350 теңге болса, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 232 596 теңге.
Айта кетейік, әлеуметтік аударымдарды есептеу деңгейінің шекті шамасы да артады. Сонымен бірге, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік және асыраушысынан айырылу бойынша тағайындалған әлеуметтік төлемдер де 7%-ға өседі.
ЖАҢА ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА
Елімізде 2024 жылдан бастап «9-20-25» деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен баспанаға ие болу мүмкіндігі бар.
Аталған бағдарламының сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Іске асыруға 100 млрд теңге қаржы бөлінеді.
КӨЛІКТІ САҚТАНДЫРУ БАҒАСЫ ӨЗГЕРЕДІ
Жаңа жылда елдегі автокөліктерді сақтандыру құнына өзгеріс енгізіледі. Енді автокөлікті сақтандыру бағасы өңірге қарай бекітіледі. Компаниялар жылына бір мәрте сақтандыру құнын түзетіп отыруға құқылы.
Көліктің жылдамдығын сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК құрайды. Өткен жылы 17250 теңге болса, 2024 жылы 18460 теңге болады.
Дайындаған Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Ақпараттар ресми дереккөздерден және тиісті министрліктің сайтынан алынды.