Өткен жылдың 12 айына көз тастасақ, елдің есінде қалған елеулі оқиғалар жетіп артылады. Сан саланы қамтыған жаһандық жаңалықтардан бөлек, республика көлемінде орын алған талай толымды істер жүзеге асырылды. Қоғамның қызу талқысында жүрген мәселелер де көптің назарынан тыс қалмағанын тағы айтуға болады.
Жалпы алғанда, Доңыз жылына айтар өкпеміз шамалы. Алдағы 2020 жылды тек жақсылыққа балап, тәуелсіз елдің тыныштығы сақталатын оңды өзгерістер күтеміз.
Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылдың соңына дейін еліміз бойынша түрлі саланы қамтитын өзгерістердің жобалары қамтылып, олардың бірқатары министрліктердің тарапынан көпшілікке таныстырылған болатын. Ендеше, келіп жеткен жаңа жылдың қарсаңында осынау айтулы да айшықты өзгерістердің ең бастыларын оқырман назарына ұсынсақ дейміз.
2020 жылдың басты жағымды жаңалығы – көп балалы отбасыларға табысына қарамастан төленетін жаңа мемлекеттік жәрдемақы. Нақты айтқанда, кәмелетке толмаған төрт және одан да көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент атанған балалары бар отбасылар жәрдемақының осы түрін ала алады. Мемлекет тарапынан төленетін бұл қаржылай көмек бала санына байланысты төмендегідей сарапталады:
• Төрт балаға – 42 500 тг;
• Бес балаға – 53 125 тг;
• Алты балаға – 63 750 тг;
• Жеті және одан да көп балаға – 74 375 тг.
Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті алу жүйесі өзгереді. Енді АӘК бұрынғыдай алты немесе 12 айға емес, тоқсан сайын төленеді. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, онда АӘК бүкіл отбасына тоқтатылады. Сондай-ақ, АӘК алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Нақты түсіндірсек, ол былай: мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағы оқушыларға тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу құралдары беріледі және күнделікті мектепке барып-келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі.
2020 жылдағы тағы бір көңіл қуантарлық өзгерістердің бірі – жалақының өсуі. 1 шілдеден бастап бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы 30%-ға өссе, осы жылдың 1 қаңтарынан мұғалімдер қауымының жалақысы 25%-ға, мәдениет саласында қызмет ететіндердің айлық табысы 35-50% шамасы аралығында жоғарылайды. Ал, әлеуметтік саланың мамандары 30-60%-ға көтерілетін жалақы алуы мүмкін.
Студенттер үшін қуанышты хабар – 2020 жылда өсетін шәкіртақы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылының жабылу салтанаты мен Волонтер жылының ашылуы қарсаңында 1 қаңтардан бастап студенттердің шәкіртақысы 25%-ға көтерілетінін айтқан. Оның ішінде бакалавриат, магистратура және докторантура білімгерлерінің барлығы да қамтылған.
Осы жылдан бастап кейбір азаматтарға несие берілмейді. Заң шеңберіндегі жаңа талапқа сүйенсек, айлық табысы күнкөріс деңгейінен, яғни, 31 183 теңгеден төмен табатын азаматтар өз атына несие рәсімдей алмайды. Сондай-ақ, жұмыссыздар да несие рәсімдей алмайды. Өйткені банктен қарыз алу үшін соңғы 3-12 айдағы ресми табысты көрсету қажет. Оған қоса, банктерге азаматтардың несие бойынша берешегі 90 күннен асып кеткен жағдайда, үстемақы есептеуге тыйым салынды.
2020 жылдан бастап кімдер табыс салығынан босатылады? Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, осы жылдан бастап арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықтан үш жылға босатылады.
Бензин бағасының өсуі жаңа жылдың жаңалығы деуге болады. 1 қаңтардан бастап бензин акцизі екі есеге дейін көтеріледі, яғни, тоннасына 10 500 теңгеден 24 435 теңгеге дейін. Ол дегеніміз бензин бағасына әсер ететінін білдіреді. Сонымен, енді бензин бағасы литріне 10 теңге көлемінде өседі. Бір литр үшін акциз 8 теңгеден 18 теңгеге дейін өзгереді.
2020 жылы паспорт пен жеке куәлік қымбаттайды. Паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге; жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге. Ал, жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.
Егер азамат жеке куәлікті ауыстыруға уақтылы өтініш бермесе, онда оған 7 АЕК немесе 18 557 теңге айыппұл салынады.
Негізінде, құжаттарды алу мерзімі – 15 күн. Егер қосымша ақы төлесе, құжаттарды жедел алуға болады.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін:
• Жеделдіктің І санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
• Жеделдіктің ІІ санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыс орталықтары үшін:
• Жеделдіктің І санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
• Жеделдіктің ІІсанаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.
Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:
• Жеделдіктің ІІІ санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.
Жаңа жылдың аясында зейнетақыда, күнкөріс мөлшерінің деңгейінде және айлық есептік көрсеткіште (АЕК) аздаған өзгерістер болады. 2019 жылы ең төменгі зейнетақы 36 108 теңге болса, 2020 жылы 38 636 теңгеге жетеді. Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдан бастап қазақстандықтардың зейнетақысы инфляция деңгейіне қарай көтеріледі.
• ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге;
• ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
• айлық есептік көрсеткіш – 2 651 теңге.
2020 жылы елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі іске қосылады. Елімізде енді емделушілерді қабылдау мен ем-домын жүргізу жаңаша түрде болады. Мемлекет өз тарапынан МӘМС аясында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтайды. Сонымен қатар, 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар медициналық сақтандыру қорына жарна аударуға міндеттеледі:
• жұмыс берушілер үшін – жалақы қорының 2%-і;
• жұмысшылар үшін – еңбекақының 1%-і;
• жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке практикамен айналысатын тұлғалар – 1,4 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і;
• азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтіндер – табысының 1%-і;
• өздігінен төлеушілер – 1 ЕТЖ-нің (ең төменгі жалақы) 5%-і.
Әзірлеген Дидар МУХАМАДИЕВ.