Мемлекеттік рәміздер — белгілі бір елдің өзіндік өмір салтын, тіршілік болмысын, арман-мұратын, көршілес елдермен қатынасын білдіретін ерекше белгілер. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстан Республикасының Елтаңбасы, Туы, Әнұраны әлемдік рәміздер каталогына еніп, халықаралық қауымдастықта мойындалды.
Елтаңба — елдіктің, тәуелсіздіктің, мемлекеттіліктің ерекше белгісі, неміс тілінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасында айтылады. Қазақ жерінде алғашқы мемлекеттік бірлестіктер қашан пайда болса, елтаңбалар тарихы да сол кезеңнен басталады. Басқаша айтқанда, елтаңба тарихы — бұл мемлекеттің тарихы. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кез келген мемлекеттің Елтаңбасы өзіндік ерекшелігімен бір елді екінші елден ажыратып тұрады. Айталық, ерте темір дәуіріндегі сақ тайпалары өзгелерден «тамға» аталатын тотем белгісі арқылы бөлініп тұрған. Тамға — ерекше белгі, қасиетті рәміз, мөр дегенді білдіреді. Б.з.б. V ғасырдағы Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» киімі 4 мыңға жуық әшекеймен безендірілсе, сол әшекейлер барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін беретін «аңдар стилінде» жасалған. Көк Туымыздағы ою-өрнекті «қошқар мүйіз» де осыдан шыққан. Елтаңбаға «Алтын адамның» бас киіміндегі екі жаққа қараған мүйізді қанатты пырақты аттар негіз етіп алынды.
1991 жылы егемендігімізді жарияладық. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. «Өшкеніміз жанып, өлгеніміз қайта тірілгендей» күй кештік. Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстарын қолға алдық, батыл қадамдар жасадық.
1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шықты. Соған сәйкес арнайы комиссия құрылып, оның құрамында С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов және т.б. лауазым иелері болды. Сондай-ақ, Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына конкурс жарияланады. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты қыл қалам шеберлері, сазгерлер мен, ақындар қатысқан.
Мысалы, Мемлекеттік Тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылса, Мемлекеттік Елтаңба бойынша 245 жоба жасалған, ал Мемлекеттік Әнұранның іріктеу конкурсына 750 жоба жіберілген. Мемлекеттік рәміздердің тағы бір маңызды нышаны — еліміздің рухани тұтастығын білдіретін Әнұранымыз.
Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992; 2006). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал, оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Сегіз жылдан кейін 2000 жылы 9 мамырда Елбасы Н.Ә. Назарбаев Әнұранымызды өзгерту қажеттігін қадап айтты және Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Нәтижесінде 2006 жылы қаңтарда «Менің Қазақстаным» Әнұран ретінде ресми бекітілді.
Оның әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов болды. Бұл әннің тарихы 1956 жылдан басталады. Тың игеру жылдарында марш сарынында дүниеге келген, қазақтың рухын көтеру, намысын ояту мақсатында жазылған. «Менің Қазақстаным» 1986 жылдың желтоқсанында да жаңғырды.
Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда ҚР Президенті —Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі ерекше болды. Ол осы әннің сөзіне бүгінгі еліміздің мақсат-мұратын айқындайтын түзетулер енгізіп, бірлескен авторлардың қатарын толықтырды.
Мемлекеттік рәміздеріміз бүгінде шартарапқа кеңінен танылды. Қазақ Елін әлем жұртшылығы мойындады. Біздің Көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының ғимараты алдында тұр, Қазақстан Республикасының шетелдердегі Елшіліктері ғимаратының маңдайшаларына тігілген. Қазақтың Көк Туын ғарышкер Талғат Мұсабаев көк аспанда самғатты, әлемдік спорт додаларында еліміздің олимпиада жеңімпаздары Әнұранымызбен бірге Көк Туымызды биікке көтерді. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш!
«National Digital History» порталынан ықшамдалып алынды.