Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова сайлауалдындағы үгіт-насихат науқанында 12 облыста болды. Ол Астана, Шымкент және Алматы қалаларында, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында тұрғындармен, халықтың әртүрлі топтарымен кездесу өткізді.
АСТАНА
21 қазанда кандидаттың штабында ұйымдастыру комитетінің отырысы өтті. Қатысушылар дайындық жұмысындағы жағдайды, сондай-ақ алдағы жоспарларды талқылады.
22 қазанда Республикалық штабтың ресми ашылуы өтті. Республикалық штабқа бейнебайланыс арқылы аймақтық бөлімшелер қосылды. Кездесу барысында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мәселелері, алдағы жоспарлар, сондай-ақ кандидаттың сайлауалды бағдарламасы талқыланды.
23 қазанда кандидаттың өзі Астана қаласының көшелеріне өзінің алғашқы үгіт-насихат плакатын жапсыру үшін шыққан болатын. Осылайша, ел астанасы мен өңірлерінде штаб командалары іске қосылды.
24 қазанда кандидат құқық қорғаушылармен кездесті. Салтанат Тұрсынбекова нашақорлық, құмар ойындар мен маскүнемдік, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен сыбайлас жемқорлық сияқты мәселелердің кең етек жаюына жол беруге болмайтынын айтты.
25 қазанда ол Республика күніне арналған челлендж аясында қолына еліміздің туын көтеріп, жүгірді.
ҚАРАҒАНДЫ
26 қазанда кандидат сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында аймақтарды аралауды бастады. Алғашқы өңір Қарағанды облысы болды.
Қарағандыда кандидат құқық қорғаушылармен, заңгерлермен, түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында кандидат өзінің телефон нөмірін көпшілікке жариялады. Халық мүгедектердің мәселесіне, саяси өзгерістер қажеттігіне шағымданып, оның өлім жазасына деген көзқарасын сұрады.
Одан кейін үміткер Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығында болды.
КӨКШЕТАУ
27 қазан күні құқық қорғаушы көпсалалы облыстық ауруханада болып, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің мәселелерін тыңдады. Медицина қызметкерлерімен кездесуде Тұрсынбекова дәрігерлердің қателіктерін декриминизациялау туралы айтты. Медициналық мекемелерді қаржыландырудың аздығы да дәрігерлерді алаңдатып отыр.
Сол күні президенттікке үміткер Салтанат Тұрсынбекова «Шанс» дағдарыс орталығында болды. Құқық қорғаушы әйелдерді үмітін үзбеуге және берілмеуге – өздері және балалары үшін соңына дейін күресуге шақырды.
АСТАНА
28 қазанда Салтанат Тұрсынбекова елордада көп балалы аналармен кездесті. Көп балалы отбасылардың бәріне белгілі қиын қаржылық жағдай, баспана мәселесі және балаларды оқытуды ұйымдастыру, қарыз жүктемесі мәселелерін көтерді.
29 қазанда Тұрсынбекова жекеменшік жануарларға арналған панаханада болып, жануарларға қамқорлық жасау керектігін айтты.
Мұнда мына мәселелер көтерілді:
- Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы 2021 жылы қабылданған заң жұмыс істемейді;
- Үйсіз жануарларға арналған қоғамдық питомниктер іс жүзінде жоқ;
- Жануарларға жанашырлықпен қарау;
- Қаржыландырудың тапшылығы;
- Жануарларға қайырымдылықтың жеткіліксіздігі.
ШЫМКЕНТ
Үміткер 31 қазанда Шымкентте тігін фабрикасының 250 жұмысшысымен әңгімелесіп, жұмыс істейтін әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін көтерді. Жұмысшылар табыс теңсіздігіне шағымданды.
Содан кейін ол қалалық адвокаттар алқасымен кездесті. Адвокаттар атышулы істерді жариялайтын журналистердің әділетсіз соттары мен қысымына наразы. Кандидат өз бағдарламасында бірінші бағыт ретінде сот-құқықтық реформаны ерекше атап өткенін еске салды.
Кейінірек үміткер 2017 жылы өзінің «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының арқасында құрылған отбасын қолдау қызметіне барды.
ТҮРКІСТАН
Тұрсынбекова 1 қарашада Түркістан облысында болды. Мұнда ол ең алдымен 1100-ге жуық адам еңбек ететін Кентау трансформатор зауытында болды. Халық бағаның өсуіне, табыстың төмендігіне шағымданып, үміткерге зейнет жасын төмендету туралы ұсынысына алғыстарын білдірді.
Үміткер сол күні Түркістан қаласындағы «Шапағат» мүмкіндігі шексіз адамдар қоғамдастығының «Ғиззат» мотивациялық орталығында болды. Тұрғындар жұмысқа орналасудағы қиындықтарға, жәрдемақылардың төмендігіне, оңалту машиналарын патенттей алмай жүргендеріне шағымданды.
АЛМАТЫ
3-6 қараша аралығында Салтанат Тұрсынбекова Алматыда түрлі кездесулер өткізді: тұтынушылардың құқықтарын, зияткерлік меншікті қорғау мәселелері бойынша азаматтармен, қалалық құқық қорғаушылармен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен, сондай-ақ «Родник» дағдарыс орталығының басшысымен кездесті.
Сонымен қатар, үміткер «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, Желтоқсан оқиғасы құрбандарын еске алды.
ҚОСТАНАЙ
8 қарашада Салтанат Тұрсынбекова Қостанай қаласында бірнеше кездесу өткізді. Ең алдымен №4 емханаға барды. Емхана қызметкерлері жалақының аздығы мен кадр тапшылығы мәселелерін ортаға салса, емделушілер дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына және ауруханаға жазылудағы қиындықтарға шағымданды.
Одан кейін кандидат құқық қорғаушылармен және заңгерлермен кездесу өткізді. Онда ол елдегі басшылық лауазымдардағы әйелдер өкілдігінің төмендігі туралы, сондай-ақ партиялық тізімде әйелдердің немесе жастардың кем дегенде 30% болуы керек деген квотамен келіспеушілік туралы айтты.
АҚТАУ
Тұрсынбекова 13 қараша күні Ақтау қаласындағы жалғызбасты аналармен кездесу өткізді. Құқық қорғаушы онда ер-азаматтардың алименттен жалтару мәселесін көтерді. Кандидат айтқандай, жалғызбасты аналар «алимент сұрап, бұрынғы күйеуі мен бірге тұратын адамдардың соңынан жүгірмеуі» керек.
Сол күні үміткер Yessenov University оқытушыларымен, студенттерімен және түлектерімен кездесіп, ауыл жастарына жағдай жасау қажеттігін айтты.
АТЫРАУ
14 қарашада Салтанат Тұрсынбекова Қазақстандағы ана мен бала өлімі тақырыбына арналған жиын өткізді. Кездесу Атырауда өтті.
Кандидат ана мен бала өлімінің деңгейі еліміздің бүкіл медицинасының дамуын сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі екенін атап өтті. «Әрбір әйел мен сәбидің өмірі үшін күресу керек», деп есептейді Тұрсынбекова.
ӨСКЕМЕН
15 қарашада Салтанат Тұрсынбекова еліміздің шығысында болды.
Алғашқы кездесу жергілікті экология саласының белсенділермен өтті. Тұрсынбекованың айтуынша, ауаның ластануы бойынша Өскемен, Риддер және Зырян қалалары әрқашан алдыңғы қатарда тұрады. Атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көзі 370-тен астам кәсіпорыннан шығатын қалдықтар болып табылады.
Кейін Тұрсынбекова құқық қорғаушылармен кездесіп, олармен мектептегі буллинг тақырыбын талқылады. Қазақстандағы ЮНФПА мәліметі бойынша, елде балалардың 63%-ы зорлық-зомбылық пен кемсітушілікке куә болған, 44%-ы құрбаны болған және 24%-ы мектепте басқа балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік әрекеттерін жасаған.
ПАВЛОДАР
16 қарашада үміткер есірткі тұтынушылары мен нашақорларға арналған орталыққа барды. Құқық қорғаушы қарапайым мектеп оқушыларының есірткі «жеткізуші» болып жұмыс істейтінін айыптады.
Үміткердің айтуынша, тәуелділікті жеңген адамдардың қоғамдастығын құру маңызды. Әкімдіктер оларға жан-жақты қолдау көрсетіп, көмек беруі керек. Қоғамның белсенді өкілдері қылмыскер мен нашақорды ажырату үшін құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс істеу керек.
ПЕТРОПАВЛ
Үміткер 17 қарашада Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында болды, онда сыбайлас жемқорлықпен күрес және билікті десакрализациялау қажеттігі туралы мәселелер көтерілді. Одан кейін Иван Зенченко атындағы сүт зауытының жұмысшыларымен әңгімелесіп, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.
Еліміздің 12 облысын аралаған Салтанат Тұрсынбекова Штаб ұжымымен бірге 16 мың шақырымнан астам жолды жүріп өтті.