Өткен аптада, арнайы құрылған комиссияның шешімімен, 14 қарасайлық кәсіпкер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 АЕК айлық есептік көрсеткіш бойынша, яғни, 583 400 теңге көлемінде берілетін қайтарымсыз грантқа ие болды.
Жүргізіп отырған кәсібін ұлғайтуға немесе енді ғана өз ісін бастағысы келетін адамдарға бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетілуде. нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 200 АЕК айлық есептік көрсеткіш бойынша берілетін грант та осы бағыттағы жұмыстарға арналған. Ел азаматтарының кәсіптік біліктіліктерін арттыра отырып, жұмыс таппай жүргендерге өз ісін ашуға көмектесу мақсатында ойластырылған бағдарлама қатысушыларына 200 АЕК (1 АЕК – 2917 тг), яғни, биылғы көрсеткіш бойынша 583 400 теңге көлеміндегі қаржы өтеусіз және қайтарымсыз негізінде беріледі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл мемлекет тарапынан берілетін гранттың жеңімпаздарын арнайы құралған комиссия мүшелері ғана анықтайды. Өткен аптаның бейсенбісі күні осындай комиссияның отырысы өтіп, онда биылғы жылғы бағдарламаға қатысушылар өздерінің бизнес-жобаларын қорғады. Айта кетейік, арнайы комиссия мүшелері жұмыспен қамту орталығы, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, кәсіпкерлер бөлімі, «Атамекен» ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен құралған.
Жиынында жедел тағамдар жасайтын, әртүрлі кондитерлік өнімдер пісіру, тігін ісі, мал және құс шаруашылығы, гелиймен үрленген шарларды сату және сплитерлі блок шығару сияқты кәсіп түрлерімен айналысатын 17 қарасайлық кәсіпкер өздерінің жобаларын егжей-тегжейлі таныстырды. Әр бизнес-жоспардың артықшылықтары мен кемшіліктерін саралай келе комиссия мүшелері үміткерлердің 14-інің бизнес-жобасын лайықты деп танып, оларға қайтарымсыз грант арқылы өз істерін жүргізуге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, 200 АЕК (1 АЕК – 2917 тг), яғни, биылғы көрсеткіш бойынша 583 400 теңге көлемінде өтеусіз және қайтарымсыз негізінде берілетін грант арқылы өткен жылдың өзінде ауданымыздың 67 тұрғыны өз жұмыстарын бастап, бүгінде кәсіптерін дөңгелетуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.