Егемен еліміз үшін азаттығымызды айқындайтын ең қастерлі де ұлық мереке болып табылатын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне 30 жыл толуымен қатар, ағымдағы жылдың 6 желтоқсанында Қазақстанның прокуратура органдары да өзінің 30 жылдық мерекесін атап өтпекші.
30 жылдың ішінде прокуратура Қазақстанның құқық қорғау жүйесіндегі орталық институтының бірегейіне айналды.
Прокуратура өзінің функциясын атқару барысында еліміздегі құқық тәртібі мен заңдылықтың қамтамасыз етілуіне жоғары қадағалау жүргізуді жүзеге асырып, мемлекеттің сенімді тірегіне айналды.
Осынау Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан өзінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік қауымдастықта зор беделге ие болды.
Азаттықтың таңы атып, күні шыққалы да 30 жыл уақыт өтіпті. Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында азаттықты армандап кеткен ата-бабаларымыздың арманы орындалып, тәуелсіздікке қолымыз жетті.
Тәуелсіздік қазақ елі тарихының жаңа беттерін ашты. Тәулсіздігіміздің тұғыры бекіп, еліміздің еңсесін көтеру барысында талай-талай ауқымды істер атқарылғаны анық. Біздер осы жылдар аясында барымызға қанағат, жоғымызға салауат айтып талай-талай қиын-қыстау күндерді басымыздан кешірдік. Осынау мерейтойға жетуіміз – еліміздегі бейбітшіліктің, келісім мен жасампаздықтың жемісі. Біздің ұлтымыздың маңдайына біткен бағы да, көзінің қарашығындай сақтайтын басты құндылығы да – Тәуелсіздігіміз.
Ал енді осы тәуелсіздігіміз жайлы айтқанда күні кеше ғана болған желтоқсанның қанды қырғынын айтпай кете алмаймыз. Бүгінде жалпақ елге белгілі болғандай Қазақстан тарихында желтоқсан оқиғасының оқиғасы маңызды орын алады. Себебі, ол біріншіден, жылдар бойы Орталықтың шылбырына байланған тағдырымызды жаңа арнаға бұрудың алғашқы әрекеті болды. Екіншіден, Орталықтың «өзім білемін» деген өктемдігіне алғаш рет қауқарсыз болса да қарсылықтың белгісі еді. Сонымен бірге ол мызғымас Кеңес Одағының ыдырауына әкелген одақтас республикалардың ішіндегі алғашқы қарсылық болды. Егер бүгінгі күні кешегі 15 одақтас республикалардың барлығы да өз қолдары өз ауыздарына жетіп тәуелсіздігін алған болса, олар сөз жоқ қазақстандық желтоқсаншыларға саяси тұрғыда қарыздар екендіктерін білуге тиіс. Иә, осыдан соң мұндай бас көтерулер ұлт республикаларының әр жерлерінде жалғасып жатты. Намыс пен жігерге суарылған қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі – қанды қырғынмен аяқталса да жаңа дәуірдің басы болды. Уақыт өтер, жара жазылар. Бірақ, біздер ел жастарының еркіндікке, теңдікке, тәуелсіздікке ұмтылған қадамын ұмытпауға тиіспіз. Желтоқсан оқиғасы – тозған, тоқыраған империялық қоғамның алтын күрек желі, сананы сілкіген, көзімізді жаңа дүниеге ашқан ұлы қозғалыс болды. Оны бүгінгі өміріміз растай алады. Біз қазір ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Ал осы тәуелсіздігімізді баянды ету тек өзіміздің қолымызда екені белгілі жайт. Сол үшін елдің рухын көтеріп, отансүйгіштік сезімді нығайту тәуелсіз мемлекетіміз үшін ерекше маңызды мәселелердің бірі де бірегейі болып табылмақ.
Осынау қас пен көздің арасындай ғана сәт біздің қаз-қаз тұрған жас мемлекетіміз үшін кемелдікке ұмтылған, ізденістерге толы жылдар болды. Осы уақыт аралығында Елбасымыздың сындарлы саясатының, керемет көрегендігінің арқасында қарыштап дамып, алға басудамыз. Қазақ елі осы отыз жылдың ішінде биік-биік белестерді бағындырды деп айтсақ ешқандай әбестігі жоқ. Тындырған істеріміз қомақты, ауыз толтырып айтарлықтай.
Бүгінде әлем елдерінің біздің елге деген сүйіспеншіліктері ерекше. Қазақ елінің қонақжай көңіліне, дархан даладай пейіліне, ынтымағы жарасқан, татулығы айрандай ұйыған сан ұлтты халқымызға, еліміздегі тыныштық пен берекеге таңдана да, таңқала да қарайтыны көңілімізге қуаныш сыйлайды. Осы отыз жыл ішінде Қазақстан өзінің жетістіктерімен әлем елдерін мойындатты. Бұл күнде әлемнің озық дамыған елдерінің ортасынан өз орнын ойып алғалы отырған қазақ елі тек қана қазақтың ғана емес, сонымен қатар, жүзден астам ұлыстың басын қосқан құтты мекен, ыстық ұя. Әлеуметтік келісім барысында сүттей ұйып отырған еліміздің өрісі малға, қамбасы дәнге, отбасы жанға толы болсын, тыныштық пен береке орнаған елімізге көз тимесін деп тілейміз.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған әр жылғы Жолдаулары көкірегінде қазақтың қаны ойнаған, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі басым әрбір азаматты Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға шақырады. Бір сөзбен айтқанда патриоттық сезімге жетелейді.
Ел тәуелсіздігінің отыз жылдық мерейтойына тартуымыз – әрдайым жауапкершілікті абыроймен орындау. Қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа, заң бұзушылыққа қарсы табанды күрес жүргізу біздің басты міндетіміз. Сондықтан да әрбір жаңа бастаманы қолдауға, оны орындауда жүктелген міндеттерді жүзеге асыруда белсенділік танытуға, оған ұйымшылдықпен атсалысуға тиіспіз. Елдігіміз бен ұйымшылдығымызға, бірлігіміз бен тірлігімізге нұқсан келтірмейтін таза жолмен жүріп, еңбегімізбен өз үлесімізді қоссақ ұлт болашағының жарты жолда қалмайтыны, тәуелсіздігіміздің мәңгілік болатыны, жарқын келешегіміздің кемеліне келіп, шығатын тауымыздың биік болатыны анық. Мемлекетіміздің әлемдік өркениетті елдердің қатарына қосылуы үшін әрқайсымыз да ерінбей еңбек етіп, тәуелсіз еліміз үшін өз үлесімізді қосуға тиіспіз. Жарқын жетістіктерді ары қарай жалғастыра беру, өсе беру, өркендей беру – біздің басты мұратымызға айналуы керек.
Ел тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты ұлы құндылықтар ғана мәңгі. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз – тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік! Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінері сөзсіз! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін.
Енді Қазақстан прокуратурасы тарихының қалыптасуына сәл шегініс жасасақ.
Қазақстан Республикасы прокура-турасының қалыптасуы мен даму кезеңдері туралы айтар болсақ, жалпы прокуратура қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті. Оның тарихын маңызды үш кезеңге бөліп айтуға болады.
Қазақстан прокуратурасының алғашқы қалыптасуы мен дамуы 1922 жылдың 13 шілдесіндегі Қазақстан Орталық Атқару Комитеті 3-ші сессиясының 2-ші шақырылымының шешімінен бастау алады, содан кейін Әділет халық комиссариатының құрамында мемлекеттік прокуратура органы құрылды. Соған сәйкес Әділет халық комиссары республика прокурорының міндетін қоса атқарды. Осы сессияда «Прокурорлық қадағалау туралы ереже» бекітілді.
Прокуратура дамуының екінші кезеңі – 1933 жылы оның өкілеттігі барынша кеңейе түсті. Әділет халық комиссары жанында прокуратура басқармасы құрылып, дербестікке қол жеткізді. Оның тарихында тұңғыш рет прокурордың міндеттері Әділет халық комиссарынан бөлінді.
1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО өзінің жаңа Конституциясын қабылдады. Бұл оқиға республика үшін тарихи маңызға ие болды, соңынан Қазақстан автономиялы республикадан одақтық республикаға айналып, КСРО-ның құрамындағы тең құқықты мемлекет болды. Қазақстан 1937 жылы өзінің алғашқы Конституциясын қабылдады. Сол сәттен, прокуратураның дамуы мен нығаюының үшінші кезеңі басталды, яғни, осы жылдың 11-ші қарашасынан бастап Әділет халық комиссариатынан прокуратура түбегейлі бөлініп, республикадағы құқық қорғау органдарының дербес құрылымы ретінде жұмыс жасай бастады. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры С.Есқараев болды. Республика прокуратурасы тікелей КСРО-ның прокурорына бағынатын болды. Прокуратураға мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық және жеке меншік ұйымдардың іс-әрекетінің заңдылығына, сонымен қатар жеке адамдардың, тергеу органдары, анықтау және тағы басқа да органдардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру жүктелді.
Қазақстан прокуратурасы туралы әңгіме барысында өзіміз қызмет етіп отырған Алматы облысы прокуратурасы жөнінде де айта кеткеніміз жөн сияқты. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аймақтық құрылымы болып табылатын Алматы облысының прокуратурасы КСРО прокуратурасы өзінің дамуындағы екінші кезеңге қадам басқан 1933 жылдың 28-ші ақпанында құрылған. Жетісу жеріндегі заңдылықтардың орындалуын қадағалау сынды аса жауапты мемлекеттік міндет жүктелген Алматы облысы прокуратурасының алғашқы құрылған жылында ол қадағалайтын аумақта 22 аудан болған. Алайда, 1936 жылы облыс прокуратурасының құрамынан Шұбартау, Аягөз, Мақаншы, Үржар, Лепсі, Шет, Қоңырат аудандары мен Семей қаласы бөлініп шығарылып, басқа облыстың құрамына енді.
Прокурорлық қадағалаудың одан әрі дамуы және прокуратура органдары жүйесін реформалау кезеңі Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін алған сәтінен басталды. 1991 жылдың 6-шы желтоқсанында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ КСР прокуратурасы органдарының бірыңғай жүйесін құру, оның дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» Қаулысымен Қазақ КСР-ның Бас Прокурорына бағынатын бірыңғай прокуратура органдарының жүйесі құрылды. Қазіргі кезде 6 желтоқсан Қазақстан прокуратурасы күні болып аталып өтуде.
Елбасына ғана есеп беретін және Республика аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтары мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуына жоғары қадағалауды жүзеге асыратын прокуратура органдары адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының берік сақталуы, мемлекеттің мәртебесіне көлеңке түспеуі мен мүддесінің қорғалуы сынды аса мыңызды міндеттерді жүзеге асырудың құқықтық тетігі (құралы) болып табылады. Прокуратура заңдылықтың кез-келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық келтіреді. Прокуратура органдары өз өкілеттігін ҚР Конституциясы мен заңдарында көрсетілген нормаларға сәйкес жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Конституцияның 83-бабына сәйкес, прокуратура мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғалары жол берген заң бұзушылықтарды анықтауды күшейтіп, орын алған кемшіліктерді заңда қаралған тұрғыда жоюға ықпал етеді, оның ішінде атқару және сот биліктерінің заңсыз актілеріне наразылық келтіріп, сондай-ақ, қолданыстағы заңдар мен Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарын орындамау фактілерін қалт жібермейді. Елбасы өзінің Қазақстан хылқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында құқық қорғау органдарының жаңа заман талабына сай қызметтік міндеттеріне енгізетін өзгерістерін де айрықша атап өтіп, олардың ең басында қоғам мен адам мүддесін, құқықтарын қорғау тұрғанын қадай айтып келеді. Заманның дамуымен бірге прокуратура қызметі де өмір өрнегіне сай өркендеп келеді. Мемлекет басшысының Жарлығына сай құқық қорғау органдарына жүргізіліп жатқан реформадан прокуратура да тысқары қалған жоқ. Халық атынан сөз алған Елбасы прокуратураның құзыретін одан ары күшейтіп, оның заңдылықтардың орындалуын қадағалаудағы міндетінің мәртебесін арттыра түсті.
Осыларға қарап отырып, біздер – прокуратура органының қызметкерлері, өзімізге жүктелген міндеттің мәртебесі мен маңыздылығын іштей сезіне отырып, оны орындаудағы жауапкершілік жүгін әрдайым биік ұстауға тырысамыз.
Қазақстан прокуратурасының ғасырға жуық тарихын, оның қалыптасу және даму кезеңдерін зерттеу – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Заңдылықтың сақталуын қорғауда өзіндік үлес қосып келе жатқан прокуратура тарихының шертер сыры әлі де аз емес.
Бүгінде егеменді еліміз – қазақ жерін мекендеген бүкіл ел-жұрт бейбіт өмір аясында ынтымақпен тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатыр. Жұдырықтай жұмылған қазақ елі өздерінің жарасымды береке-бірлігін көздерінің қарашығындай сақтап, алда тұрған Ұлы мақсат – «Мәңгілік Елге» бет алдық. Татулықты ту еткен ел-жұрттың Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын бір кісідей қолдап, оны жүзеге асыру үшін белсене атсалысып келе жатқандығы айқын. Өйткені, біздің ел қандай биікке көтерілсе де, қандай жетістікке қол жеткізсе де оған тек елдің ынтымағы мен татулығының арқасында ғана қол жеткізіп келеді.
Бұл ата-бабамыздан келе жатқан «Бірлігі күшті ел озады» деген сөздің растығын дәлелдейді. Бәріміз де бір мақсатпен бір мүддені қолға алып іргелі ел атанып, барлығына да қол жеткізетіндігіміз ақиқат. Тәуелсіздігіміз әрқашан тұғырлы болсын!
Ғалымжан СӘРСЕНОВ,
Алматы облысы Қарасай ауданының
прокуроры.