Ауданның сыртқы бейнесі тартымды болуы үшін оның барлық аумағын ретке келтіріп, көшелерінде көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізіп, саябақтар мен демалыс орындарын жүйелі түрде абаттандырып отырудың маңызы айрықша. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен елімізде 2024 жылы бастау алған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жақсы септігін тигізуде.
Аталған шара азаматтар арасында, оның ішінде қоғам қайраткерлері, пікір көшбасшылары мен өңірдің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері, тұрғындар тарапынан кең қолдауға ие болып, аудан аумағында күнделікті тазалық жұмыстары қолға алынуда.
Мәселен, сәуір айы басталғалы ауданда 45 000 адамның қатысуымен және 81 бірлік техниканың жұмылдыруымен жалпы саны 121 іс-шара ұйымдастырылды. Сол жұмыстардың нәтижесінде 590 тонна қоқыс шығарылып, 1800 түп ағаш отырғызылып, 150 гектар аумақ тазартылды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан бойынша ақпараттық-түсіндіру және насихат жұмыстары да жүргізіліп, аталған тақырыпта 19 жарнамалық маңдайша орналастырылған.
Өткен аптаның демалыс күндері де Қарасай жұрты үшін аумақты абаттандыру, аққайың мен терек көшеттері отырғызудан басталды. Атап айтқанда, сенбі күні Қаскелең қаласының Абылайхан көшесінің бойында аудан әкімі Жасұлан Естеновтің қатысуымен экоакция ұйымдастырылды. Одан бөлек Әйтей ауылдық округіндегі «Өмірзақ» ықшам ауданындағы бұлақтың жағалауы мен аумағы қоқыстан тазартылып, Достық, Наурыз, Жамбыл, Ашекеев секілді округтің орталық көшелерінде тазалық жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ Әйтей округіне қарасты Үштерек, Еңбекші, Құмарал ауылының да орталық көшелері қоқыстан тазаланды.
Ал Шамалған ауылдық округінде ұйымдастырылған сенбілік аясында әкімдік ғимараттың алдында аудандық мәслихат депутаты Ардақ Бакишевтың демеушілігімен көшеттер отырғызылды.
Іргелі ауылдық округіндегі Кемертоған ауылының аумағынан ағып өтетін Қарағайлы өзенінің бойы толықтай қоқыстан, сондай-ақ сынған және қураған ағаш бұтақтарынан тазартылды.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына ауданның дін қызметкерлері де белсенді атсалысты. Мысалы, «Түркістан» мешітінің өкілдері аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инпекциясы мен ішкі саясат бөлімдерімен бірлесе көгалдандыру шарасын ұйымдастырды. Оның барысында қайың мен төзімді, күтімді көп қажет етпейтін қарағаш секілді жиырмадан астам ағаш отырғызылды.
Сенбілік жұмыстары Жібек жолы ауылдық округінде де жүргізіліп, аула аумақтары қоқыстан тазартылды. Сондай-ақ талдар мен гүлдер егіліп, айнала көгалдандырылды.
Алдағы уақытта да аудан аумағында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы сенбілік жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

