Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қоғам талқысында жүрген, өте өзекті болып табылатын әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды. Бұдан былай әйелді ұру қылмыс болып саналады. Осыны нәзік жандыларға күш көрсететін еркек қауымы ұмытпаған жөн.
Аталған заңға қатысты Мемлекет басшысы осы уақытқа дейін талай бастама көтергені белгілі. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісі үшін жазаны таңдатуды тапсырып, өзінің талай үндеулерінде қадап айтып отыратын. Енді, міне Сенатта мақұлдаған Заңға Президентіміз қол қойды.
Президент қабылдаған заңның қоғамдық-құқықтық маңызы бар екені айқын. Бұл біздің елімізде шынайы демократияның көрінісін көрсетеді. Яғни, әйел құқығының қорғалуы өте орынды деп есептеймін. Президент қабылдаған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқықбұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді.
Мемлекеттік құжат адамның қадір-қасиетін тануға, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын жалпыға бірдей құрметтеуге және сақтауға бағытталған. Ол отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында ұрып-соғу мен денсаулыққа қасақана зиян келтіруді қылмыстық жауапкершілікке тартады. Осыны ұмытпаған жөн.
Заңда енгізілген түзетулердің тағы бір бағыты балалардың құқықтық санасын қалыптастыруға арналған. Кәмелетке толмағандарды қорқыту және киббербулинг үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді.
Жаңа заңнама балалар мен әйелдерге қарсы қауіпті қылмыс жасаған адамдар үшін тиісті жазаларды белгілейді. Бұл мұндай қылмыстың алдын алып, санын азайтуға ықпал етері анық.
Келешекте аталған заңды іске асырудың тиімділігі құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-тың және оған немқұрайлы қарамайтын азаматтардың іс-әрекетіне байланысты болмақ.
Илимдар КАМИЛОВ,
Қарасай аудандық «АХЫСКА» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы, заңгер.