Қарасай ауданында өндірістік өнеркәсіп орындарымен ерекшеленетін бір мекен болса, ол – Елтай ауылдық округі. Мұнда 27 мыңдай халық шоғырланған. Құрамында Береке, Елтай, Қаратөбе, Исаев, Ақсеңгір, Көкөзек, Көктоған, Жармұхамбет, 71 разъезд деп аталатын ауылдары мен 10 саяжайы бар.
Елтай ауылдық округінде өткен жылы талай нәтижелі істер жүзеге асырылды. Мәселен, «Келешек мектептері» жобасы аясында бір емес, екі білім ошағы бой көтерді. Олардың бірі – Елтай ауылында, екіншісі Көкөзек елді мекенінде орналасқан. Одан бөлек басқа да салаға қатысты біраз жұмыстар атқарылып, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыра түсті. Осы бастамалардың бәрі осыдан бір апта бұрын аудан әкімі Жасұлан Естеновтің Елтай ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесу барысында баяндалды.
Алдымен аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы бұл округтің Қарасай жерінде алар орны айрықша екенін атап өтті. Себебі ірі өнеркәсіптердің көбісі осында орналасқандықтан, салықтың түсімі бойынша көрсеткіштері әдеттегідей ауыз толтырып айтарлықтай.
Ал атқарылған жұмыстарға келер болсақ, былтыр Елтай ауылдық округі бойынша әр салада оңды өзгерістер орын алды. Көктоған мен Ақсеңгір ауылдарында мемлекеттік-жекешелік серіктестік аясында медициналық мекемелер ашылды. Енді, міне, жақын арада Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілмек.
Қаратөбеліктердің тағы бір қуанышы – ауыз су жүйесінің тартылуы. Алайда бұл жоба жүзеге асырылып қойғанмен, пайдалануға берілуі күні бүгінге дейін тежелуде. Ал жергілікті халық оған қатысты шағымдарын жасыра алмады. Бірақ бұл жобаның жағымды жаңалыққа айналуына жетер күн де алыс емес. Қазіргі уақытта соңғы кезеңдегі аз уақытты талап ететін ішкі жұмыстары реттелуде.
Айта кетейік, дәл осындай ауыз су мәселесі Елтай мен Жармұхамбет ауылдарында да шешімін таппақ. Оның тиісті қаржысы бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмысы жүргізілуде.
Спорт саласы бойынша да тұрғындарды жақсы жаңалық күтіп тұр. Көкөзек ауылына стадион салынады. Жер телімі бөлініп, жобалау-сметалық құжаттамасы дайын тұр және оның бюджетттік өтінімі беріліп қойған.
Электр энергиясының тапшылығы – бірнеше ауылдың өзекті мәселесі. Оны біржақты шешу мақсатында ауданға қарасты 14 елді мекеннің электр жүйелерін жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама әзерленіп, 4,6 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды. Осы 14 ауылдың ішінде Елтай ауылдық округіне қарасты Береке, Жармұхамбет және Көкөзек елді мекендері де бар.
Тағы бір айта кетерлігі, Жармұхамбетте «Индустральная» қосалқы стансасы салыну жоспарда тұр. Бұл ауқымды жоба ауылдың ғана емес, бүкіл аудандағы энергия тапшылығын реттейді.
Есептік жиында округ халқы аудан әкімінен көшелердің жағдайына назар аударуын сұрады. Бұл ретте аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы осы жылы Елтай ауылдық округі бойынша үш елді мекеннің жалпы төрт көшесіне орташа жөндеу, біреуіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті. Атап айтқанда, Жармұхамбет ауылында мектептің алдындағы көше және Береке ауылындағы тұрғын үйлерге баратын жолдың бойы орташа жөндеуден өтеді. Ал Көкөзектегі Мерей көшесіне құм-тас төсеу маусым айына жоспарланса, Майбұлақ пен Ақтанберді көшелерінің орташа жөндеуі осы жылдың соңына дейін аяқталады.
Осындай ең маңызды жұмыстардың жай-жапсарын аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы ауыл халқына баяндап, тұрғындар тарапынан айтылған біраз сұраққа жауап берді. Олардың көбісі жоғарыда атап өткендей, жүзеге асып жатқан жұмыстармен байланысты болды.
Сонымен қатар қаратөбеліктердің біразы ауылдарында ауыз су жүйесінің құбырлары тартылғандықтан, жолдардың бүлінуін алға тартып, оның қашан жөнделетінін сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, мердігер мекеме өзіне тиісті міндетті орындағаннан кейін бәрін қалпына келтіруі тиіс. Осы мақсатта жауапты сала мамандары компанияның жұмысын жіті қадағалауда.
Елтай ауылдық округі бойынша бейнебақылау камераларының іске қосылмай тұруы да көпшіліктің талқылауында болды. Жергілікті халықтаң шағымына сүйенсек, құрылғылар орнатылғанымен, оның қосылуы қашанға дейін созылмақ. Бұл мәселе бойынша жергілікті полиция қызметінің өкілі жауап берді. Айтуынша, камералардың барлығы бір жүйеге негізделуі тиіс. Қазір осы бағытта жұмыстар атқарылуда. Жоспар бойынша осы жылдың мамыр айында барлық бейнебақылау камерасы іске қосылады.
Бұл жиын барысында, әдеттегідей, басқа округтерде талқыланып жатқан саяжайлар мен қаңғыбас иттерге қатысты мәселелер де айтылды. Бірі бау-бақша серіктестіктеріндегі инфрақұрылымға көңіл бөлінбей жатқанын жеткізсе, екіншісі төрт аяқты жануардың көптігіне шағымданды. Аудан әкімі осы айтылғандардың әрбіріне тоқталып, мәселе бір күнде шешілмейтінін алға тартты. Саяжайлардың даму барысы ауылдық статусты алумен байланысты екенін түсіндірді. Ал иесі жоқ бос жүрген иттердің жағдайы алдағы уақытта облыстық ветеринария басқармасының шешіміне байланысты болмақ. Өйткені осы уақытқа дейін иттерді аулаумен жеке кәсіпкерлік айналысқандықан және олармен жасасқан келісімшарт аяқталғандықтан, қазіргі уақытта бұл мәселе қайтадан өзекті болып тұр. Оны шешу жолдары алдағы күндері белгілі болады.
Жиын соңында ауданның Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Орынбасар Жанәділ көпшіліктің алдында сөз сөйлеп, ауылдың ахуалына аудан әкімі ғана емес, тұрғындар да алаңдаушылық білдіру керек екенін түсіндірді. Айтуынша, бүгінгі таңда бір емес, 10 мектебі бар округтің қазіргі жағдайы бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Сөз соңында елді мекеннің ішкі проблемасын жергілікті әкімдікпен бірлесе шешуге шақырып, аудан басшысының атқарып жатқан жұмысына ризашылығын білдірді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ