Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Түркістан» газетіне берген сұқбатынан мемлекетіміздің дамуы жолында атқарылып жатқан және жүзеге асатын талай жұмыстан хабардар болдым.
Шынын айту керек, Президентіміз өркениетті ел болу жолында аянбай еңбек етіп, талай бастамаларға себепші болып келеді. Ол өз сөзінде былтырғы экономикалық көрсеткіштің жаман емес екенін айтып, алдағы уақытта одан асып түсу міндеті тұрғанын нақтылады. Бұл істердің нәтижелі болатынына сенім білдіремін.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әр салада жаңғыру мен жаңару барын жеткізіп, халықтың әл-ауқаты үшін барлық шара қабылданып жатқанын айтты. Әрине, қазірдің өзінде тұрғындардың өмір сүру сапасы жаман дей алмаймыз. Басқа елдермен салыстырғанда қазақстандықтардың татулықпен ғұмыр кешіп, бір шаңырақ астында мәз-мейрам, алаңсыз күй кешуінің өзі жағдайымыздың бірқалыпты екенін айқындайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұқбатытында әр сала бойынша реформаның тиімді жақтарын сөз етіп, әділетті ел болу тұрғысында бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. Біз бәріміз ел болып, шынына келгенде, адал мемлекет жолында еңбек етуіміз керек деп ойлаймын. Саяси өзгерістерге қоғам болып пікір білдіріп, жаңа дәуірге бет алуымыз қажет. Ал бұл тұрғыда Президенттің пайымды пәрмені бізге бағыт-бағдар болады деп есептеймін.
Сондықтан Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдіріп, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, татулықта, бірлікте күш біріктіріп, Қазақстанның гүлденуі үшін аянбай еңбек етуден жалықпайық. Еліміздің егемендігі мәңгілік болсын.
Илимдар КАМИЛОВ,
«Ахыска» түрік этномәдени орталығының Қарасай ауданындағы филиалының төрағасы.

