Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр жылдың басында мерзімді баспасөзге сұқбат беруі дәстүрге айналып келеді. Биыл ол ұмыт қалмай, ел Президентінің «Түркістан» газетіне кең көлемді әңгімесі шықты. Сөз басында ол алдымен газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің басында тұрғанын айтып, қоғамды елең етерлік жаңалықты оқымай, мән-мағынаға толы ақпарат оқуға шақырды.
Бұл өте құптарлық бастама деп ойлаймын. Әлеужелідегі дәйексіз, дәлелсіз алып-қашпа әңгімелерден гөрі сауаттылыққа үндейтін газетке мән берген жөн болар.
Қасым-Жомарт Тоқаев сұқбат барысында өткен жылға қысқаша шолу жасап, алда атқарылатын жұмыстардың жай-жапсарына тоқталды. Айтуынша, 2025 жыл Қазақстан үшін жаман болмады. Экономикамыз 6 пайыздан асып, ішкі өніміміз 300 миллиард доллар болатын нәтижеге жеткен. Десе де түйіні тарқатылмаған түйіткелдер аз емес екенін де жасырмады. Сол үшін тынымсыз еңбек етуді одан әрі жалғастыруды алға тартты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Салық кодексі, экономикалық реформалар, ауыл шаруашылығы, коммуналдық, көлік және логистика сияқты маңызды салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның айналасындағы бастамалардың тиімді тұстарын сөз етті.
Жасанды интеллект тақырыбы да тыс қалмады. Президенттің сөзінше, еліміз цифрлық державаға айналуы керек. Осы мақсатта барлық мүмкіндікті пайдаланып, алпауыт мемлекеттермен иық тіресу қажет.
Президенттің бұл бастамасы өте орынды деп санаймын. Расымен, технология қарыштап дамып жатқанда оның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, болашаққа нық қадам басқанымыз дұрыс.
Қасым-Жомарт Кемелұлы, сонымен қатар сөз арасында жастарға сенім білдіріп, олардың ой-пікірімен санасу керек екенін айтты. Өскелең ұрпақ бүгінгі жағдайға арман-қиялмен емес, шынайы көзқараспен қарауды жөн санады.
Бұл да құптарлық, пайымды пікір деп білемін. Жастар қоғамның қозғаушы күші болғандықтан, оларға үміт пен сенім басымырақ. Бұл тұрғыда қариялар да жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақыл-кеңестерін айтудан жалықпайды. Біз де осы бағытта жұмысымызды жүйелі түрде жалғастыратын боламыз.
Еліміздің болашағы жарқын болып, Мемлекет басшысының бастамалары нәрлі, нәтижелі түрде жүзеге асуына тілекшіміз.
Азиза НАИМБАЕВА,
Қарасай ауданы Аналар кеңесінің төрағасы.

