2004 жылдан бастап бүкіл әлемде Біріккен Ұлттар Ұйымы белгіленген халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аталып өтіледі. Бұл бастама жемқорлық індеті мемлекеттік ұйымдарға деген сенімге нұқсан келтіретінін, медициналық көмектің сапасын төмендететінін, ғылым мен білімнің дамуына кедергі келтіретінін еске салуға бағытталған қадам болатын.
Аптаның сейсенбісі күні осы маңызды күн аясында аудандық Мәдениет үйінде қала және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, мектеп директорлары және олардың орынбасарлары, аурухана және полиция секілді мекеме қызметкерлері қатысқан ауқымды жиын өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек төрағалық еткен басқосуда алғы сөз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Нұрсұлтан Сейдалиевке берілді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы Заңнамасының маңыздылығы мен міндетін сөз етті. Департамент басшысының айтуынша, аталмыш Заңнаманың негізгі мақсаты сыбайлас жемқорлық бұзушылықтардың туындауына жол бермейтін тиімді алдын алу шаралардың жүйесін құру болып табылады. Бұл жүйе мемлекеттік қызметшілердің табыстары мен мүлкіне бақылау орнатуды, мемлекеттік органдардың ашықтығымен айқындығын қамтамасыз етуді, сондай-ақ қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
Жалпы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мәселен, ақпараттық-түсіндіру кездесулері, тренингтер, семинарлар, ашық диолог алаңы, сондай-ақ жастар мемлекеттік қызметтеуге арналған білім беру бағдарламалары бар. Ағымдағы жылдың қырқүйек айынан бастап Мемлекет басшысы осы бағыттағы құзыреттілікті департаментке бергелі бүгінгі күнге дейін Алматы облысы бойынша 5 мыңға жуық адамның қатысуымен 47 сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде Қарасай ауданында 2 мың адамның қатысуымен 32 іс-шара өткізілді.
Одан бөлек Нұрсұлтан Сейдалиевтің мәлімдеуінше, дәл осы күні Астана қаласында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен білім беру жүйесінде академиялық адалдық ілгерілету жөнінде ауқымды республикалық форум өтті. Оның барысында өзге мәселелермен қатар бүгінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жоғарғы оқу орындарында жүргізіліп жатқан арнайы сабақтарды алдағы уақытта орта мектеп мекемелерінің білім беру жүйесіне қосу мәселелесі талқыланған. Бұл өз кезегінде жастар арасында ертеден жақсы мәдениетті қалыптастыруға көмек болады.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлнар Молдамсеитова да айтып өтті. Оның сөзінше, 2025 жылы Қарасай ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыру мақсатында аудандық ішкі саясат бөлімі арқылы бюджеттен 3 869 000 теңге бөлінді. Аталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру құқығын конкурстық негізде «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігі жеңіп алды. Нәтижесінде ағымдағы жылы аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Жетісу жастары ұйымының Конгресі» жастар қоғамдық бірлестігі бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер арасында сыбайлас жемқорлық тақырыбында эссе жазу байқауын өткізді. Байқауға 5-11 сынып оқушылары мен колледж студенттерінен 100-ден астам шығарма қабылданып, қатысушылар «Адалдық – адамдықтың белгісі», «Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ», «Адал ұрпақ – жарқын болашақ» тақырыптарында өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты кең көлемді ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізілді. Алты күн ішінде ауылдық округтер мен аудандық, қалалық мекемелерді қамтып, жалпы 600 адам тартылған 20 кездесу өткізілді. Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында қосымша 15 кездесу ұйымдастырылып, оған 450 адам қатысты.
Мұнан бөлек осы жұмыстар аясында желтоқсан айында мемлекеттік қызметшілер арасында топтық зияткерлік ойын ұйымдастырылып, жеңімпаздарға 150 000, 100 000 және 70 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлықтар табысталмақ. Сондай-ақ оқушылар арасында тақырыптық дебаттар өткізу жоспарда бар. Оның жүлде қоры 300 000 теңгені құрайды. Бұл шаралар жастар мен қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған ұжымдық жауапкершілікті күшейтуді көздейді.
Алдағы уақытта да аудандық ішкі саясат бөлімі ашықтық қағидаттарын, этикалық нормаларды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат талаптарын қатаң сақтай отырып, өз жұмысын жетілдіруді жалғастыратын болады.
Бөлім басшысынан кейін сөз кезегі «Қазақ психологтар» қоғамының мүшесі, республикалық дәрежедегі тренер, әйелдер мен балалар істері жөніндегі One Stop Service – Бір қадам орталығының практик-психологі, психолог-медаль иегері, «Human rights lawyers» қоғамдық қордың психологі Жеңісгүл Хабаеваға берілді. Психология маманы мотивациялық семинар мен тренинг өткізіп, мемлекеттік қызметкерлердің этикалық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру бойынша практикалық кеңестер берді.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан Нұрсұлтан Сейдалиевке сұрақтар қойылды. Бұл ашық диалог үшін жақсы мүмкіндік болды, оның барысында пайымды пікірлер мен ұсыныстар ескерілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

