Осыдан бір апта бұрын «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалында депутаттық фракция отырысы өтті. Оған Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және фракция мүшелері қатысты. Ал жиынды филиал төрағасы Қаныбек Айтжанов жүргізді.
Жиынның күн тәртібіне сәйкес, «AMANAT» партиясының Қарасай ауданы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөніндегі Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлының ІІ жартыжылдық бойынша есебі тыңдалды. Одан кейін фракцияға тиісті жұмыстар айтылып, талқыға салынды.
Аудан басшысы Жасұлан Естенов баяндама барысында алдымен «AMANAT» партиясының облыс бойынша 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы негізінде бекітілген Жол картасында аудан көлемінде 2025 жылға 66 іс-шараның шешілуі көзделгенін айтты. Айтуынша, бүгінгі таңда оның 55-і толықтай орындалса, 8-і жүзеге асырылуда, ал үшеуі белгілі себептерге байланысты ағымдағы жылы орындалмайды. Десе де барлық жоспарланған іс-шара уақытылы әрі сапалы орындалуы бақылауға алынған.
Сондай-ақ аудан әкімі осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ауданымыздың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері болып саналатын өнеркәсіп өндірісі 620,8 млрд. теңгеге жеткенін мәлімдеді. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2%-ға артық орындалғанын білдіреді. Одан бөлек биыл 202,8 млрд.теңгеге инвестиция тартылған. Ал бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер 136,5 млрд. теңгені құрап отыр, бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,1 млрд. теңгеге артқанын көрсетуде.
Жоғарыда атап өткендей, «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы негізінде бекітілген Жол картасы бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңіл қуантарлықтай. Бұл жайында аудан әкімі Жасұлан Естенов кеңінен тоқталды.
– Жол картасының 3-ші тармағын іске асыру мақсатында Қарасай ауданында жаңа инвесторларды тарту бағытында белсенді жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде 10-ға жуық ірі жоба іске қосылып, шамамен 2300 жаңа жұмыс орыны ашылды, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Ал Жол картасының кейбір тармақтары бойынша денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстарға келсек, қазіргі таңда ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта Абай, Үштерек ауылдарында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулаториялар мен Қаратөбе ауылында 15 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жүргізілуде. Бұл жобалардың аяқталуы ағымдағы жылдың соңына жоспарланған. Бұдан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік аясында «NOVA INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен Көктоған және Ақсеңгір ауылдарында отбасылық денсаулық орталықтары қолданысқа берілді.
Сонымен қатар, Қарасай ауданының клиникалық көп бейінді орталық ауруханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында басталды, аяқталуы 2026 жылдың желтоқсан айына жоспарлануда. Қазіргі уақытта Қаскелең қаласында заманауи перинаталды орталық пен күн сайын 500 келушіге арналған көпсалалы емхана құрылысына қатысты жобалар қолға алынуда.
Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы, сонымен қатар маңызды саланың бірі – білім жүйесінде атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Әсіресе, үш ауысымды мектептердің саны 12-ден 1-ге дейін азайғанын айтып, бұл мәселе оңтайлы шешіліп жатқанын мәлімдеді.
Жалпы айтқанда, аудан басшысы Ж.Естенов өз сөзінде Жол картасында белгіленген іс-шараларды жүзеге асыру жіті назарда екенін айтты. Ал атқарылған жұмыстар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп жатқанын түсіндірді.
Фракция отырысының соңында мәслихат депутаттары өздерінің сайланған округтері бойынша толғандырған мәселелерін аудан әкіміне жеткізді. Жасұлан Тоққожаұлы әрбіріне жеке тоқталып, қай-қайсы болса да заң аясында шешілетінін мәлімдеді. Ал халықтың сұранысына байланысты ұсыныстар мен өтініштер үнемі ескерілетінін айтып, нәтижелі жұмыстар жалғаса бермек.
Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің баяндамасынан кейін фракция жетекшісі Қаныбек Құлжабайұлы фракцияның жұмысына тоқталды. Оның барысында депутаттарға бірқатар міндет жүктелді.
Өз тілшіміз.

