Ана құрсағындағы сәби дені сау болып дүниеге есігін ашса, ал анасы аман-есен жаны қалса, міне, сонда акушердің кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Ал мұндай жауапкершілікті арқалап, осы мамандықты таңдауға келгенде көбінің жүрегі дауаламайды. Сондықтан медицина саласында осы жолды таңдаған аяулы жандардың еңбегін ерекше бағалап, ізгі ілтипат таныту нағыз құрметтің белгісі деп білеміз.
Қиындығы мен қызығы қатар жүретін акушер деген абыройлы жұмысты жанына серік еткен дәрігердің бірі – Клара Ережепова. Білікті маман бүгінгі таңда Қарасай аудандық перзентханаға қарасты әйелдерге кеңес беру бөлімшесінде еңбек етеді.
Ол 1970 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келгенімен, ес білгелі осы Қарасай жерінде тұрып келеді. Отбасында Гүлнар есімді әпкесімен апалы-сіңлілі болып, әкесі Мұрат пен анасы Ләззаттың сенімді қос қанатына айналған.
Клара Ережепова 1987 жылы Қаскелең қаласындағы М.Горький атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы бірден Алматы қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсті. Осында білім алып жүріп, алғаш еңбек жолын бастап, Алматы облыстық балалар ауруханасына жұмысқа тұрды.
Мұнда бірнеше жыл еңбек етіп, Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетке оқуға тапсырды. Аталған оқу ордасында «химия және биология» мамандығында білім алып, оны аяқтаған соң Қарасай ауданына қарасты бірнеше мектепте мұғалім, директордың орынбасары сынды лауазымдарда қызмет атқарды.
10 жылдай білім ошағында еңбек еткеннен кейін өзінің бағын медицина саласына сынап көру үшін 2000 жылы Қарасай аудандық перзентханаға қарасты әйелдерге кеңес беру бөлімшесіне жұмысқа орналасты. Міне, сол кезден қазіргі уақытқа дейін табан аудармай жоғары санатты акушер болып еңбек етіп келеді.
Клара Мұратқызы жұмыс істейтін бөлімшенің негізгі міндеті – аналардың алғаш құрсағына бала біткеннен бастап босанғанға дейін жағдайын бақылауға алу. Одан кейін ай-күні таяғанда перзентхананың босандыру бөлімшесіне аманаттап табыстайды. Алайда осы аралықта білікті медицина мамандары жүкті әйелдердің көңіл-күйіне алаңдап, психологиялық тұрғыдан көмек көрсетеді. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын үнемі бақылауда ұстап, сәбидің аман-есен дүниеге келуіне жауапты болады.
Ал осындай қырағылық қызметтің бәрі Клара Ережеповаға жүктелген жауапкершіліктің бірі екенін айрықша атап өту керек. Ол әрдайым аналармен бірге қуанып, бірге мұңайып, қуанышты сәттерін әрдайым бірге бөліседі. Сол үшін оның елеулі еңбегіне, табысты табандылығына әйелдер қауымының айтар алғысы аз емес.
Клара Мұратқызы осындай ризашылықтан шаршауын ұмытып, ақ халатты дәрігер ретінде мамандығын әрдайым жоғары қойып келеді. Медицина жолындағы жұмысы әрдайым лайықты бағаланып, аудандық аурухананың және облыстық денсаулық басқармасының тарапынан құрметке бөленген.
Ол жұмыста қаншама аналардың жағдайына алаңдап, мейірімін төксе, өз үйінде көз қуанышына айналған қос ұлына аналық махабатын арнайды. Ұлдарының үлкені Ілияс анасы сияқты медициналық бағытты таңдап, тіс дәрігері болып қызмет етуде. Ал үйдің кенжесі Кямран жоғары оқу орнында білім алуда.
Клара Мұратқызы үнемі аяулы аналардың ризашалығына бөленіп, жақсы тілектің ортасында жүреді. Біз де ақ желеңді аяулы акушерге ізгі ниетімізді білдіріп, жұмысына толағай табыс, бақытты ғұмыр тілейміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

