Қанша уақыт өтсе де тарих таңбалаған Желтоқсан оқиғасы ешқашан ұмытылмайды. Ал оның өз бағасын алуын тағы да уақыт еншісіне қалдырудан басқа амал жоқ. Дегенмен сол бір дүмбуде атой салып, елдің егемендігі жолында басын қатерге тіккен жанкешті жандарды бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Тарих таразысына салар болсақ, 1986 жылдың 16 желтоқсанында басталған көтеріліске 30 мыңдай қазақ жастары ереуілге шыққаны белгілі. Қарусыз шеруде 8,5 мың адам ұсталып, олардың көбісі қамауға алынды. Талайы дене жарақатын алып, кейбірі, өкінішке орай соққының салдарынан қаза тапты.
Абақтыға тоғытылғандардың жағдайы оңай болған жоқ. Әрбірі тергеушілердің тасжүректігін сезініп, тағылған айып пен жаланың құрбаны болып кете жаздады. Міне, солардың бірқатары қазіргі таңда аман-есен арамызда жүр. Тарих куәгеріне айналған желтоқсаншылардың ортамыздан табылып, өткеннен сыр шертіп, бостандықтың қаншалықты бағалы екенін ұғындырып жүргені өскелең жастарға өнеге болып табылады.
Осындай қайсар жандардың біразы Қарасай жерінде де ел қатарлы ғұмыр кешуде. Солардың бірі, ауданымызға қарасты Райымбек ауылының тұрғыны – Төленбек Жақыпбаев. Ендеше, ел Тәуелсіздігі атап өтілетін осынау қастерлі күнде Төленбек аға жайлы қалам тербеп, оның өткені мен бүгінгісін, сондай-ақ Желтоқсан көтерілісі кезіндегі жүректілігін сөз етсек, артық болмас.
1959 жылы ел болып Ұлы Жеңіс күнінің 14 жылдығы тойланып жатқанда Жамбыл облысының Отар ауылында тұратын Жақыпбаевтар әулетінде Төленбек Қаржанұлы дүниеге келген. Өкінішке орай, әкесі оның 6 айлығында бақилық болды. Ал аяулы анасы Күлсін Шадиева 8 құрсақ көтергенімен, перзенттерінің көбісі өмірден ерте озған. Төленбек ағаның есінде қалған екі ағасы да, екі әпкесі де бұл фәни жалған өмірден ерте өтіп, мәңгілік сапарға аттаныпты. Бүгінде әулеттен тек бір әпкесі ғана қалған.
Төленбек Жақыпбаевтың әкесі Қаржан ақсақал атақты халық ақыны, композитор Кенен Әзірбаевтың құрдасы, жан досы болған екен. Тіпті, бала Төленбек кішкентай кезінде осындай ұлы тұлғаның шапанында ұйықтап, ержете келе атына бірге мінгесіп, ақ батасын алған. Аузы дуалы қарияның сол кездегі тәрбиесін көргеніне бүгінде ол мақтанышпен еске алуда.
Екі ұлы да 16 жасында өмірден өткендіктен, Күлсін анамыз үйдің кенжесі Төленбектің өміріне қатты алаңдаған. Оның бір жастан асқан шағында Жамбыл облысына қарасты Киров (қазіргі Кенен) ауылына қоныс аударыпты. Осылайша Төленбек Қаржанұлының балалық шағы аталған елді мекенде өтті. Ол осындағы орта мектептің табалдырығын аттап, оны 1976 жылы бітіріп, бір жылдан кейін өз еркімен әскерге кетіпті.
– Ол кезде Отан алдындағы борышыңды өтемеуді ұят деп санайтынбыз. Сондықтан қатарластарымнан қалмайын деп, әскери комиссариаттан өзім сұранып, азаматтық парызымды атқарып келуді жөн санадым. Сөйтіп, Балтық елдерінде екі жыл әскерде болып, еліме оралдым, – деп Төленбек аға жігіттік шағын еске алды.
Ол әскерден оралғаннан кейін жоғары оқу орнына түсу үшін бірнеше рет талпынған. Өйткені оның арманы құқық қорғау саласында жұмыс істеп, елге қызмет ету еді. Алайда оқу ордасына түсу кезінде сынақтан сүрініп, жолы болмады. Сөйтіп, ауылға қайтып оралып, колхозда автокөлік жүргізуші ретінде еңбек еткен. Содан бері 40 жылдан астам көлік тізгінінде болып, зейнет жасына дейін міндетін мінсіз атқарды.
Төленбек Қаржанұлының ауылда қызметі етуі көп болмады. Себебі 1983 жылы арман қуып, Алматыға келді. Алғашында әр салада жұмыс істеп, нәпақа тапты. Одан кейін осы қаланың Калинин (қазіргі Бостандық) ауданындағы «Жол пайдалану басқармасы» мекемесінде көлік жүргізуші болып жұмысқа орналасты. Осында қызмет етіп жүріп, алғаш баспанасына қол жеткізді.
Үйлі болып қуанып жүргенде Төленбек ағаның өмірінде 1986 жылы елеулі оқиға орын алды. Дәл осы жылдың желтоқсан айында, нақты айтар болсақ, 16-сы күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтың қызметінен кеткенін естіп, оның орнына Геннадий Колбиннің тағайындалғанына қазақ жастарымен бірге наразылығын білдірген. Осылайша, Алматының орталық алаңына қарай рухтанып бет алып, қарусыз бейбіт шерудің ортасынан табылды. Алайда қабағынан қар жауған әскерилердің қатігез әрекеттері оны оңдырмады. Милициялардың өрт сөндіруші техникасымен мұздай су шашқаны, талай тепкінің астына алғаны Төленбек ағаның рухты, жалынды жүрегін сөндіруге тырысты. Одан бөлек сақшылардың лақтырған мәрмәр кесектерінің бірі иегіне тиіп, қан-жоса еткені тағы бар. Десе де ол берілмеді. Керісінше, олардың ессіз әрекетін тоқтатуға бар күшін салды. Осылай әскер азаматтарымен арпалысып, алысып, жаға жыртысып жүргенде ақыры бір топ жаспен түнгі 2-нің шамасында милициялардың қолына ілігіп, абақтыға тоғытылды. Фрунзе (қазіргі Медеу) аудандық полиция бөліміне түсіп, мұндағы темір торда да тергеушілердің қорлығын көрді. Сол кезде Төленбек ағамызды қынжылтқаны – басқа-басқа қазақ милицияларының осындай арсыз әрекетке барып, өз ұлтының адамын сабағаны.
– Мені түрмеде тергегенде ойымды ашық жеткізіп, не үшін алаңға шыққанымды айттым. Алайда олар мені тыңдағысы келмеді. Аяғымды талтайтып қойып, резеңке таяқпен соққылай берді. Шамалы уақыттан кейін біз жатқан абақтыға кілең қазақ қыздарын әкеп қамады. Одан кейін солардың ішінен біреуін бөлек шығарып, офицерлердің бірі сабай жөнелді. Бір уақытта омырауын етікпен мыжғылай бастағанда шыдай алмай, әлгі милициямен алыса кеттім. Осы кезде түрмедегі басқа жастар да бас көтеріп, төбелесті. Кейін мені орыс ұлтының өкілі, басқа тергеуші полиция бөлімшесінің үшінші қабатына алып кетіп, сұрақ-жауаптың астына алды. Одан кейін ол маған жанашырлық танытып, былай деді: «Қазір астына түскенде қашып кетіп, жаңа түскен топтың арасына барып, тығылып қал. Әйтпесе, сені соттайды. Кемі 5 жыл береді. Сондықтан мені тыңда».
Дәл осылай айтқаннан кейін төменгі қабатқа түскенде бірден солай істедім. Сөйтіп, көпшілікпен бірге автобусқа тиеліп, Республика сарайының артындағы абақтыға барып қамалдық, – деп Төленбек Жақыпбаев алғаш темір торға қамалғанын әңгімелеп берді.
Желтоқсаншы ағамыз осы жерде үш тәулік бойы түнеді. Осы уақыт аралығында ол милициялардың тағы да қорлығын көрді. Бір қызығы, оның басқа азаматтармен жатқан түрмесінде тыңшы болыпты. Төленбек ағамыз оны бір қатарда тұрғанда бет-жүзінен танып қойған екен. Сөйтсе, бұл алдыңғы абақтыда көрген милициялардың бірі болған. Ал оның мақсаты – алаңға шыққан жастардың бұзақылық әрекеттерін жазып алып, әшкерелеу. Бұл жоспары толықтай іске аспапты. Өйткені үш тәуліктен кейін белсенді жастардың бәрі бір-бірлеп үйлеріне қайтарыла бастаған.
Алайда біраз күннен кейін Төленбек Қаржанұлы полиция бөлімшесіне қайта шақырылып, тергеуге алынған. Оны соттау үшін алаңда жүрген фотосы іздестіріліп, ақыры соңында табылмай, тек 15 тәулікке қамалды.
Міне, осындай қиын-қыстау жағдайларды басынан кешкен Төленбек ағамыз бүгінде егемендіктің қаншалықты бағалы, құнды екенін түсіндіруден жалыққан емес. Бір өкініштісі, ол өзінің Желтоқсан көтерілісінің зардабын көрген әрі белсенді жастардың қатырында болғанын 30 жыл бойы дәлелдеу қиынға түскен. Яғни, ақталғаны туралы бір жапырақ қағазға қол жеткізе алмаған. Дегенмен уақыт бәріне әділ ғой. 2022 жылдың 28 ақпанында Алматы қаласындағы «Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі желтоқсаншы Төленбек Жақыпбаевтың 1986 жылы көтеріліс кезіндегі фотосы табылғанын растайтын анықтама берген. Ал 2022 жылдың 4 сәуірінде Алматы қаласының прокуратурасы Алматы қаласының мемлекеттік архивінің мұрағаттық анықтамасына сәйкес, Төленбек Қаржанұлының қамалғанын анықтап, оны «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң бойынша желтоқсан құрбаны деп таныған.
Кейбіреулер үшін бұл дәлелді деректер жай ғана ақпарат болып көрінуі мүмкін. Алайда заңмен айқындалған анықтамалардың астында тарих жатқанын ұмытпауымыз керек. Желтоқсаншы жастардың мұқалмаған жігерінің арқасында, бәлкім, біз тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып отырған болармыз. Сондықтан Төленбек Жақыпбаев сияқты өр рухты, қайтпас қайсар мінезді, абырой биігіндегі азаматтарды әрдайым ардақтауымыз керек.
Бүгінгі таңда Төленбек Жақыпбаев Алмат және Сұңғат есімді ұлдарынан 8 немере сүйіп, олардың ардақты да ақылшы атасы болып отырған жайы бар. Перзенттерінің әрбірі жауапты қызметте еңбек етсе, немерелері оқуда озат атанып, өнер жолында талантын ұштап келеді. Мәселен, Нұрислам атты немересі атақты Кенен Әзірбаевтың жолын қуып, қазіргі уақытта К.Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектепте оқиды. Әнші болуды армандайтын ол қазірдің өзінде түрлі аспаптың құлағында ойнайды.
Иә, «Адам ақылымен қымбатты, ұрпағымен сымбатты» демекші, Төленбек ағамыз осындай ұрпағының қызығына куә болып, өмірлік жары Ғайни Әбдіраханқызымен ғұмырлық жолдарында қызықты да, қуанышты да бірге көріп келеді. Сондай-ақ Төленбек ағамыз зейнеткер бола тұра, ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жан болса да әлі күнге дейін еңбек етуден шаршаған емес. Жұмыс істеуді ар санамай, қазіргі уақытта ауданымыздағы газ таратумен айналысатын «Тәуекел-Н-Алгабас» компаниясында диспетчерлік міндетті атқарып келеді. Алпыстың бел ортасынан асса да әлі күнге дейін көлік тізгіндейді. Оның осындай еңбекқорлық, қайсарлық, мақсатшыл қасиеттері біраз адамға үлгі-өнеге болады деген ойдамыз. Төленбек Қаржанұлының алдағы өміріне тек жақсылық, бақытты да ғибратты ғұмыр тілейміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

