Татулықты ту еткен біздің мемлекетіміз – жүзден астам ұлт пен ұлысты береке-бірлікте біріктіріп, ырысты ынтымағын жарастырып отырған қасиетті өлке. Күллі әлемге мәдениетімізбен мақтанып, тарихымызбен таңғалдырып, азаттығымызды айқындайтын ана тілімізбен төрткүл дүниенің назарындамыз. Біздің ел, тіпті, бейбітшілігімізбен басқа елдерге үлгі болып отыр десек, артық айтқандық емес. Себебі қазақ жерін мекендеген өзге ұлт өкілімен достығымыз нығайып, жақын араласуымыз туыстыққа жалғасып, мемлекеттік тіліміз ортақ қарым-қатынас құралына айналған.
Бұрындары өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде екі сөздің басын құрап, жаттанды сөздерді айтқанда таңғала, тамсанып, іштей риза болушы едік. Қазіргі таңда ондай қазақстандықтардың саны артып, мемлекеттік тілді өз ана тіліндей еркін меңгергені анық байқалады. Ол былай тұрсын, өзіміздің қаны қазақ азаматтардан едәуір артық біледі десек, тағы қателескеніміз болмас. Өйткені олардың жүрегінде елге деген махаббаты, қазақ тіліне деген құрметі ерекше.
Ұлт пен ұлысы ұйысқан Қарасай жерінде осындай жандардың қатары аз емес. Оның ішінде мектеп қабырғасындағы өскелең ұрпақтың мемлекеттік тілді мәртебе санап, өз ана тіліндей емін-еркін тілдесуі еріксіз назарыңа ілінеді. Міне, сондай білімді жастардың бірі – Қаскелең қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Анастасия Кунгурова. Ол жайлы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай әңгіме өрбітсек, жарасымды деп ойлаймыз.
Анастасия – Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылының тумасы. Әкесі Александр мен анасы Валентина үш баланы өмірге әкелсе, Анастасия – солардың кенжесі. Евгений және Олеся атты ағасы мен әпкесіне еркелеп өскен оның бұл отбасында орны бөлек. Өзінше бір әлем деуге де болады. Өйткені ұлты орыс болғанымен, жаны да, тілі де қазаққа айналып кеткендей. Тіпті, отбасы христиан дінін ұстанса, Анастасия исламды қабылдап, мұсылман атанған. Соңғы үш жыл бойы ораза ұстап, сауапты амал жасауды әдетке айналдырған.
Еркелете айтар болсақ, Настяның мемлекеттік тілге құрметпен қарауы оның қазақ тілді байқауларда топ жаруынан-ақ білуге болады. Бүгінде ол мектебінің абыройын арттырған мақтаныш білімпаздардың біріне айналған. Ендеше, осыған кеңірек тоқталайық.
Анастасия 2015 жылы Қаскелеңдегі Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, бүгінде аталған білім ошағының үздік оқушыларының қатарында. Қазақ тілі пәніне деген қызығушылығы 3 сыныпта енді оқытыла бастаған сәттен бері оянған. Ол кезде алғаш әріп танытқан мұғалімі Зульфия Лезгиева болса, қазақ тілі мен әдебиетке деген бағыт-бағдарын нұсқаған ұстазы, қазіргі жетекшісі – Алмагүл Сейлханова.
2019-2020 оқу жылында бастауыш орыс сыныптарының арасында алғаш қазақ тілінен пәндік олимпиада өткен. Дәл осы білім жолындағы жарыста 4 сыныпта оқитын Анастасия Кунгурова мектепшілік іріктеуден топ жарып, аудандық олимпиаданың І орнын иеленген. Осылайша аудан тарихында алғаш жеңімпаз атанған оқушы деуге болады.
Настя 8 сынып оқып жүргенде олимпиаданың аудандық кезеңіне тағы қатысып, ІІ орын алса да облыстық кезеңге өткен. Өйткені І орынға қазақ сыныбының оқушысы ие болғандықтан, басымдық орыс сыныптың атынан қатысқандарға берілген. Нәтижесінде Настя қарындасымыз облыстық жарыста ІІ орынды иеленді.
Анастасия осындай жетістік жолын кейінгі екі жылда да қайталаған. Ең есте қалғаны – былтыр 10 сынып оқып жүрген кездегі білім сайысы. Бұл бәсекеде ол бір ғана ұпай айырмашылықпен Ұйғыр ауданының оқушысына жол берген екен. Ал осы облыстық олимпиада жүлдегерлерін марапаттау кезінде Настя қызымыз ІІ орын алса да республикалық кезеңге қатты құштарлық танытып, комиссияның назарына іліккен. Анығын ашып айтар болсақ, дәл осы бір сәтте Анастасияның жабырқаған көңіл-күйін Қарасай аудандық білім бөлімінің әдіскері Маржан Мәулетайқызы байқап қойып, бойындағы біліміне сенім артып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директорына Настяның бір ұпайлық айырмашылығына назар аудармай, республикалық кезеңге өтуін сұраған. Осы ретте аталған орталықтың басшысы қарасайлық оқушының сағын сындырмай, оны І орын алған Ұйғыр ауданының оқушысымен бірге ақтық сынға өткізген.
Сөйтіп, Анастасия Кунгурова қаншама жыл армандаған республикалық олимпиадаға қатысып, бүкіл өңірден «мен-мен» деген мықты оқушылардың арасынан жақсы нәтиже көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Әрине, жеңіске бірнеше қадам жетпей қалуы оның жігерін одан сайын қайрай түсті. Бәрібір Настяның ойында «үздік атану керек» деген айқын мақсат басым болып тұрды.
«Жеңілген күреске тоймайды» демекші, бойында намыс оты жалындаған Анастасия биыл тағы қазақ тілі мен әдебиет пәнінен әдеттегідей мектепішілік, аудандық, облыстық кезеңдерден еш сүрінбей өтіп, бәрібір дегеніне жетіп, республикалық олимпиаданың шыңын бағындырды. Ол мұндай керемет жетістігімен Қарасай ауданының ғана емес, Алматы облысының абыройын асқақтатып, Сәтбаев мектебін бүкіл елге әйгілі етті.
Республикалық жарыста Анастасияның білім деңгейі бойынша көрсеткіші өте жоғары болған. Олимпиаданың екі кезеңі бойынша 100 ұпайдың 85-ін еншілеген. Осылайша, бағы мен бабы қатар шауып, алға қойған мақсаттарының біріне қол жеткізді.
Анастасия үшін бұл межелі міндет орындалғанымен, бір «әттеген-ай!» көңіліне тыныштық бермеді. Неге десеңіздер, республикалық олимпиадаға барып үздік атанғандар мемлекеттік грантқа іліну керек болған. Алайда жыл сайын қарастырылатын бұл мүмкіндік биыл орыс сыныптарына арналмапты. Тек қазақ сыныбында оқитын оқушылар үшін грант саны белгіленген екен.
Бүгінгі таңда Настяның бұл бұйырмаған баққа көңіл құлазытуға еш уақыты жоқ. Себебі оның алдында «ҰБТ» деп аталатын еңсеретін тағы бір белес тұр. Қазіргі уақытта осы сынаққа барын салып дайындалу үстінде.
Кез келген жетістіктің жолында тәлімгерліктің бағыт-бағдары мен жаныңа жақын жандардың үлкен қолдауы болары анық. Бұл ретте Анастасияның білім шырағын жаққан, қазақ тілі пәні бойынша санасына сәуле түсірген жетекшісі Алмагүл Нұрбекқызының еңбегін айтпасқа болмас. Бастауыш сынып кезінен балапандай баптап, оны жарыс жолдарына жүйрік аттай бәйгеге қосып, болашағына үміт артты. Нәтижесінде ұстазы мен шәкірті әділдіктің туын желбіретіп, білім бәсекесінде биіктен көрінді.
Анастасияға үлкен сенім артқан жанның бірі – Қ.Сәтбаев атындағы орта мектептің директоры Рысбүбі Дүйсебаева. Білім ошағының басшысы әрдайым баланың бойындағы дарынын бағалап, талпынысына жігер беріп, барынша қолдап жүреді. Настяға да ұстаздық ақылын айтып, әрбір жарысына тілеулес болып келді.
Ұжым болып қолдауға келгенде мектептің ұстаздары мен Анастасияның сыныптастары да шет қалмады. Ол республикалық олимпиададан оралғанда салтанатпен қуана қарсы алып, мектеп дәлізінде ерекше ілтипат көрсетті. Осындай сый-құрметке бөленген Анастасия Кунгурова әрдайым оны қолдаған жандарға ризашылығын айтудан жалыққан емес.
– Алдымен өмірге әкелген ата-анама рақмет айтамын. Олар әрдайым маған сенім артып, жан-жақты білім алуыма барынша көмектесуде. Одан кейін үнемі қолдау білдіретін мектеп директоры Рысбүбі Мәмбетәліқызына алғысымды жеткізгім келеді. Сондай-ақ, әрине, жетекшім Алмагүл Нұрбекқызына ризашылығым шексіз. Ұстазым білім жолында дұрыс бағдар беріп, тіпті, мені өз баласындай көріп, әрдайым ақыл-кеңесін аяған емес. Одан бөлек менің жетістігіме бірге қуанған мектептің мұғалімдеріне ерекше ризамын. Бәріне рақмет, – деп Анастасия әңгіме барысында ойын бөлісті.
Настяның отбасында да, сыныптастарының арасында да ойып алар орнықты орны бар. Өз әлемінде өзі би, өзі қожа болып, көпшілік ортада айрықша болмысымен дараланған. Мемлекеттік тілге деген құштарлығы бір төбе болса, қазаққа тән бойындағы қасиеті қанына сіңіп кеткендей. Себебі салт-дәстүрді санасына сіңіріп, ырым-тиымды жанына серік еткен. Ислам дінін қабылдауының өзі бір естіген адамды ерекше таңғалдырады. Осындай ішкі дүниетанымы оның әрбір жарыс жолында жанына жалау болған. Тіпті, әрбір істі бастамас бұрын ішінен «бісмілләсін» айтып, білетін Құран сүрелерін оқып, есіктен кірерде оң аяқпен қадам басуы – құдды бір қазақтардың бойындағы қасиеттей көрінеді. Настяның айтуынша, мұның бәрі елге, жерге деген құрметтің белгісі. Ол Қазақстанда туып-өскенін мақтан тұтып, қазақ тілінде сөйлеуді міндетім деп санайды. Болашақта тәлімгері атанған Алмагүл Сейлханова сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болсам деп армандайды. Осы мақсатта ҰБТ-ны сәтті тапсырып, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға тапсыруды жоспарлап отыр.
Қазақ тілінде анық сөйлеп, өз ойын еркін жеткізетін Анастасияның оқитын кітаптарына да тамсануға болады. Оның ең сүйікті ақын-жазушылары – Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Мұхтар Әуезов сияқты шоқтығы биік тұлғалар. Осы зиялылардың шығармаларын сүйіп оқып, әрбір еңбегінен өнеге алып келеді. Тіпті, ұлы ақын Абайдың бірнеше қара сөзін жатқа біледі.
Біз таныған Анастасия Кунгурова, міне, осындай. Оның қазақ тіліне және Отанға деген ыстық ықыласы біраз адамның патриоттық сезімін оятып, ой-санасының жаңғыруына себеп болуы әбден мүмкін. Настяның болашағы жарқын, асқақ арманының орындалуына тілекшіміз!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

