Елімізде несиесін төлей алмай қарызға белшесінен батып жүрген қазақстандықтар саны жылдан-жылға артып келеді. Бұл ретте Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 30 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңға қол қойған болатын. Аталмыш заңға сәйкес 2023 жылдың 3-ші наурызынан бастап елімізде жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша өтініштерді қабылдау басталды. Осы уақыт ішінде ауданымызда 313 қарасайлыққа «банкрот» мәртебесі беріліп, берешек есептен шығарылған. Алайда бұл бойынша өтініш бергендер саны жеті есе көп.
Статистикаға қарап-ақ банкроттықты кез келген адам рәсімдей алмайтындығын түсінуге болады. Көп адам әлі күнге дейін заңның қалай жұмыс істейтінінен бейхабар. Сондықтан да біз осы тақырыпты ашып жазуды мақсат етіп, оған қатысты аудандық Кірістер басқармасының бас маманы Нұрғиса Ғаниұлынан жауап алдық.
– Нұрғиса Ғаниұлы, жаңа заң іске аса бастағалы бері ауданымыз бойынша қанша адам банкрот деп танылды. Жалпы жеке адамның банкрот болуы деген нені білдіреді?
– Өткен жылдың үшінші наурызынан бастап осы уақытқа дейін ауданымыз бойынша 2451 адамнан банкроттыққа өтініш келіп түсті. Алайда оның 1907-нің өтніші қанағаттандырусыз қалдырылды. Қазіргі уақытта ауданымызда 313 адамның өтініші мақұлданып, «банкрот» мәртебесі берілген. Банкротқа қатысты өтініштер бойынша қарыздың жалпы сомасы шамамен 500 миллионнан астам. Ең көп мөлшердегі қарыз 32 млн теңге болса, ең аз мөлшердегі қарыз 52 мың теңге.
Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңның қабылдануы республика халқына жасалып отырған жағдай, тіпті пайдалы көмек десек те болады. Азаматтар өздерін банкрот деп жариялау арқылы екінші дәрежелі банктер, микрокредиттік ұйымдарындағы қарыздарынан құтыла алады. Жалпы банкроттық туралы рәсімнің соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәрізді үш түрі бар. Барлық рәсім түрі қарыз алушының бастамасымен ғана жүзеге асады. Бұл банк борышкерлердің келісімінсіз банкроттыққа өтініш бере алмауы үшін жасалғанын білдіреді.
– Жоғарыда айтып өткен рәсімдеудің үш тәсілі қандай? Сол жайлы кеңірек айтып өтсеңіз.
– Біріншісі, ол – соттан тыс банкроттық. Оны банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі бойынша қолдануға болады. Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2024 жылы бұл 5 907 200 таңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бұл рәсімді қолдану үшін қарыз алушының несиесі бойынша кемінде 12 ай өтелімі болмауы керек. Меншігінде ешқандай жылжымайтын және жылжымалы мүлік, атында тіркелген ЖШС, ЖК немесе белгілі бір компанияларда акциясы болмауы қажет.
Бұл жерде тағы бір айта кететіні, «банкрот» мәртебесінің берілуіне мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек әсер етпейді. Тек мұндай азаматтардың банкроттық рәсімін пайдалану үшін атаулы әлеуметтік көмек алғанына кемінде алты ай өтуі қажет. Сонымен қатар қажетті құжаттар арасында банкпен берешектер бойынша жұмыс жүргізілгендігі жайлы құжат (несие бойынша банк жаңа график жасау беруге бас тартқандығы жайлы) болуы керек.
Екіншісі, сот арқылы банкроттық. Бұл кезде қарыз сомасы 5 млн теңгеден (1600 АЕК) асқан жағдайда банкрот рәсімі сот арқылы жарияланады. Бір ескере кететіні, борышкердің мүлкі сатылуы мүмкін.
Үшіншісі, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Тұрақты кірісі бар немесе жоспар негізінде (5 жылға дейін) қарызды өтеудің басқа мүмкіндіктері бар тұлғалар қолдануға құқылы. Қалпына келтіру жоспарын қаржылық басқарушы әзірлейді және сотта бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы – бұдан кейін адам «банкрот» деген мәртебе алмайды. Сондықтан банкроттық үшін көзделген салдарлар үшінші рәсім бойынша өтініш берген азаматқа қолданылмайды.
– Жеке тұлғаның өзін банкрот деп жариялағанының пайдасы мен кері әсері қандай?
– Жалпы бұл жердегі азамат үшін пайдасы – оның қарызының толықтай кешірілуі. Яғни азаматтың қаразы қаншалықты көп болса да ол толығымен есептен шығарылады. Уақыт өткеннен кейін де қарызын қайтарудың қажеттілігі болмайды. Тіпті кейіннен азамат жақсы жұмыс орнына орналасып, табысы көбейген болса да кешірілген несиесін төлету заңнамада көрсетілмеген.
Банкроттық бойынша бір ескеретіні, алимент төлеу, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық бойынша шығынды өтеу бойынша борыштар есептен шығарылмайды.
Тағы бір жақсы жағы несиені төлемегендіктен бұғатталған шоттары қайта ашылады.
Салдарына келетін болсақ, өтініші қанағаттандырылған тұлға 7 жыл өтпей қайтадан өзін банкрот деп жария ете алмайды. Оның үстіне бұл мәртебеге ие болған адамның қаржылық жағдайы бойынша 3 жыл бойы мониторинг жүргізілетін болады. Қайтадан несие алу жағына келетін болсақ, кез-келген банктер банкроттық жариялаған тұлғаға несие беруден бас тартады.
– Жүргізілетін тексеріс жайында ашып айта аласыз ба?
– Ең алдымен азаматтың өтініші қанағаттандырылмай тұрып оның шоттарына 6 ай бойы тексеріліс жүргізіледі. Егерде ол тексерістен өтіп, «банкрот» мәртебесін алса онда оның шоттары үш жыл бойы мемлекет бақылауында болады. Ол адам кенеттен байып, түрлі мүлік сатып алса (пәтер, көлік, т.б), мемлекеттік органдар тарапынан әртүрлі сұрақтар пайда болып, тергеулер жүргізілуі мүмкін. Азамат кредитор алдындағы міндетін орындамау үшін қитұрқы әрекетке барса, мүлкін, табысын жасырса, жалған ақпарат берсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Нақтырақ айтсақ, жалған банкрот деп танылған адамға 200 АЕК (738 400 мың тг) айыппұл салынады. Мүлкін жасырғандар – 100 АЕК (369 200 мың тг), қарызды реттеу мәселесі кезінде жасалған заңсыздық үшін 15-100 АЕК (55 380 теңгеден – 369 200 мың тг) айыппұл төлейтін болады.
– Бүгінгі таңда банкроттыққа халыққа қызмет көрсету орталығынан бөлек қай жерлерде өтініш беруге болады?
– Өзін банкрот деп жариялағысы келетіндер Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, электронды үкімет порталы сондай-ақ «e-Salyq Azamat» немесе «eGov Mobile» мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Сонымен қатар «1414» нөміріне қоңырау шалып немесе Telegram чат-ботына сұрақтар қоюға болады.
Банкроттыққа өтініш берген соң, соттан тыс банкроттық туралы шешім шыққан-шықпағанын tazalau.qoldau.kz сайтына кіріп, өз ЖСН мен аты-жөніңді енгізу арқылы тексере алады.
– Ақпаратыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.