4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, күні кеше Шамалған ауылының Ту тұғыры алаңында елдік пен ынтамақтың нышанына құрмет көрсетілді.
«Рәміздерім – елдігімнің белгісі» атты мерекелік шараға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов және ардақты ардагерлер, ауданға қарасты бірқатар мекеменің ұжымдары, мемлекеттік қызметшілер, ұстаздар мен жастар қауымы қатысты.

Мерекелік жиында алдымен Мемлекеттік Гимн орындалып, көк туымыз көкке көтеріліп, Елтаңбаның қастерлігі айтылды. Одан кейін аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы көпшілікті Рәміздер күнімен құттықтап, оның құндылықтарына тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздеріміз арқылы біз бүкіл әлемге бейбітшілік пен келісімді, татулық пен тұрақтылықты жоғары бағалайтын ел екенімізді танытып келеміз. Сондықтан бұл мереке – барша қазақстандықтар үшін патриотизм мен ұлттық мақтаныш күні.
Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай отырып, әрдайым ел іші мерекелі де берекелі болсын демекпін. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бастаған ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін. Бірлігіміз жарасып, еліміздің жарқын болашаққа бастар жолында нық қадам жасап, ынтымағы жарасқан ел болайық, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан басшысының құттықтау сөзінен кейін «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблі «Өз елім» әнін көпшілікпен шырқап, патриоттық сезімді асқақтай түсті.
Айта кетейік, 1992 жылдың 4 маусымында ҚР Жоғары Кеңесі «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң қабылдап, тәуелсіздігіміздің алғашқы бетбұрысын нақтылады. Міне, содан бері елдігіміздің нышанына айналған рәміздеріміз ұлықталып, лайықты дәрежеде дәріптеліп келеді. Кешегі мерекелік жиын – осы ұлықталудың айқын көрінісі.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

