Жақында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Заңды құрметтеу – дені сау қоғамның кепілі» тақырыбында Қарасай ауданы жастар ресурстық орталығы мен Қарасай ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығымен бірлесіп, «ARMAN DALA» балаларды сауықтыру лагерінде ұлдар арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Оның негізгі мақсаты – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортқа деген қызығушылығын арттыру және дене белсенділігін дамыту.
Шараның ашылу салтанатында Қарасай ауданы жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрбек Жүзбайұлы және «ARMAN DALA» балаларды сауықтыру лагерінің директоры Серік Еркінұлы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Командалар сынға түскен бұл жарыста бас қосқандардың жалпы саны 100-ге жетті. Атап айтқанда, спорттық додаға төрт командаға бөлінген 30 қатысушы бақ сынаса, жанкүйер ретінде қолдау білдіріп 70 жас келді.
Турнир барысында жас спортшылар командалық рухты, шеберліктері мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Әрбір ойын қызықты әрі тартысты өтіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қатысушылар саламатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, достық пен өзара сыйластықтың жарқын үлгісін байқатты.
Жарыс соңында үздік командалар мен белсенді ойыншыларды Қарасай ауданының дене шынықтыруды және спортты дамыту орталығының директоры Қуаныш Әбілқасымұлы мен Қарасай ауданы жастар ресурстық орталығының психолог маманы Ақнұр Манамбаева марапаттап, «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылышы» сияқты номинациялар мен жеңімпаздардың лайықты жүлделерін табыс етті.
Қарасай ауданының жастар ресурстық орталығы.

