Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін өскелең ұрпақтың санасына оның қаншалықты қоғамға зиянды, тигізер кесірі мол екенін түсіндіру қажет. Бұл – жемқорлықтың белең алмауына деген алғашқы қадамдардың бірі. Бір апта бұрын осы тақырып кеңінен талқыланып, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, санитарлық талапқа сай, «Nur Otan» партиясының Қарасай аудандық филиалында жиын өтті.
Басқосуға «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Ілияс Сайлаубайұлы мен Алматы облыстық Жастар ресурстық ортылығының Рухани құндылықтарды дамыту бөлімінің басшысы Мадияр Жұмабаев арнайы қатысып, тақырыптың аясында ақпараттық-насихаттау жұмыстарын жүргізді. Ал, олардың айтқан ойларын ауданның жас мәслихат депутаттары, жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушылар, жас мамандар және еріктілер тыңдап, пікір алмасты.
Жиын барысында алдымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты бейнеролик көрсетілді. Одан кейін Ілияс Сайлаубайұлы тақырыпты кеңінен ашу үшін өзінің ойын ортаға салып, маңызды ақпараттарымен бөлісті. Оның айтуынша, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дәріптеп, халық пен мемлекеттік мекемелердің ашықтығын қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, облыс әкімі Амандық Баталовтың тікелей тапсырмасымен барлық аудан орталықтары мен қалаларда жобалық кеңсе ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәденитті дәріптеуде, мемлекеттік билік институттарына азаматтырдың сенімін нығайту бағыттарында өз жұмысын жүргізіп келеді.
Ресми дерекке сүйенсек, облыс бойынша 20 аудан орталығы мен көптеген қалада жобалық кеңсе ашылған. Одан бөлек, 232 ауылдық округте жоба бұрыштары халық игілігі үшін қызмет істейді. Осылайша Алматы облысы көлемінде мемлекеттік мекемелердің ашықтығы қамтамасыз етіледі.
Жобалық кеңсенің атқарып жатқан жұмыстарының тағы бірі – «Antikor-Live». Бұл бастама облыс бойынша COVID-19 індетінің салдарынан мемлекеттік мекемелердің жұмысы онлайн режімге көшуіне байланысты қолға алынды. Негізгі мақсаты – құзырлы органдар мен халық арасында диалогтық алаң құрып, тікелей эфир арқылы мемлекеттік мекеме басшыларының қатысуымен тұрғындардың өзекті сұрақтарына жауап беру.
«Сыбайлас жемқорлық» ұғымы талқыланған бұл жиында жоғарыда айтылған ақпараттар кеңінен түсіндірілді. Іс-шараның мақсатына орай жемқорлықтың пайда болуы мен оны жою үшін жастарға әділдік, адалдық бағытында деректер айтылды.
Дидар МУХАМАДИЕВ.