Қаскелеңдіктер талайдан бері саябақтың мәселесін көтеріп, серуендеуге лайықты орынның қажет екенін айтудан жалықпаған еді. Ақыры ел тілегі ескеріліп, осыдан екі ай бұрын Қаскелең өзенінің бойы қайта ретке келетініне көз жеткізген едік. Бұл жағымды жаңалыққа қала тұрғындары қуанғаны анық. Ал аталған жобаны жүзеге асыру үшін аудандық әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылды.
Жақында саябақтың қазіргі құрылысынан хабардар болу мақсатында өзен жағалауына барып көрдік. Осы жерде Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровпен тілдесіп, демалыс аймағында атқарылып жатқан жұмыстар мен оның қашан қолданысқа берілуі жайында әңгімелестік. Айтуынша, саябақтың жаңғыртылуы техникалық жұмыстарға байланысты мерзімінен кешігуде. Алайда қазіргі құрылыс қарқыны жаман емес.
– Қазіргі таңда демалыс аймағында жаяу жүргіншілердің арнайы жолдарын салу, айналасын көгалдандыру сияқты жұмыстар атқарылуда. Түнгі жарықтандырудың сымдары тартылып қойды, енді оның бағаналарын орнатып, тек іске қосу ғана қалып тұр. Ал саябақтың сыртында бұл жобаға кірмейтін жаяу жүргіншілердің жолдары және автотұрақтың құрылысы жүріп жатыр, – деді қала әкімінің орынбасары Рустам Әмірғалиұлы.
Тағы бір айта кетерлігі, саябақты абаттандыру барысында Қаскелең өзені күл-қоқыстан тазартылып, арнасының жан-жағы бекітіліп, шамамен 60 метрдей тозған жерлері толығымен жөнделген.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында 30-дай маман жұмыс істеп, қажетті техникалар жұмылдырылған. Саябақтың қолданысқа берілу мерзімі осы жылдың шілде айының соңына жоспарлануда.
Айта кетейік, аталған Қаскелеңдегі жаңа демалыс орны Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесінің бойында орналасқан. Оның жалпы көлемі 3,5 га-ны құрайды. Алдағы уақытта өзен жағалауында жайлы орындықтар орнатылып, спорт және балалар үшін ойын алаңдары салынады. Одан бөлек түнгі жарықтандыру мен тұрғындар қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары да қосымша қарастырылған.
Саябақ алаңы екі аймаққа бөлінеді: бірі – тынығу алаңы, екіншісі – серуендеу. Яғни күн шығыс аумағы белсенді қозғалысқа арналған. Бұл жақта амфитеатр, воркаут, спорт және балалар алаңы болады. Ал екінші жағында халықтың тынығуына жағдай жасалады. Мұнда демалу үшін орындықтар орнатылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

