Бүгінде саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, мамандығы жүктеген жауапкершілікті терең түсініп, бар білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын халықтың амандығы жолына жұмсап келе жатқан абыройлы дәрігерлер жетерлік. Солардың ішінен еңбегімен елге, кішіпейілдігімен көпке сыйлы Жамбыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның акушері Гүлмира Әділханованы ерекше айтып өтуге болады. Ол 40 жылға жуық тәжірибесінде талай аналарды босандыруға ықпал етті. Сол сәбилердің көбі бүгінде есейіп, өз отбасыларын құрып, балалы-шағалы болып, қоғамымыздың әр саласында елдің өсіп-өркендеуіне атсалысып жүр.
Ардақты акушер Қарасай ауданына қарасты Ұлан (бұрынғы Стаханов) ауылында қарапайым отбасында туып-өскен. Он баланың кенжесі. Үлгі алатындай отбасында медицина саланың өкілдері болмаса да, Эльмира Байгановна есімді әкесінің әпкесі Гүлмира әпкемізге болашақ мамандығы ретінде осы бағытты тандауға кеңес берген екен. Оның үстіне кейіпкеріміздің өзі де бала кезінен болашақта дәрігер болуды армандаған.
Осылайша, 1984 жылы Жамбыл ауылындағы орта мектептің қабырғасынан түлеп ұшқасын, Алматы қалалық медициналық училищенің акушер бөліміне оқуға түскен. Мұнда ол тек білім алып қана қоймай, болашақ мамандығының жүгі қаншалықты ауыр екенін түсініп, оған аса жауапкершілікпен қарауды үйренді.
1987 жылы училищені ойдағыдай тәмамдаған соң өзінің туған Қарасай жеріндегі Жаңа Шамалған (қазіргі Жібек жолы) учаскелік ауруханасына учаскелік акушер болып жұмысқа кірді. Алғашқы жұмыс орны енді ғана оқуын бітіріп келген жас түлектің болашақта кәсіби маман ретінде әрі адамгершілік тұрғыдан қалыптасуына ерекше ықпал еткен.
– Училищені бітіргенде мен небәрі 19 жаста едім. Сондықтан, әрине, алғашқы кездері қиын болды. Келген науқастармен тіл табыспай қалудан, қателік жіберуден қорықтым. Сол кезде маған 25 жылдан артық осында санитар болып істеп жүрген Евгения Александровнаның көмегі көп тиді. Ол кісі маған ішкі қорқынышымды жеңуге және өзіме деген сенімділікті арттыруға көмектесті. Сонымен қатар Эма Кондратьевна, Валентина Александровна, Вера Тимофеевна секілді тәжірибелі мамандардың арқасында білімім мен біліктілігімді шыңдай түстім. Осы ретте арада қанша жылдар өтсе де, ол кісілерге айтар алғысым да шек жоқ, – деді Гүлмира Сәметқызы.
Жас маман атанған дәрігер алғашында Жаңа-Шамалған учаскелік ауруханасында маман 9 жыл абыройлы қызмет етіп, жүкті әйелдерге жедел медициналық көмек көрсету және науқастармен жұмыс істеу бағытында тәжірибе жинақтады. Мұнан кейін ол әр жылдары Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Мерей ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда акушер, Ұлан ауылындағы медициналық орталықта фельдшер және осы ауылдағы Надежда Крупская атындағы орта мектепте медбике ретінде жұмыс істеген. Ал 2000 жылы қазір еңбек етіп жүрген Жамбыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға акушер болып орналасқан.
Гүлмира Әділханованың медицина саласындағы жалпы еңбек өтілі – 38 жыл. Осы жылдар аралағында жұмыс барысында талай қызықтар мен қиындықтарды бастан өткерді. Талай нәрестенің өмірге аман-есен келуіне көмектесті. Қызмет жолында мыңдаған сәбидің кіндігін кескенімен, Гүлмира тәтеміз алғашқы науқасын қалай босандырғанын есінен әлі де шығармай келеді.
– Жұмысына алғаш кіріскен жылы өзім келін болып түскен Тұрар ауылында бір ананың толғағы жетіп, босануына шақ қалады. Сол сәтте қасымда тәжірибелі акушер емес Алтын есімді фельдшер апайым болды. Жағдайға қарап, ол кісі маған «Сенің акушер деген атың бар ғой, қорықпай, алған біліміңді көрсет» деді. Амал жоқ, тез есімді жинап, осы уақытқа дейін көргенімді, білгенімді есіме алып, әйелді босандырып алдым. Ол сәтте не сезінгенімді айтып жеткізу мүмкін емес. Қорқыныш та, қуаныш та бәрі бір-бірімен араласып кетті, – деп алғашқы босандыруын есіне алды білікті маман.
Жұмыстан тыс уақытта да кішкентай балаларға өмір сыйлау кейіпкеріміздің маңдайына жазылған секілді. Оған дәлел – Гүлмира әпкеміздің Ұмтыл ауылында істеп жүрген кезінде орын алған жағдай.
– 2014 жылы мен Ұлан ауылындағы амбулаторияда фельдшер болдым. Бір күні жұмыстан қайтып бара жатқан кезде жақыннан адамдардың айқайын естідім. Халықтың жиналып тұрған жеріне жақындап барсам, жергілікті тұрғындар кәрізге құлап кеткен екі жасар баланы шығарып алыпты. Алайда біраз тұңшыққан бала тіршілік белгілерін көрсетпей жатыр екен. Мен оған дереу жүрек массажын және жасанды тыныс алу әдісін жасадым. Құдайға шүкір, бала есін жиды. Сол кезде көптеген адамдар «балаға екінші рет өмір сыйладыңыз» деп алғыстарын жеткізіп жатты. Бірақ бұл әрекетім мен үшін бір ерекше айтарлықтай нәрсе емес, жай ғана адам ретінде жасауым керек борышым болды.
Тағы бір есте қаларлықтай жағдай, жақында ғана орын алды. Осыдан біраз уақыт бұрын біз жедел-жәрдем көлігімен босануға жақын қалған әйелді ауруханаға алып бара жатқан едік. Бірақ жолдың ортасында толғағы қатты келіп, баланы өзімнің қабылдауыма тура келді. Қиыны сәби мен ананы байланыстыратын кіндік нәрестенің мойынына оралып қалған екен. Бірақ мұндай жағдайда қажетті шараларды істеген соң, науқасты аман-есен босандырып алдым, – деді абзал жан.
Гүлмира Сәметқызының осы секілді өзге де әңгімелерін тыңдап отырып, оның нағыз адам жанын арашалауға жаралған жан екенін түсінуге болады.
Әлбетте, білікті маманның жұмысына деген адалдығы, қажырлы еңбегі елеусіз қалуы мүмкін емес. Әріптестерінің ортасында абыройлы жоғары санаттағы дәрігер бірнеше рет облыс басшысы, облыстық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы тарапынан Алғыс хаттармен, «Ана жүрегі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ ол өткен жылы Алматы облысы бойынша өткен байқауға қатысып, облыстың «Үздік акушер» деген атаққа ие болды.
Гүлмира әпкеміздің әлі күнге дейін жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі болып келе жатқанына оның артында сүйеуі болып тұрған отбасының да еңбегі зор. 1987 жылы шаңырақ құрған жолдасы Ержан Естелеуовпен бірге өмірдің әрбір сынағын бірге еңсеріп, бір-біріне үлкен қолдауларын көрсетіп келеді. Екеуі екі қыз бен бір ұлға тәлім-тәрбие беріп, өсіріп, бүгінде өмірдегі өз орындарын табуына көмектескен. Бүгінде сол балаларынан төрт немере сүйіп, бақытты ата-әже болып отыр.
Адамдарға жәрдемдесуді адами борышы санайтын Гүлмира Әділханованың тынымсыз қызметі келешек ұрпаққа үлгі етіп айтуға лайық. Біз өз тарапымыздан ол кісінің жұмысына тек алғысымызды білдіріп, әрдайым отбасында амандық, деніне саулық, қызметінде тек ел ықыласына бөлене берсін деп тілейміз!
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

