23 маусым – елімізде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін жанқиярлықпен қорғап жүрген тәртіп сақшыларының, яғни Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі. Осынау айтулы күнге орай, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов аудандық Полиция басқармасына арнайы барып, заң мен тәртіптің салтанат құруы жолында қызмет етіп жүрген мереке иелерін құттықтады.
Құқық қорғау саласы қызметкерлерімен өткен кездесу барысында аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы алдымен Полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұсқабек Зауланбаевты және аудан аумағында қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қылмыспен күресте алдыңғы шепте жүрген барлық жеке құрамды айтулы мерекемен құттықтады.
– Полиция қызметкері болу – үлкен жауапкершілік пен қажырлы еңбекті талап ететін мәртебелі міндет. Сіздердің әрбір күнгі тынышсыз қызметтеріңіздің арқасында ауданымыздың тұрғындары өздерін қауіпсіз сезініп, бейбіт өмір кешуде. Осынау ерен еңбектеріңіз бен мамандыққа деген адалдықтарыңыз әрқашан мемлекет пен халық тарапынан жоғары бағаланады, – деп аудан әкімі полиция қызметінің қоғам өміріндегі рөліне ерекше тоқталды.
Бүгінгі таңда заманауи технологиялардың дамуымен құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысты жедел әшкерелеу ісінде техникалық жабдықталудың маңызы зор. Осы ретте, аудан басшысы тәртіп сақшыларының қажырлы қызметіне сәттілік тілей отырып, аудандық Полиция басқармасының материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту мақсатында әкімдік атынан арнайы қолдау көрсетті.
Нақтырақ айтқанда, жедел әрі сапалы жұмыс істеуге қажетті заманауи үлгідегі 5 жаңа компьютер мен құжаттарды сапалы басып шығаруға арналған көпфункционалды түрлі-түсті принтерді сыйға тартты.
Өз кезегінде сөз алған басқарма бастығы Нұсқабек Зауланбаев айтулы кәсіби мерекеде жеке құрамның еңбегін елеп, арнайы құттықтай келген аудан әкімі Жасұлан Естеновке ұжым атынан шынайы ризашылығын білдірді. Сонымен қатар қарасайлық полиция қызметкерлері алдағы уақытта да берген анттарына адал болып, «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, ауданның қауіпсіздігі, заң үстемдігі мен халықтың тыныштығы жолында аянбай еңбек ететіндерін мақтанышпен жеткізді.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

