Жетісу жерінің барлық аудандары мен қалаларындағы орта мектептерде «Адал ұрпақ» атты ерікті мектеп клубтары құрылып, жасөспірімдерге жемқорлық, парақорлық сынды жағымсыз әдеттердің зиянын ұғындыруға кірісуде. Осы клубтардың құрылғанына бір жыл толуына орай ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жуырда Талдықорған қаласында облыстық слет өткізді. Алғаш рет өткізіліп отырған слетке Жетісу жерінің 16 ауданы мен үш қаласынан 200-ден астам оқушы қатысып, көпшілікке өз өнерлерін паш етті.
Осы жарыста біздің аудандағы Шалқар ауылының орта мектебінде оқитын оқушы, аталмыш оқу орнындағы «Алаш» тобының мүшесі Әйгерім Дәуренова барлығынан озып шығып, «Елжанды патриотпын» медалімен марапатталып, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолдама алды. Бұдан бөлек, олардың «Алаш» тобы «Білімді клуб» номинациясы бойынша жүлделі орынды да иемденіп қайтты.
Жалпы, бұл слеттің мақсаты жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру, оның алдын алу және көріністерін барынша азайту еді.
Бақдәулет ТАЛИПОВ.