Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты аса маңызды бағдарламалық мақаласы егемен еліміздің өркендеуіне ерекше екпін беріп отыр. Нәтижесінде Қазақстан бүгінде үлкен бір рухани серпілісті бастан кешуде. Осыған орай газет тілшісі аудан әкімінің орынбасары А. Назарбаевамен сұхбаттасқан еді.
– Айжан Нұрділдақызы, алдымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының маңызы туралы айтсаңыз?
– Қазіргі кезде аталған қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөнінде, оның барлық бағыттары бойынша, күллі орталық және жергілікті атқарушы органдар жүйелі жұмыс істеуде. Былайша айтқанда, бағдарлама аса ауқымды жалпыұлттық жобаға айналды. Иә, бұл халқымыздың қызу қолдауына ие болған маңызы аса зор айрықша жоба болып отыр. Ол, шын мәнінде, еліміздегі саяси реформалар мен экономикалық жаңғыртулардың логикалық жалғасы. Ендеше, ұлттық кодымызды сақтай отырып, тамаша халықтық салт-дәстүрімізді табысты жаңғырту – қазақстандық қоғамның бүгінгі басты міндеті.
Осы орайдағы негізгі мақсат, әрине, жас ұрпаққа тарихты жеткізу, оларға өзінің елін, ұлтын, Отанын сүю үшін нағыз патриоттық тәрбие беру болса керек. Қазіргі уақытта бүкіл елімізде аталған мақаланың көтерер жүгі, атқарар міндетіне байланысты көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Біздің қазыналы Қарасай ауданында да солай.
– Енді осы орайда жүзеге асырылып жатқан нақты істерге тоқталсаңыз.
– Бұл бағдарламалық мақалаға байланысты міндеттерге орай ауданда бірқатар жұмыстар атқарылуда. Біріншіден, осы қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөнінде аудан әкімі Махаббат Садуақасұлы Бигелдиев басқаратын 47 адамнан тұратын өңірлік комиссия құрылды.
Құрамына ауданның Құрметті азаматтары, депутаттар, аудандық бөлімдердің басшылары мен мамандары, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі мен кеңесшілері және тағы басқалар енгізілді.
Комиссия алты бағытта жұмыс істейді. Әр бағыт бойынша жұмыс тобы құрылған. Бірінші бағыт – Қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшуі. Екінші бағытта «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бар. Үшінші бағыт – «Туған жер» жобасы. Төртінші бағыт – «Қазақстанның сакральды географиясы» жобасы. Бесінші бағыт – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы. Алтыншы бағыт – «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы.
Президенттің мақаласында жалпыұлттық патриотизмді дәріптейтін «Туған жер» бағдарламасын қолға алу керектігі де айрықша аталып өткені белгілі. Ол қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады. Аталған бағдарламаның бірнеше мәні бар.
Оның біріншісі білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштерге көңіл бөлуді, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Екінші мәні – басқа аймақтарда тұрса да туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау. Үшінші мәні – «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіспіз. Елбасы бұл жұмысты халыққа дұрыс түсіндіру қажеттігін де айрықша атап өткені мәлім. Яғни, ақпараттық қолдау, ақпаратты сапалы, жылдам жеткізу жобалары, тәсілдері жіті қарастырылуы керек. Сонымен қатар, туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын да табу қажет. Қазіргі таңда «Туған жер» бағдарламасын іске асыруда жұмыс тобы өз істерін жүйелі жүргізуге күш салуда.
Мәселен, басты тұжырымдамалық тәсілдерді негізге ала отырып, өңірлік «Жер жәннаты – Жетісуым» іс-шаралар жоспары әзірленуде. Өңірлік жоспарға сәйкес «Менің Жетісуым» аудандық жерлес кәсіпкерлердің аймақты қолдау форумы, «Жетісудың жеті кереметі» таңдаулы тарихи-мәдени, өлкетану экспедициясы, түркітілдес мемлекеттер өкілдерінің қатысуымен «Ұлттық код және латын әліпбиі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция, «Жетісудың жастарға тартуы», білім беру ұйымдарына факультатив есебінен «Туған өлке тарихы және Өлкетану» пәнін енгізу бойынша жұмыстарды жандандыру, «Жетісудың әдебиет айдыны» атты аудандық ақын-жазушылармен кездесу, ауыл жастарының форумы, жалпы білім беру ұйымдарында тыл еңбеккерлері және ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер ұйымдастыру шаралары жоспарланған.
– Аудандағы ірі және әлеуметтік жобалар жайында не дер едіңіз?
– Жалпы, «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданда осы уақытқа дейін 2 млрд. 701 млн. теңгенің сегіз ірі және әлеуметтік жобалары жүзеге асырылды. Олардың ішінде меценаттардың көмек-қолдауымен салынған «Батыр бабаларға тағзым» мемориалы мен Шамалған ауылында пайдалануға берілген 17 жеке тұрғын үй бар. Сонымен қатар, бұл жылдың аяғына дейін осындай 10 жоба аяқталып, пайдалануға берілетін болады.
– Рухани жаңғыруға байланысты жұмыстар алда да жалғаса береді ғой?
– Әрине, ауданымызда алда да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде атқарылады. Ол үшін, жоғарыда айтқанымыздай, жоспар-жобалар жасалып, нақты міндеттер белгіленген. Иә, бұл рухани жаңғыру бағдарламасы – ұлттық мемлекеттік бірегейліктің, бүтінділіктің тұғыры саналуы тиіс, ол өткен мен бүгіннің, келешектің ажырамас ұласуын арқау еткен, аса маңызды тарихи жүк көтерген. Ондағы әрбір тақырыптың орны бөлек, маңызы ерекше.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалаған ескі қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңдеп, иық түйістіру мүмкін емес». Бұл сөздерде терең мән бар. Сондықтан да заман көшіне ілесіп, жан-жақты даму үшін әлемдік озық технологияларды игеріп, экономикамыз бен мәдениетімізді одан әрі өрістетуіміз қажет.
Иә, Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы келешегімізге нық қадам жасауға, бағыт-бағдарымызды айқындап, нақты мақсат-міндет қоюмызға ықпал еткен аса маңызды да өте құнды құжат!
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Әңгімелескен Берікбай ҚАДЫҚОВ.