Қарасай жерінде «ONDEU» деп аталатын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, оны қайта өңдейтін зауыттың құрылысы басталды.
Күні кеше Әйтей ауылында аталған кешеннің іргетасы қалануына арналған уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және «Атамекен» ҰКП өңірлік директорлар кеңесінің төрағасы Мақсат Кикимов қатысты.
Шара барысында алдымен аталған жобаға қатысты ақпараттар қамтылды. Оны Мақсат Сәкенұлы презентация түрде таныстырып, зауыттың салынудағы мақсатына және облыс үшін маңыздылығына қысқаша тоқталды.
Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытының салынуы бұл экологияға пайдалы екенін айтты. Сонымен қатар облыс басшысы аталған жоба бизнестің дамуына, қосымша жұмыс орнының ашылуына жол ашатын бастама болатынын және оның ұзақ мерзімді мемлекет саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналатынын алға тартты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық ахуалды түбегейлі жақсарту кезек күттірмейтін, стратегиялық маңызы зор міндеттердің бірі екенін үнемі атап өтеді. Қоқысты өңдеу жүйесін реттемей, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мүмкін емес.
Әйтей ауылы маңындағы бұл полигонда 40 жылға жуық уақыт бойы қоқыс жиналған. Қалдық көлемі күннен күнге артып барады. Ал оны жай ғана жинап қою – мәселені шешу емес, оны уақытша шегеру ғана. Сондықтан бізге қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін жүйелі шешім қажет. Біз ертеңгі ұрпаққа экологиясы таза, өндірісі дамыған, табиғаты бай мемлекетті аманаттауға міндеттіміз. Бүгінгі шара осы игі мақсатқа қызмет етеді», – деді Марат Елеусізұлы.
Сонымен қатар өңір басшысы жобаның жүзеге асуына атсалысып жатқан инвесторларға, инженерлер мен құрылысшыларға ризашылығын білдіріп, кешеннің бой көтеруіне сәттілік тіледі.
Жобаның жалпы құнына келер болсақ, оның инвестициялық көлемі 15,5 млрд теңгені құрайды. Ал оған «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржылық қолдау білдірсе, жүзеге асырылу міндеті «KAZ Waste Conversion» компаниясына жүктеліп отыр.
Аталған зауыт 5 гектар аумақты қамтиды. Ол жылына 450 мың тоннаға дейін қалдықты сұрыптап, оларды пайдаға жарайтындай қайта өңдейді. Осылайша қоқыстың полигонда көму көлемі айтарлықтай азаяды.
«ONDEU» зауытының құрылысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Одан бөлек инвестор тарапы кешеннің орналасқан жері – Әйтей ауылына ерекше көңіл бөліп, түрлі әлеуметтік нысан салуға ниет білдірді. Оған қоса осы елді мекеннің 10 оқушысын инженер бағытында білім алуына қаржылай көмек көрсетпекші.
Тағы бір айта кетерлігі, осы кластер аясында құны 10,5 млрд теңгені құрайтын пластик қалдықтарын қайта өңдеу зауытын іске қосу жоспарлануда. Бұл дегеніміз қайталама шикізатты экономикалық айналымға қайта енгізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде пластик, шыны, металл және макулатура сияқты қалдықтар қамтылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

