Мектеп табалдырығын алғаш аттаған сәттен бастап, уақыт өте келе оқушылардың арасында білімді болуымен қатар, түрлі өнерге деген құштарлықтары байқалып жатады. Олардың жан-жақты дамып, әсіресе, шығармашылық көкжиектерінің кеңейе түсуі жетістіктерге жетуге жол ашады. Осындай дарынымен дараланған білімгерлердің бірі, Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ орта мектебінің оқушысы – Сезім Оразалы. Ол жайлы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сөз етіп, жастайынан өнерге қанат қаққан қадамдарына тоқталсақ деп едік.
Сезімнің жетісітіктерін айтпас бұрын оның отбасы жайлы аз-кем ақпаратпен бөлісек кетсек. Әкесі Асқар Нұрмаханов пен анасы Айсұлу Көпжасар – бес баланың ата-анасы. Солардың ішінде Сезім үйдің екіншісі және ерекше қыздардың бірі. Үйдің үлкені Айша Оразалы биыл Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ орта мектебінің 3 сыныбын аяқтады. Ал біз сөз етіп отырған Сезім Асқарқызы 3 сыныпқа көшті. Өзінен кейінгі Арман, Мақсат атты бауырлары биыл мектеп табалдырығын аттаса, үйдің кенжесі, сіңілісі Іңкәр балабақшаға барып жүр.
Сезім Оразалы 2018 жылы Қаскелең қаласында дүниеге келген. 2021-2024 жылдары «Еркеназ Д», «Алтын ел» атты балабақшаларда Тыныштық Жайлыбаева, Ардақ Бақыт атты тәрбиешілерден білім алып, мектепалды даярлықтан өтті. Ол осы уақыт аралықта өнерімен көзге түсіп, көптеген байқауларда топ жарды. Атап айтқанда, ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айту жарысында, «Балапан бояулары әлемі» байқауында, Астана қаласында өткен «Балапан» телеарнасындағы «IBARS» зияткерлік ойындарында, «Аялайық ананы» және «Ұрпақтар ұмытпайтын ұлы жеңіс» балалар шығармашылық байқауларында «ВОКАЛ» номинациясы бойынша үздіктердің қатарында болып, үнемі тек І орынды иеленіп жүрді. Одан бөлек «Бала тілі – бал» атты республикалық көркемсөз өнер байқауында тағы да І орын алса, «Жас жұлдыз» деп аталатын республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауында билеп жүріп ән айтудан бас жүлде мен арнайы кубокты жеңіп алған.
Сезімнің осындай таланты мектеп қабырғасында да жалғасты. Ол 2024 жылдың қыркүйегінде Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, әр жыл сайын сыныптың үздік оқушыларының бірі болып келеді. Биылғы оқу жылын да, міне, сәтті аяқтап 3 сыныпқа көшті. Сезім 1 сыныпқа барған жылы «Күз ханшайымы» байқауына қатысып, бас жүлдені иеленді. Одан кейінгі жетістіктері де көңіл қуантарлықтай. Нақты айтар болсақ, «Бастау» ұлттық олимпиадасында және «Абай оқулары» байқауында І орын алса, «Кенгуру» ойын-конкурсында үздік үштіктен көрінді. Сонымен қатар 2025 жылы «Мен ғарышкер боламын» республикалық онлайн байқауында шығармашылық қабілетімен дараланып, І орынды алды, ал осы жылы «Education» республикалық журналына шығып, ол жерде «Қазазқстан мақтанышы» деген ерекше марапатқа ие болды
Сезімнің білім жолындағы жетістіктерінен бөлек, мың бұрала билейтін ерекше өнерін де айтсақ, артық болмас. Ол 2025 жылдың қаңтар айынан бастап бес ай бойы «AYSULU» көркем гимнастикасына қатысты. Осы уақыт аралықта Алматы облыстық ашық чемпионатында, 11 елдің гимнасты қатысқан «ALMATU CUP» халықаралық конкурста және Талдықорған қаласында өткен «Aysulu CUP» жарысында үздіктердің қатарынан табылып, ІІІ орындарды иеленіп жүрді. Ал 2025 жылдың маусым айында «Көркем гимнастика» бойынша ІІІ ересек спорттық разрядтың иесі атанды.
Білімімен де, өнерімен де жеңімпаз атанып жүрген Сезім үшін биылғы 2026 жыл да жетістікке толы кезең болды. Атап айтқанда, Абай олимпиадасына қатысып, оның үш кезеңінде де тек I орындарды алды. Сондай-ақ «Пони», «Ақбота» деп аталатын олимпиадаларда І және ІІ орындарға ие болды. Ал жақында менің жетекшілігіммен Сезімнің жетістіктері туралы эссе жазылып, нәтижесінде Астана қаласына барып, Қазақстан бойынша «Жылдың үздік оқушысы» атанды және «Үздік дарынды оқушы» төсбелгісін алды.
Айтпақшы, Сезімнің әпкесі Айша да мың бұралған биші. Екеуі бір өнерді жанына серік етіп, талай жарыстарда топ жарып, үнемі бас жүлделерге және І орындарға ие болып жүр. Осындай жетістікке жету жолында Сезімнің қазіргі хореограф жетекшісі Тоғжан Төлеуғазықызының еңбегін ерекше атап өтуге болады.
Сондай-ақ Сезім Оразалының білім жолында биіктерден көрінуіне мектеп директоры Гүлмира Қайнарбаеваның қолдауы, басшы ретінде бағыт-бағдар беруі айтуға тұрарлық. Осы ретте Сезімнің ата-анасы да мектеп басшылығына және ұстаздарға айтар алғысы шексіз.
Сезімнің сүйікті ісі – есептер шығарып, суреттер салу, қолөнермен айналысып, моншақтар жасау. Одан бөлек видео түсіріп, ән айтатын өнері де бар. Бүгінгі таңда әнқоржынындағы бірнеше әнімен көптің көңілінен шығуда. Оның бала арманы – дәрігер атанып, көркем гимнастикадан әлем чемпионы болу. Сөйтіп, еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіреткісі келеді. Сезімнің тағы бір айқын мақсаты бар. Ол ата-әжесінің сүйікті немересі болғандықтан, қазыналы қарияларды бойжеткен соң қасиетті Мекке қаласына апаруды армандайды.
Сезімнің асқақ армандарының жетуіне біз де тілекшіміз. Осындай қарым-қабілетін әрдайым мақтан етеміз әрі онымен мақтанамыз. Білім мен өнер бағытын қатар алып, әрдайым тек нәтижелі жеңістерімен қуантуда. Оның осындай жемісті жетістіктері көп бола берсін деген тілегіміз бар. Жолы әрдайым ашық болып, ата-анасының да, ұстаздарының да үмітін ақтап, биіктен көріне беруіне тілектеспіз!
Батима МАТАКБАЕВА,
Жібек жолы ауылындағы жаңа қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.

