Ақпарат және коммуникация министрлігі бірқатар қызметтерді оңтайландыратын, соның ішінде некені тіркеу мерзімін қысқартатын заң жобасын әзірлеуде. Бұл туралы Үкімет отырысында министр Дәурен Абаев мәлімдеді. Яғни, елімізде некені тіркеу рәсімі 1 айдан 3 күнге қысқарады.
Министрдің айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру саласындағы нормативті-құқықтық базаны жетілдіру үшін 43 заң мен 10 кодексте 500 түзетуді қарастыратын заң жобасы әзірленген. Аталған заң жобасы ведомствоаралық комиссияның ұсыныстары аясында көрсетілетін 121 мемлекеттік қызметті оңтайландыруға бағытталған бірқатар түзетулерден тұрады. Бірнеше мысал келтіре кетейік. Бірінші – некені тіркеу қызметін оңтайландыру арқылы бұрын 1 айға созылған процесті 3 жұмыс күнінде рәсімдеуге мүмкіндік беріледі. Екінші– салық төлеушілердің артық төленген сомасын автоматты түрде қайтару қарастырылады. Үшіншіден, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің тәртібін бір ғана нормативті акт – ережелер арқылы реттейтін түзетулер де пысықталып жатыр. Жалпы алғанда 3,5 мың стандарт пен регламент өзгертуге жолданады.
Сонымен қатар, түзетулердің аясында «пилоттық жоба» түсінігін енгізу жоспарланып отыр. Осылайша кейбір көрсетілетін қызметтер алдын ала қолданылып, пысықтаудан өтеді. Тәуекелді тұстарын анықтап, халыққа ыңғайлы жолдарын қарастырып, таңдап алынады. Бұл көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мерзімін қысқартады. Өзгертулер жарты жылдай уақытты алады, сондай-ақ, осы арқылы әлеуметтік әсері бар мәселелерге байланысты тәуекелдерді төмендетеді. Өйткені, пилотты жобаны қажетті уақытта тоқтатуға және өзгертуге, азаматтарға кері әсер етпеуін қадағалауға мүмкіндік берілуі керек. Аталған шаралардың нәтижесінде 2019 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80, ал 2020 жылы 90 пайызы автоматтандырылады.
– Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 миллион құжат қысқарады. Ең бастысы, көрсетілетін қызмет түрлері халыққа ұғынықты, қолжетімді және пайдалы болуы үшін бар күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді жұмсауға дайынбыз. Осы бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды. Негізгі мақсат – ел тұрғындарының сағаттап кезек күтпей, қажетті құжатына жылдам әрі оңай қол жеткізуіне жағдай жасау, Үкімет пен бизнестің, азаматтардың арасындағы интеграцияны жаңа деңгейге көтеру, – деді министр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.