Ішімдік пен нашақорлық секілді зиянды әдеттер – адамның денсаулығы мен отбасына, тұтас өмірі мен қоғамға кері әсерін тигізетін басты факторлардың бірі. Тәуелділік адамның өмір сүру сапасын төмендетіп қана қоймай, түрлі аурулардың асқынуына, құқық бұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болады. Сондықтан әр буынға әртүрлі сипатта қауіп төндіретін бұл дерт еліміз үшін әлі де өзекті мәселе болып отыр.
Ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда динамикалық бақылауда 107-108 мыңнан астам адам наркологиялық тәуелділік диагнозымен тіркелген. Олардың басым бөлігін ішімдікке салынғандар құраса, қалған бөлігі есірткі және басқа да психотроптық заттарды тұтынушылар. Өкінішке қарай, Қазақстан Орталық Азия өңірінде жан басына шаққанда ішімдікті ең көп тұтынатын елдердің қатарына кіреді, яғни мемлекеттік бақылауда 80 мыңнан астам қазақстандық алкогольдік тәуелділікпен тіркелген. Ал нашақорлық бойынша ресми есепте 18 мыңнан астам адам тұр. Оның 91 пайызын ер адамдар, 9 пайызын әйелдер құрайды. Ең алаңдатарлығы, бұл дертке тәуелділердің 15 пайызы – 18-29 жас аралығындағы жастар. Оның үстіне кейінгі жылдары синтетикалық есірткі тұтынушылардың үлесі қарқынды өсе бастады. Бұл, әрине, қуанарлық жайт емес.
Алматы іргесінде орналасқан, халық тығыз орналасқан әрі қарқынды дамып келе жатқан Қарасай ауданында да бұл ахуал өзінің өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бүгінгі таңда аудан бойынша ресми есепте 400-ден астам науқас тұр. Сырт көзге бұл сан аудан халқының жалпы үлесімен салыстырғанда тым үлкен болып көрінбеуі мүмкін, бірақ оған қарап мәселенің қаупін сейілтуге болмайды. Ең өкініштісі, есепте тұрғандардың айтарлықтай бөлігін ішімдікке тәуелді жандар құрап отырғаны.
Осы орайда біз Қарасай аудандық бастапқы психикалық денсаулық орталығының меңгерушісі, психиатр-нарколог Айша Акшаловамен кездесіп, жас пен жынысқа қарамайтын бұл қауіпті дерттің бүгінгі жай-жапсары төңірегінде тереңірек әңгімелестік. Сұқбат барысында білікті маманнан дәрігерлер күнделікті бетпе-бет келетін қоғамдағы ахуалдың шынайы бейнесі, оның негізгі факторлары мен алдын алу жолдары туралы сұрап білдік.
– Айша Аманбайқызы, бүгінде тұрғындардың көбі аудандық бастапқы психикалық денсаулық орталығының тыныс-тіршілігінен толық хабардар емес. Сондықтан әңгімемізді аталған мекеменің негізгі бағыттары мен міндеттерінен бастасаңыз.
– Ауданымыздағы наркологиялық қызметтің басты мақсаты – нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу, тәуелділікті ерте бастан анықтау, анонимді диагностика жасау, сондай-ақ кешенді емдеу мен медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтамасыз ету. Біздің басты ұстанымымыз – науқастарды жай ғана есепке алып қадағалау емес, олардың денсаулығын қалпына келтіріп, қоғамға қайта бейімдеу.
Бұл бағыттағы жұмыстың негізгі өзегі – ерте анықтау мен профилактикалық шаралар. Әсіресе, жастар арасында психобелсенді заттарды тұтынудың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіледі. Азаматтар көмекке еш қорқынышсыз әрі уақтылы жүгінуі үшін жеке мәліметтердің құпиялылығы толық сақталып, анонимді консультациялар мен емдеу ұйымдастырылады. Сондай-ақ ағзаны тазартудан (детоксикация) бастап толық оңалту курсына дейінгі үздіксіз терапия ұсынылып, тәуелділіктен арылған пациенттерге психологиялық қолдау көрсетіледі және олардың әлеуметтік өмірге тез арада оралуына жағдай жасалады.
– Бүгінгі таңда Қарасай ауданындағы ахуал қандай? Ресми есепте тұрғандар саны қанша, соңғы жылдары динамикада өсім бар ма, әлде төмендеу байқала ма?
– Қазіргі уақытта аудан бойынша наркологиялық есепте 435 азамат тұр. Оның ішінде маскүнемдік диагнозымен – 330, ал нашақорлық бойынша 105 адам тіркелген.
Тіркеуде тұрған 105 науқастың 59-ы консультативтік бақылау тобында. Бұл бақылау түрі психоактивті заттарды зиянды мақсатта пайдаланғанымен, бойында әлі айқын, терең қалыптасқан тәуелділік синдромы жоқ тұлғаларға қатысты қолданылады. Табиғатынан мұндай заттарды медициналық емес мақсатта пайдалану адамның физикалық, психикалық денсаулығына орасан зор кері әсерін тигізіп, кейіннен ауыр құқықтық салдарларға соқтыратыны белгілі.
Аталған азаматтар 12 ай бойы үздіксіз дәрігерлік бақылауда болады. Осы уақыт аралығында оларға арнайы емдік терапия тағайындалып, қажеттілігіне қарай медициналық-әлеуметтік оңалту орталықтарына жолдама беріледі. Пациент бекітілген кестеге сәйкес тұрақты түрде нарколог-дәрігердің қабылдауына келіп, оның денсаулығындағы динамика жіті қадағаланады. Егер бір жыл ішінде сырқаттың қайталануы немесе психобелсенді заттарды қайта тұтыну жағдайлары байқалмаса, арнайы дәрігерлік комиссия науқасты бақылау есебінен шығару туралы шешім қабылдайды.
– Жастар мен жасөспірімдер арасындағы ахуал қандай болып отыр? Бұл салада қандай ерекшеліктер мен қауіп-қатерлер бар?
– Өкінішке қарай, бүгінгі таңда жастар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлық өте күрделі, тіпті алаңдатарлық ұлттық мәселеге айналды. Басты қауіп есірткінің жыл сайын «жасарып» бара жатқандығында, яғни алғаш рет дәм татып көрушілердің орташа жасы 11-13 жасқа дейін төмендеп кетті. Осы орайда ең үлкен қатер психотроптық синтетикалық есірткілердің (мефедрон, «соль», «скорость» сияқты заттардың) тым арзандығы мен интернет желісі арқылы жасырын, кедергісіз таралуы болып отыр. Соңғы жылдары синтетикалық есірткіге тәуелді болған жастар мен мектеп оқушыларының саны еселеп өсті. Тіпті мектеп оқушылары мен студенттер оңай әрі тез ақша табу мақсатында есірткі тасымалдаушы («закладчик») ретінде қылмыстық топтардың арбауына жиі түсіп жатыр.
Мұнда бірнеше басты қауіп-қатер факторларын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, қолжетімділіктің жоғарылығы. Синтетикалық заттар мессенджерлер (әсіресе Telegram каналы мен арнайы чаттар) арқылы сатылады және олардың бағасы өте арзан, яғни 2500 теңгеден басталады. Екіншіден, ауыр қылмыстық жауапкершілік. Жасөспірімдер өзінің не істеп жүргенін жете түсінбей, есірткі таратқаны үшін еліміздің заңнамасына сәйкес 10 жылдан 15 жылға дейінгі ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үшіншіден, денсаулыққа зақым келтіру жойқындығы. Синтетикалық есірткілердің ағзаға уыттылық әсері өте жоғары. Олар бір-екі рет пайдаланғаннан кейін-ақ адамның ми клеткаларын қайта қалпына келмейтіндей зақымдап, тез арада ауыр психологиялық және физикалық тәуелділік тудырады.
Алайда, ең қуантарлық жайт қазіргі уақытта Қарасай ауданының нарколог-дәрігерлерінің диспансерлік бақылауында тіркелген жасөспірімдер жоқ. Мұны біз жүйелі жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесі деп білеміз.
Тұтас алғанда, Қазақстанның құқық қорғау органдары мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл қауіпті дертпен күресу үшін есірткі тарататын интернет-сайттар мен мессенджерлерді бұғаттау, Ішкі істер министрлігі желісі бойынша арнайы профилактикалық рейдтер жүргізу және ата-аналардың балаларына деген жауапкершілігі мен бақылауын арттыру бағытында кешенді мемлекеттік шараларды жүзеге асыруда.
– Аудан тұрғындары арасында тәуелділіктің қай түрі алкоголь, темекі мен вейп әлде есірткі заттары жиі кездеседі?
– Өкінішке қарай, біздің ауданда созылмалы дертке айналған алкогольге тәуелділік әлі де ең кең тараған мәселе болып отыр. Дегенмен, соңғы жылдары мамандарды ерекше алаңдатып отырған жаңа қауіпті үрдіс бар. Ол – полинаркомания, яғни бір мезгілде бірнеше психобелсенді затты қатар тұтыну. Мысалы, алкогольді синтетикалық есірткілермен, вейптермен немесе күшті әсер ететін дәрі-дәрмектермен араластырып қабылдау жиілеп кетті. Бүгінде осындай күрделі диагнозбен медициналық есепке тіркелетін науқастардың қатары өкінішке орай артып келеді. Бұл үрдістің аса қауіптілігі сол – ағза мен жүйке жүйесі бір уақытта жан-жақты соққыға жығылады.
Сонымен қатар қазіргі жастар арасында вейп пен электронды темекілердің кең таралуы да жағдайды күрделендіре түсуде. Оларды көбісі зиянсыз ермек деп қабылдап, кейін бұдан да ауыр психоактивті заттарға бой алдырғанын байқамай қалады.
Сондықтан, диспансерлік есепке тіркелушілердің көбеюі бұл жай ғана құрғақ статистика емес, бұл қоғамдағы үлкен дабыл. Тұрғындар мен әрбір отбасы бұл мәселеге бейжай қарамауы тиіс.
– Адамның синтетика, вейп немесе психотроптық таблеткалар сияқты зиянды заттарға әуестене бастағанын отбасы мүшелері қалай байқай алады? Оның мінез-құлқында немесе сыртқы келбетінде қандай өзгерістер пайда болады?
– Жақын адамның қауіпті әдеттерге бой алдыра бастағанын уақытында аңғару – оның өмірін сақтап қалудың алғашқы қадамы. Бұл әуестік ең алдымен адамның күнделікті мінез-құлқынан, сыртқы келбетінен және тұрмыста пайда болған беймәлім заттардан айқын байқалады.
Ең алдымен мінез-құлықтың күрт өзгеруіне назар аударған жөн. Бұрын ашық-жарқын болған адам кенеттен тұйықталып, бөлмесінен шықпай, туыстарымен араласудан қаша бастайды. Қарапайым сұрақтардың өзіне ашумен немесе жалтарумен жауап береді. Көңіл-күй тұрақсыздығы тым айқын болады: себепсіз қуанып, эйфорияда жүрген адам сәт сайын депрессияға түсуі мүмкін. Сонымен бірге ұйқы мен тәбет тәртібі бұзылады. Олар көбіне күндіз ұйықтап, түнде белсенділік танытады. Тәбеттің мүлдем жоғалуы немесе керісінше, тәтті тағамдарға шектен тыс әуестіктің пайда болуы да жиі кездесетін белгілердің бірі. Бұған қоса, үнемі түсініксіз себептермен ақша сұрау немесе үйдегі бағалы заттар мен қаржының жоғалуы да үлкен дабыл болуы тиіс.
Екінші маңызды жайт – сыртқы келбеттегі өзгерістер. Көздің ақуызы қызарып, көз асты көгереді, ал қарашықтары жарыққа қарамастан үнемі шектен тыс үлкейіп, кішірейіп тұрады. Сөйлегенде сөздерді шатастыру, былдырлау, қозғалыстың тым баяулауы немесе керісінше орынсыз гиперактивтілік байқалады. Сонымен қатар адам өз гигиенасына немқұрайлы қарай бастайды. Үстінен немесе аузынан вейпке тән тәтті хош иіс, не болмаса химиялық, дәрі-дәрмек иісі шығып тұруы мүмкін. Денеде, әсіресе қолдарда иненің іздері, жұмбақ көгерулер мен тырналған жерлердің пайда болуы да тікелей дәлел бола алады.
Сондай-ақ үйдегі беймәлім заттарға да мұқият болған абзал. Бөлмеден немесе киім қалталарынан артық электронды темекілер, вейп, дәрігер тағайындамаған психотроптық немесе ұйықтататын таблеткалардың бос қаптамалары табылуы мүмкін. Оған қоса, белгісіз ұнтақтар, шөптер салынған шағын полиэтилен пакеттер (зип-пакеттер), фольга қалдықтары, оттықтар мен сіріңкелердің тым көп болуы да күдік тудыруы тиіс.
Синтетикалық есірткілер мен психотроптық заттар адамның психикасын өте жылдам әрі қайтымсыз түрде өзгертеді. Егер жақын жандардың бойынан осы белгілердің бірнешеуін қатар байқалса, бірден айыптауға немесе уайымға салынып ұрыс шығаруға асықпау керек. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, уақыт созбай Денсаулық сақтау мекемелеріне немесе Психикалық денсаулық орталықтарының білікті мамандарына хабарласып, кәсіби көмекке жүгінген жөн.
– Тұрғындар арасында «наркологқа көрінсем, есепке тұрып қаламын, болашағыма, оның ішінде жұмысқа орналасуыма немесе жүргізуші куәлігін алуыма кесірі тиеді» деген қорқыныш бар. Азаматтар анонимді түрде кеңес алып, емделе ала ма?
– Әрине, кез келген адам құпиялылықты сақтай отырып, анонимді түрде кеңес алып, емделуге толық құқылы. Наркологқа жүгіну автоматты түрде диспансерлік есепке қоюды білдірмейді. Қазақстанда тәуелділігі бар жандар Мемлекеттік психикалық денсаулық орталықтарында да, жекеменшік оңалту мекемелерінде де көмек ала алады. Бұл ретте емдеу шаралары мемлекет есебінен тегін немесе жартылай тегін жүргізіледі. Ең бастысы медициналық көмекті анонимді түрде, аты-жөнін жарияламай-ақ алу мүмкіндігі қарастырылған. Сондықтан бұл қадам азаматтардың болашақ мансабына немесе құжат алуына ешқандай кедергі келтірмейді.
– Айша Аманбайқызы, тәуелділіктен толықтай айығып кету мүмкін бе? Бұл үдерісте медицинаның, науқастың өзінің және оның отбасының атқаратын рөлі қандай?
– Иә, бұл дерттен толық айығып, қалыпты өмірге оралуға болады. Әрине, бұл үлкен сабырды, уақытты және кешенді күш-жігерді талап ететін, бірақ толықтай жүзеге асатын процесс. Айығу жолын үш негізгі факторға бөліп қарастырған жөн.
Бұл үдерісте медицинаның үлесі 20-30 пайызды құрайды. Дәрігерлер детоксикация жүргізіп, ағзаны уытты заттардан тазартады және физикалық тәуелділікті еңсеруге бастапқы көмек береді. Дегенмен, есірткі ең алдымен ми жүйесі мен психикаға салмақ түсіретіндіктен, тек дәрі-дәрмекпен шектелу жеткіліксіз.
Айығудың ең басты кілті – науқастың өз қалауы. Көбінесе ол 30-40 пайызды құрайды. Егер адам бойындағы тәуелділікті мойындап, одан арылуға шынайы ниет білдірмесе, емнің нәтижесі ұзаққа бармайды. Психотерапия және когнитивті-мінез-құлықтық түзету арқылы адам өмірге жаңа көзқараспен қарап, стреске төзімділікті қалыптастыруды үйренеді.
Ал ең үлкен салмақ отбасы мен жақындарының қолдауына түседі. Ол 40-50 пайыздық көрсеткіш болады. Қоршаған ортаның сенімі болмаса, адамның бұрынғы зиянды ортасына қайта оралу қаупі өте жоғары. Жақындарының басты міндеті – тәуелділікті қылмыс немесе айып емес, емдеуді қажет ететін ауру деп қабылдау, емнен кейінгі оңалту кезеңінде толық қолдау көрсету және ескі әдеттерді қоздыратын жағдайлардың алдын алу.
– Аудан бойынша емделушілерге психологиялық және әлеуметтік оңалту көмегі қалай ұйымдастырылған?
– Нашақорлықтан емделушілерге психологиялық және әлеуметтік оңалту көмегі толығымен ерікті негізде, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бекітілген бұйрықтары мен заңнамалық стандарттарына сәйкес кешенді түрде жүргізіледі.
Аудан көлемінде бұл көмек жүйесі екі негізгі кезеңнен тұрады. Біріншісі медициналық-психологиялық түзету. Аудандық емхана жанындағы психикалық денсаулық кабинеттері мен орталықтарында психоактивті заттарға тәуелділікті анықтау және психотерапиялық қолдау көрсетіледі. Күрделі жағдайларда пациенттер мамандандырылған мекемелерге, мысалы, Алматы облыстық психикалық денсаулық орталығына жіберіледі. Онда емдеу, еңбекке үйрету және ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізу бағдарламалары жүргізіледі. Екінші кезең әлеуметтік бейімделу. Мұнда әлеуметтік қызметкерлер мен психологтар емделушінің қоғамға қайта араласуына, отбасымен қарым-қатынасын қалпына келтіруге, мамандық алып, жұмысқа орналасуына жан-жақты көмектеседі.
– Мектептерде немесе ұжымдарда нашақорлық пен алкоголизмнің алдын алу мақсатында қандай түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр?
– Бұл бағытта аудандық денсаулық сақтау мекемесі, білім беру бөлімі және полиция басқармасы бірлесе отырып, жүйелі түрде ауқымды профилактикалық жұмыстар атқаруда.
Атап айтқанда, жоғары сынып оқушылары арасында «Нашақорлық – қоғам індеті» және «Салауатты өмір салты» тақырыптарында сабақтар өтеді. Мектептер мен колледждерде полиция қызметкерлері, наркологтар мен психологтардың қатысуымен ашық пікірталастар ұйымдастырылып, есірткі мен ішімдіктің зардабы, сондай-ақ лудоманияның (құмар ойындардың) қаупі түсіндіріледі. Баланың мінез-құлқындағы өзгерісті дер кезінде байқау үшін ата-аналарға арналған лекциялар беріліп, оқушылар мен ұжымдарға ақпараттық буклеттер таратылады. Сонымен қатар «Жастар нашақорлыққа қарсы» акциялары, спорттық турнирлер мен шығармашылық байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
– Жанындағы жақыны тәуелділікке салынып жүрген отбасыларға ең алғашқы қадам ретінде қандай кеңес бересіз?
– Ең алғашқы әрі маңызды қадам – жақыныңызға айқай-шусыз, айыптаусыз ашық әңгіме ұйымдастыру. Оның іс-әрекетін емес, туындаған мәселенің отбасыға қалай кері әсер етіп жатқанын түсіндіріп, кәсіби көмекке жүгінуді ұсыну қажет.
Бұл ретте уақытты дұрыс таңдаған маңызды: жақыныңыз мас немесе ашулы емес, есі дұрыс, сабырлы сәтін күтіп, оны жақсы көретініңізді және көмектескіңіз келетінін білдіріңіз. Айыптап, ұрысу емделуге деген ынтаны жояды, сондықтан мәселені жұмыстан қалу, денсаулықтың нашарлауы сияқты нақты фактілермен түсіндірген абзал.
Ең бастысы, тәуелділік мінездің әлсіздігі емес, созылмалы ауру екенін түсіну керек. Сол себепті кәсіби нарколог пен психотерапевт көмегі ауадай қажет. Сонымен бірге, тәуелді адаммен бірге тұратын жақындары да үнемі күйзелісте болатындықтан, психологтар отбасы мүшелеріне де осы тығырықтан шығуға қолдау көрсетеді.
– Айша Аманбайқызы, уақытыңызды бөліп, кез-келген адамға маңызды әрі қажет болатын ақпарат бергеніңізге рақмет!
Тілдескен Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

