Бүгінде Қарасай ауданында кәсіпкерлік саласы жыл санап қарқынды дамып, шағын, орта және ірі бизнес субъектілерінің қатары айтарлықтай толығып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жүйелі қолдау тетіктері мен қолайлы бизнес-ахуалдың нәтижесінде ауданда өндіріс орындары көбейіп, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Солардың ішінде нарықта өз орнын нық айқындап, өндіріс ырғағын жүйеге келтірген, сапалы өнімімен аудан мен облыстың ғана емес, тұтас ел экономикасының ілгерілеуіне сүбелі үлес қосып отырған отандық кәсіпорындар аз емес. Соның жарқын дәлелі ретінде Шамалған ауылдық округінде орналасқан «Golden Maken» жиһаз цехын айтуға болады.
Мемлекеттік қолдау бағдарламаларын тиімді пайдалану арқылы еңсе тіктеген бұл мекеме – отандық нарықта кеше ғана пайда болған жас кәсіпорын емес, 16 жылдық тарихы мен қалыптасқан тәжірибесі бар іргелі өндіріс ошағы. Осы уақыт аралығында компания талай сындарлы кезеңдерден өтіп, тұтынушылар сеніміне ие болды.
Бүгінде кәсіпорын қарапайым экономкластан бастап талғамы жоғары тапсырыс берушілерге арналған премиумсегментке дейінгі жиһаз түрлерін шығарып, табысты еңбек етіп келеді.
Табысты кәсіпорынның негізін қалаушы – білікті ұйымдастырушы Ермек Икласов. Оның кәсіпкерлік жолы табанды еңбек пен батыл шешімдерге толы бірнеше маңызды белестен тұрады. 1973 жылы дүниеге келген Ермек Кәрімбайұлы алғашқы еңбек жолын автомобиль жолдарын салу саласынан бастап, осы бағытта бірнеше жыл тер төккен. Алайда өмірлік жағдайларға байланысты 2000 жылдардың басында Алматы қаласына қоныс аударуға тура келді. Жаңа ортада ол бұрынғы мамандығында жұмысын жалғастырмай, тәуекелге бел буып, жеке кәсіп ашуға шешім қабылдайды. Осылайша, 2005 жылы шағын жиһаз өндіру цехын жалға алып, кәсіпкерлік әлеміне алғашқы қадамын жасаған.
– Аталған саладағы бәсекелестіктің жоғары болуы мен өндірістік ғимаратты жалға алу шығындарына байланысты алғашқы жылдары бұл кәсіп айтарлықтай табыс әкеле қоймады. Десе де алған бетімізден қайтпай, істі одан әрі дамытудың жолдарын іздедік. Нәтижесінде 2008 жылы Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылынан 1 гектар жер телімін сатып алып, жеке жиһаз цехының құрылысын бастадық.
Нысанның құрылысын толық аяқтап, өндірісті жолға қою үшін мемлекеттік қолдауға жүгінуді жөн көрдік. Еліміздегі шағын және орта бизнесті қаржылай және қаржылай емес құралдармен сүйемелдейтін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жеңілдетілген несие алдым. Осы қолдаудың арқасында 2015 жылы «Golden Maken» отандық жиһаз өндірісі ресми түрде іске қосылды, – дейді кәсіпорын басшысы.
Ермек Кәрімбайұлының айтуынша, «Даму» қоры бағдарламасының ең басты артықшылығы – кәсіпкерлерге тиімді шарттармен және төмен пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыруға жол ашуы. Кәсіпкер аталған қордың қолдауына алғаш рет 2014 жылы ие болып, бөлінген қаражатты өндірістік нысан салуға және бизнес ауқымын кеңейтуге жұмсады. Кейін 2016 жылы «Даму» қорының жеңілдетілген несиесі арқылы екінші мәрте қаржылай көмек алып, заманауи құрал-жабдықтар сатып алды және айналым қаражатын толықтырды. Ал 2025 жылы өндірістік желідегі бірқатар станоктардың моральдық әрі техникалық тұрғыдан ескіруіне байланысты компания өндірісті жаңғырту мақсатында мемлекеттік қолдауға тағы бір мәрте жүгінді. Алматы облысындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Өрлеу» бағдарламасы аясында серіктестік «Bereke Bank» арқылы 12,6 пайыздық мөлшерлемемен үшінші рет қаржыландырылды.
Осындай жүйелі қолдау шаралары бастапқыда шағын ұжымнан құралған цехтың біртіндеп іргелі кәсіпорынға айналып, өндірістік қуатының еселеп артуына тың серпін берді.
Бүгінде «Golden Maken» – елімізде толық циклді жиһаз өндірісі жүйесін қалыптастырған санаулы компаниялардың бірі. Яғни, сырттан жеткізілген шикізат – табиғи ағашты арнайы камераларда кептіруден бастап, оны қажетті өлшемде кесу, пішінге келтіру, престеу, күрделі өрнектер салу және сырлау-бояу жұмыстарына дейінгі барлық технологиялық кезеңдер бір цехтың ішінде жүзеге асырылады. Мұндай толық өндірістік цикл өнім сапасын бастан-аяқ қатаң бақылауда ұстауға және тапсырыстарды белгіленген мерзім мен талаптарға сай мінсіз орындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда жалпы өндірістік алаңы 4000 шаршы метрді құрайтын кәсіпорында 25 білікті маман тұрақты еңбек етеді. Солардың бірі – тәжірибелі ағаш шебері, өндіріс бригадирі Жарас Жақсылықұлы.
– Бұл ұжымда еңбек етіп жүргеніме 10 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында цехтың қалай өсіп-өркендегеніне, өндірістің жаңа белеске көтерілгеніне куә болдым. Жалпы ағаш өңдеу мен жиһаз жасау – асқан төзімділік пен шеберлікті қажет ететін күрделі үдеріс. Өйткені біздің жұмыста асығыстыққа жол жоқ.
Мәселен, бізге келіп түскен шикі ағашты арнайы камерада кептірудің өзіне екі айға жуық уақыт кетеді. Тек содан кейін ғана ағаш кесу станоктарына жіберіліп, қажетті пішінге келтіріледі, ою-өрнек салынып, бояу жұмыстары жүргізіледі. Мұның бәрі қол еңбегі мен ұқыптылықты талап етеді. Айталық, күрделі ою-өрнекпен безендірілген бір ғана есікті дайындау үшін оның бір бетін өрнектеуге он күн уақыт жұмсалады. Одан кейін бояу жағылған соң, оның әбден кебуі үшін тағы он күн күту қажет. Сонда бір есіктің өзі бір айдан астам уақытта дайын болады. Ал күрделі құрылымды, тапсырыс берушінің ерекше талғамымен жасалатын жиһаз жиынтықтары бірнеше ай бойы әзірленуі мүмкін, – дейді шебер.
Кәсіпорындағы өнім түрлері бүгінде өте кең. Мұнда ішкі және сыртқы есіктер, ағаш баспалдақтар, түрлі үлгідегі үстелдер мен орындықтар, ас үй мен жатын бөлме жиһаздары, балалар бөлмесіне арналған жиынтықтар, кіреберіс жиһаздары және өзге де тұрмыстық, кеңселік бұйымдар шығарылады. Сонымен қатар компания әрбір тапсырыс берушінің жеке өлшемдері мен дизайнын, интерьер ерекшеліктерін ескере отырып, арнайы тапсырыстар қабылдайды.
Өндіріс орны өнім сапасы мен экологиялық тазалығына айрықша мән береді. Жұмыс барысында қарағаш, қарағай секілді табиғи ағаш түрлерімен қатар, заманауи ламинатталған жоңқалы тақта (ЛДСП), орташа тығыздықтағы талшықты тақта (МДФ) және сапалы акрил материалдары кеңінен пайдаланылады. Кәсіпорынның техникалық жарақтануы ірі көлемдегі тапсырыстарды сапасына нұқсан келтірмей орындауға толық мүмкіндік береді.
«Golden Maken» компаниясының отандық өндіруші ретіндегі беделі мен өнім сапасы ресми құжаттармен де расталған. Кәсіпорын тауардың қазақстандық шығу тегін айғақтайтын «ST-KZ» өнеркәсіптік сертификатына ие. Бұдан бөлек серіктестік отандық өндіруші мәртебесін бекітетін Қазақстандық тауар өндірушілер тізіміне (KLM) енгізілген. Бүгінде цех өнімдері Қазақстанның ірі мегаполистері мен өңірлеріне ғана емес, көршілес ТМД елдерінің нарығына да экспортталуда. Сондай-ақ тұтынушылар компания өнімдерін Алматы қаласындағы ірі сауда орталықтарынан да тікелей сатып ала алады.
Жеке тапсырыстармен шектелмейтін кәсіпорын әлеуметтік және мемлекеттік нысандарды жабдықтау ісіне де белсене атсалысып келеді. Мәселен, өткен жылы Қаскелең қаласында есігін айқара ашқан көптен күткен Өнер мектебінің ішкі жиһаздарын түгелдей «Golden Maken» шеберлері жасап шығарды. Сонымен қатар көршілес Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында жаңадан бой көтерген Мәдениет үйі мен Жетісу облысына қарасты Лепсі ауылдық округінде пайдалануға берілген заманауи Спорт кешені де осы кәсіпорынның сапалы жиһаздарымен қамтамасыз етілді.
Түйіндей айтқанда, Ермек Икласов негізін қалаған өндіріс орнын бүгінде бәсекеге қабілетті, табысты әрі тұрақты даму жолына түскен отандық кәсіпорын деуге толық негіз бар. 16 жылдық қажырлы еңбектің нәтижесінде компания жергілікті тұрғындар мен ірі мемлекеттік мекемелердің сеніміне ие болып, тұрақты тұтынушылар ортасын қалыптастырды. Ең бастысы кәсіпорында ұрпақтар сабақтастығы орнаған берекелі еңбек ұжымы құрылып, тәжірибелі ағаш шеберлері жас мамандарды кәсіпке баулу арқылы отандық өндірістің болашағын бірге қалауда.
Осындай отандық өндіріс ошақтарының өркендеуі – ел экономикасының нығаюы мен ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артуының айқын көрінісі.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

