Отан үшін отқа түскендердің ерлігі мен есімі ешқашан өшпейтінін, ұмытылмайтынын өмірдің өзі дәлелдеп отыр. 80 жылдық тарихы бар Ұлы Жеңістің парақтары жабылумен қалмайды. Қайта күн өткен сайын, жыл өткен сайын жалындап, жаңғыра береді. Бұл күндері біз соның таза куәгері болып жүргенімізді мақтаныш көреміз.
Жақында Бекболат ауылында елдің есінде қалатындай жақсы жаңалық болды. Ол Ұлы Отан соғысының ардагері, марқұм Әбікен Боздақовтың атына ардақталып, арнайы берілген көше еді.
Ақиқатқа жүгінетін болсақ, тілімізге тиек етіп отырған кейіпкеріміз Әбікен Боздақов 1908 жылы осы Қаскелең өңірінде дүниеге келген. Атқарған жұмыстары да айтулы болған. Сол кездің өзінде-ақ көзінің ашықтығымен, көкірегінің ояулығымен өзін таныта білген. Тарихта қалған ашаршылық жылдарында да жан-тәнімен араша түсіп, талай тағдырларды арашалап қалған.
Оның артында қалған ізіне қарасақ, көп жайларға қаныға аламыз. Одан оқырман қауым, сіздерді хабардар ету де қиын емес. Ол Ұлы Отан соғысына дейін саналы түрде талай отандық қызметтерді табандылығымен тамаша атқара білген. Отызыншы жылдардың өзінде Жамбыл ауданындағы мектеп-интернаттың директоры қызметін атқарған. Сол жылдардағы аштықта талай қазақ баласын оның құтқарып қалғанын тарих беттері дәлелдей алады.
1941 жылы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірген жылында қиян-кескі ұрыстарға тап болады. Әбікен Боздақов сол бір басынан кешкен шайқастарда нағыз ержүрек, майдангер ретінде алдында болды. 1944 жылдың аяғында ауыр жараланып, елге қайтты. Бейбіт өмірде де тыныш жатпады. Зейнеткерлік демалыста болса да өмірінің соңы 1974 жылға дейін ұстаздық және мектеп директорлығы қызметтерін өтеді. Ол 90 жасында 1998 жылы дүниеден өтеді.
Отан үшін от кешкен Әбікен Боздақовтың жаралы жылдар кезінде еңбегі еленбей қалған кезі жоқ. Жауынгерлгі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен және ондаған медальдармен марапатталды. Ал бейбіт өмірдегі алған марапаттарының өзі бір төбе деп айтуға тұрарлық
Міне, Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай, Әбікен Боздақовтың атына арнайы түрде ауылдағы мектепке жақын көшелердің біріне есімі беріліп отыр. Бұл көшенің атын алу оңайға соққан жоқ. Бұған ауыл әкімі Елдос Мұқатаев пен ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақытжан Әлменбетовтың табандарынан таусылып, ересен еңбек сіңіргенін ел-жұрт жақсы біледі.
Ардақты соғыс және еңбек ардагерінің атына берілген көшенің тұсаукесері де салтанатты жағдайда өтті. Онда абыройы асқақ ардагерлер қауымы атынан Қарасай аудандық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Серік Бертайұлы сөз алып, ақ ниетті тілектерін айтты. Сол сияқты Әбікен Боздақовтың артында қалған ұрпақтары Сырым Боздақов пен Амангелді Естаев, Данияр Таймерденов ел-жұртқа ақ ниетті алғыстарын айтып, ағынан жарылды.
Осы бағытта еңбектерінің жанғанына шынайы риза болып тұрғанына ауыл әкімі Елдос Мұқатаев пен ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Бақытжан Әлменбетовтердің көппен бірге қуаныштарында шек жоқ еді. Олар үшін, күллі ауыл жұртшылығы үшін бұл күн өте қуанышты күн ретінде ұмытылмастай есте қалды.
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Қаскелең қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы.

