Қазан айының бесі күні елімізде ең ардақты әрі беделді мамандық иелері – ұстаздар қауымының кәсіби мерекесі кең көлемде аталды. Ұрпақ тәрбиесі мен білім берудегі адал еңбегімен дараланған педагогтерді ұлықтау мақсатында Қарасай ауданында да сән-салтанаты келіскен мерекелік шара өтті. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысып, ауданның білім беру саласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген бір топ мұғалімге ерекше құрмет көрсетті.
Салтанатты кешке келген қонақтарды ең алдымен мәдениет ошағының фойесінде ұйымдастырылған арнайы көрме қарсы алды. Тарихи танымдық сипаттағы бұл экспозицияға өткен дәуірдің мектеп формасы, атап айтқанда, бұрынғы сарафандар мен фартуктер, ұстаздар мен оқушылар пайдаланған сиясауыттар мен қаламдар, сирек кездесетін байырғы оқулықтар мен көрнекі құралдар қойылды. Мектеп өмірінің жылы да әсерлі сәттерін еске түсірген бұл көрме жиналғандарға ерекше тебіреністі көңіл-күй сыйлап, өткен мен бүгінді сабақтастырған өзгеше атмосфера қалыптастырды.
Көрмені үлкен қызығушылықпен тамашалаған қонақтар ары қарай салтанатты жиын өтетін басты залға өтті. Шараның шымылдығы аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының құттықтау сөзімен ашылды. Аудан басшысы ұстаз еңбегінің қоғамдағы орасан зор орнына тоқталып, соңғы жылдары ауданда білім беру саласын қолдау және оның инфрақұрылымын жаңарту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстарға жеке-жеке тоқталып өтті.
Оның айтуынша, бүгінде Қарасай ауданында заманауи мектептер салу мен білім беру нысандарының жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылдың ішінде аудан аумағында 8 жаңа үлгідегі заманауи келешек мектеп бой көтерсе, жергілікті бюджет есебінен тағы 3 жаңа білім ошағы салынып, пайдалануға берілді. Бұдан бөлек орын тапшылығын азайту мақсатында қолданыстағы екі мектепке қосымша жапсаржай салынды. Осы жүйелі де нәтижелі жұмыстардың арқасында Қарасай ауданында көптен бері өзекті болып келген үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешімін тапты.
Мемлекет тарапынан көрсетілген мұндай жан-жақты қолдаулар мен ұстаздардың қажырлы еңбегінің арқасында өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ауданның білім сапасы едәуір артты. Атап айтқанда, білім сапасының көрсеткіші 68 пайыздан 69,7 пайызға дейін көтерілді. Оған қоса мектеп бітірген түлектердің мыңнан астамы еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алды. Сондай-ақ аудан оқушылары облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар мен ғылыми-шығармашылық байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, ауданның мерейін асырды.
Аудан басшылығы жас мамандарды қолдау мен оларды ауылдық жерлерге тұрақтандыру ісіне де баса мән беруде. Осы бағытта жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 30 жас маманға баспана сатып алу үшін төмендетілген пайызбен жеңілдетілген несиелер берілді. Мұндай қолдау шаралары жас мұғалімдердің кәсіби тұрғыда қалыптасып, білім беру сапасын одан әрі арттыруына үлкен серпін берері сөзсіз.
Құттықтау сөзінен кейін Жасұлан Естенов ұзақ жылдар бойы сапалы білім мен саналы тәрбие беруде дараланған үздік педагогтерді марапаттау рәсімін өткізді. Яғни, білім саласындағы ең беделді ведомстволық марапат – ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен өңірдегі бірқатар еңбек сіңірген ұстаздар марапаттады. Сондай-ақ сала үздіктеріне ҚР Оқу-ағарту министрінің, Алматы облысы әкімінің және өз атынан Құрмет грамоталар мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыс етті.
Мерекелік жиын жоғары эмоционалды деңгейде дайындалған сазды концерттік бағдарламамен жалғасты. Бұл жолғы шараның басты ерекшелігі – сахна төрінде аудандық өнерпаздармен бірге дәл осы мектеп мұғалімдерінен құралған ансамблдердің өнер көрсетуі болды. Өз бойындағы терең білім мен сан қырлы өнерді қатар ұштастыра білген ұстаздар қауымы көрермендерге ерекше көтеріңкі көңіл-күй, ұмытылмас әсер және рухани серпіліс сыйлады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

