«Заң және тәртіп» қағидасын қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау – прокуратура органдары қызметінің басты басымдықтарының бірі. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың аясында Қарасай ауданының прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің басшыларымен арнайы кездесу ұйымдастырды.
Жиын ашық пікірталас пен диалог түрінде өтті. Оның барысында қоғамдық бірлестік төрағалары мүмкіндігі шектеулі азаматтардың күнделікті өмірінде кездесетін түйткілді мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, аудан аймағында кедергісіз орта қалыптастыру, яғни әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілердің қолжетімділігін арттыру, ерекше қажеттіліктері бар жандарды тұрақты жұмыспен қамту, сондай-ақ сапалы медициналық кезек пен әлеуметтік қолдау шараларының уақтылы көрсетілуі кеңінен талқыланды.
Прокуратура өкілдері әрбір көтерілген өтініш пен ұсынысты мұқият тыңдап, талқылау қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, анықталған түйткілдерді кезең-кезеңімен шешудің нақты алгоритмін әзірледі. Ал жан-жақты талдауды және қосымша зерделеуді талап ететін күрделі сұрақтар аудан прокуратурасының тікелей бақылауына алынды.
Азаматтардың, әсіресе халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың қоғамдағы тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету бағытындағы құқық қорғау жұмыстары тұрақты түрде жалғасатын болады.

