«Атамекен» тарихи-мәдени орталығында қазақтың дәстүрлі қолөнерінің көрнекті шебері, ұста, педагог, этнодизайнер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәркембай Шоқпарұлының 80 жылдығына арналған «Қолөнер шебері» атты көрменің ашылу шарасы өтті.
Шараның ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен басталып, ұлттық өнер мен әсем әуендер көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Концерттік бағдарламада «Шамшырақ» ата-әжелер ансамблі өнер көрсетіп, өздерінің ән-жырларымен мерекелік кештің мазмұнын аша түсті.
Салтанатты бөлімде «Атамекен» тарихи-мәдени орталығының директоры Қалиева Шарбану Шариқызы сөз сөйлеп, Дәркембай Шоқпарұлының ұлттық қолөнерді дамытудағы еңбегіне тоқталды.
Сондай-ақ ұстаның ұлы, Ұста Дәркембай қолөнер музейінің директоры Шоқпаров Дәулет Дәркембайұлы әкесінің өмірі мен шығармашылығы, ұлттық өнерге деген ерекше ықыласы туралы естеліктерімен бөлісті.
Шараға Қарасай батыр атындағы орта мектептің оқушылары да арнайы қатысып, көрме мен тағылымды шараның куәсі болды

