Елбасымыз соңғы Жолдауында осы жылдан бастап зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы және ең төменгі жалақы мөлшерін көбейтуді тапсырған еді. Мемлекет басшысының қойған міндеті ағымдағы жылдың алғашқы айынан бастап іске аса бастады. Солардың бірі – көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының ұлғаюы. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, аталған жәрдемақы 15,4-тен 16,1 мың теңгеге өскен.
Жалпы, жәрдемақының есептік көрсеткіші еліміздегі инфляция деңгейіне байланысты индекстеліп, нақты оның қаншаға дейін көбеюі белгілі болады. Сонымен қатар, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлінің мәлімдеуінен басқа елдерде жоқ жәрдемақылардың бізде бар екені белгілі болды. Нақты айтқанда, «Күміс алқа», «Алтын алқа» медальдарының иегерлері ай сайын жәрдемақы алып отырады екен.
– Биыл инфляцияның орташа дәлізі бес пайыз және соған байланысты жәрдемақы көтерілді. «Күміс алқа», «Алтын алқа» медальдары бар көпбалалы аналарға өмір бойы ай сайын жәрдемақы беріледі. Басқа елдерде мұндай жоқтың қасы. Ресейде ана капиталы бар. Бізде, егер барлық жылдарды санайтын болсақ, бірнеше миллион теңге шығады, – деді министр Мәдина Әбілқасымова Үкімет отырысынан кейінгі сұхбатында .
Біздің елімізде біз айтып отырған «Күміс алқа» және «Алтын алқа» төсбелгілерінің иегерлері – көпбаланы тәрбиелеп отырған әйелдер. Яғни, «Күміс алқа» медальдары бар әйелдер – алты немесе одан да көп ұл-қыздардың тәрбиесіне жауапты жандар, ал «Алтын алқа» иегері жеті, не одан да көп баланы асырап отырған батыр аналар.
Еліміздегі ана мен баланы қорғау жүйесіне қарайтын болсақ, қазіргі таңда оларға деген көмек көрсету мақсатында жәрдемақылдардың түр-түрі бар көрінеді. Мәселен, бала дүниеге келгенде бір жолғы жәрдемақы беру қарастырылған. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымова-ның соңғы айтуында былай делінген: «Бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақының мөлшері – 95 950 теңге. Төртінші балаға – 159 075 теңге. Соңғы үш жылда жәрдемақы 38 пайызға өсті. Және де сол отбасыларды қолдау үшін 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 41 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді». Министрдің бұл айтылғандарынан бөлек тағы да бір ақпарына ерекше көз тастауға болады. Айтуынша, көпбалалы аналарға көрсетілетін көмектердің арасында бес баладан артық баласы барлар 53 жасында зейнетке шыға алады екен.
Дидар МУХАМАДИЕВ.