Кейінгі жылдары қаңғыбас иттер мәселесі қоғамда анағұрлым өзекті болып барады. Әсіресе Қарасай ауданында даладағы иттен зәбір көргендер қатары артпаса, кеміген жоқ. Осыдан бір жыл бұрын Ұмтыл ауылдық округінде 10 жасар балаға иттер шабуыл жасап, ауыр жарақат салса, таяуда дәл осы округтегі «Учитель» саяжайында 52 жасар тұрғынды көршісінің иттері талағаны жайлы ақпарат пайда болды. Бұл тек әлеуметтік желілерде кеңінен тараған ақпарат, ал халық естімеген қаншалықты өзге де көптеген жағдайлар орын алды. Жыл сайын тиісті басқарма тарапынан қаржы бөлінсе де қаңғыбас ит мәселесі әлі бір шешімін таппай тұр. Бұл ретте ит аулау жұмыстарына жеке меншік компаниялар тартылуда. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Қарасай ауданында «Әбдіхалық» жеке кәсіпкерлік (ЖК) өз жұмысын жүргізе бастады.
ЖК өкілі Әуез Курбиевтің сөзіне сүйенсек, олар Алматы облысының ветеринария басқармасы тарапынан жарияланған арнайы тендерді жеңіп алып, олармен ағымдағы жылдың 10 ақпаны күні келісімшарт жасасқан. Қазіргі уақытта компанияда бес қызметкер мен облыстық ветеринария басқармасы арқылы жалға алынған ГАЗель, УАЗ, НИВА секілді ит тасымалдайтын автокөліктер бар.
Облыспен жасалған келісімшартқа сәйкес жоспар мен қаражат бойынша ол аяқталғанша компания қызметкерлері 1072 ит ұстаулары керек. Алайда Қарасай үлкен аудан болғандықтан, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағымдар саны жетерлік. Осыған байланысты алдағы уақытта компания тарапынан тағы бірнеше жұмыскер алу жоспарда бар.
– Күн санап көшеде жүретін қаңғыбас ит пен мысық көбеюде. Иесі болмағаннан кейін әр жерді паналап, күл-қоқыстың маңайын торуылдап, қалдықпен қоректенеді. Қоқыс айналасында жүрген ит түрлі жұқпалы ауруды таратуы әбден мүмкін. Ал құтырса, тіпті қауіпті. Сондықтан ит аулайтындардың жұмысы оңай емес.
Жалпы біздің жұмыс барысына келетін болсақ, тұрғындар тарапынан түскен арыз-шағымға сәйкес көшеге шығып, аралап, мазалаған итті ұстаған соң оны тәлімбағына (питомникке) алып келеміз. Біз жалға алып отырған тәлімбағы Елтай ауылдық округінде орналасқан. Бұл жерде иттер ұрықсыздандырудан өтеді, одан кейін оларға екпе салынады. Одан кейін 10 күннің ішінде иттің иесі анықталып жатса, учаскелік полициямен бірге айыппұл салынады. Иесі табылмаса, барлық процедурадан өткізілген ит әкелген жаққа қайта жіберіледі. Бұл жерде ескере кететіндігі, егер жіберілген ит қоршаған ортаға қауіп төндіріп жатса, тәлімбаққа қайтып әкелінеді, – деді Әуез Мұратбекұлы.
Бүгінде компания қызметкерлері бір күнде кемінде 10-15 ит аулайды екен. Жалпы осы уақытқа дейін олардың тарапынан 300-ге жуық ит ұсталып, стерильдеу, чиптеу, идентификациялау сияқты барлық қажетті процедуралар жасалған.
Жоғарыда айтылғаннан бөлек ескере кететіндігі, «Әбдіхалық» ЖК өз жұмысын Алматы облысының ветеринария басқармасымен жасасқан келісімшарт аясында тек ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін істейді. ЖК-ке тиесілі байланыс нөмірі – 8 707 777 32 63.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

