2026 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанның барлық аумағында тауарлық газдың бағасы 33 пайызға өсті. Бұл өзгерісті Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі бекіткеннен кейін бүкіл халықты газбен қамтып отырған «QazaqGaz» ұлттық компаниясы да құн мөлшерін арттырып отыр.
Осыған байланысты Алматы облысы бойынша, оның ішінде, әрине, Қарасай ауданындағы газ жеткізуші бірнеше мекеме жалпы бағаны бекітті. Халықтың қалтасына қанша салмақ болғанмен, аталған компаниялар көгілдір отынды пайдаланудың құнын амалсыздан арттыруға мәжбүр. Өйткені министрлік бекіткен тауарлық газдың бағасы едәуір өзгерді.
Осы ретте жақында Қарасай жерінде тұрғындарды газбен қамтып отырған үш бірдей жекеменшік мекемелердің, атап айтқанда, «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ-ның, «Сигма-ГАЗ» және «Тауекел-Н-Алғабас» компанияларының өкілдерімен кездесіп, жаңа тариф құнына қатысты пікірін білген едік. Айтуларынша, бағаның өзгеруі тиісті министрліктің бекіткен жаңа көтерме сауда бағаларына байланысты жүзеге асырылып отыр. Осылайша ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап, жаңа тариф құны нақтыланды.
Атап айтар болсақ, Қарасай жұртшылығының біразын газбен қамтып отырған «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ жаңа бағаға қатысты келесі өзгерістерді енгізді: халық және жылумен жабдықтаушы ұйымдарға – 1 м³ үшін 63,52 теңге; атаулы әлеуметтік көмек немесе тұрғын үй көмегін алушыларға – 1 м³ үшін 30,89 теңге; бюджеттік ұйымдар мен өзге де тұтынушыларға – 1 м³ үшін 96,18 теңге; ірі коммерциялық тұтынушыларға 1 м³ үшін – 99,36 теңге.
Сонымен қатар, аталған компания табиғи монополия субъектісі ретінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қалыптастырылған тарифтерді қолдануға міндетті екенін түсіндіруде.
Ал «Сигма-ГАЗ» ЖШС тұтынушыларына ортақ бір ғана тарифті нақтылады. Яғни 1 текше метр газ үшін қосымша құн салығымен есептегенде 73,47 теңге деген бағаны бекітіп отыр. Бұл серіктестіктің қызметін пайдаланушылардың көбі – газды тұрғын үйде қолданатындар. Басымдық соған қарай болғандықтан, осындай құн мөлшері белгіленді.
«Тауекел-Н-Алғабас» компаниясына келер болсақ, бұл мекеме Энергетика министрлігінің жаңа көтерме сауда бағаларын ескере отырып, ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жаңа тарифті бекітуді жоспарлап отыр. Ал оған дейін бұрынғы бағамен тұтынушыларына қызмет көрсете береді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

