Қарасай жерінде спортты жанына серік етіп, байрақты бәсекеде топ жарып жүрген жеткіншектер жетерлік. Солардың ішінде Іргелі ауылдық округіндегі «Nomad International School» мектебінің 6 сынып оқушысы Елсияр Нұрумовты айрықша атап өтуге болады.
Елсияр сүйетін спорттың түрі – жекпе-жек. Дәл осы бағытта ол түрлі деңгейдегі жарыстарда жақсы нәтиже көрсетіп, талай белесті бағындырып келеді. Оның жарқын жетістіктерінің бірі – жақында Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында өткен джиу-джитсудан Азия чемпионатына қатысуы. Бұл дүниежүзілік додаға 19 елдің спортшылары қатысса, Елсияр Нұрумов осындай кіл мықтылардың қатарында болып, ел намысын абыроймен қорғады.
Жерлесіміздің әлемдік жарыста бағы жанып, жеңіс тұғырынан көрінгенін мақтанышпен айта аламыз. Ол үш бірдей дисциплинада сынға түсіп, нәтижесінде екі алтын және бір күміс медаль иеленді. Осылайша ауданның да, елдің де атын әлемге әйгілі етіп, халықаралық аренада мықтылардың ортасында топ жарды.
Жалпы Елсияр Нұрумов түрлі спортпен машықтанған. Еркін күрес, таеквондо, киокушинкай каратэ, аралас жекпе-жек (ММА) және комбат джиу-джитсу сияқты күш сынға түсетін спорттың әрбіріне бейімді. Соңғы бір жылдың ішінде аудандық, облыстық, республикалық жарыстар мен Қазақстан Республикасының чемпионаттарында бірнеше мәрте жеңімпаз және жүлдегер атанып, тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Шаршы алаңда топ жарып жүрген жас спортшының бүгінгі жетістіктері оның еңбекқорлығының, үздіксіз жаттығуының, отбасының қолдауы мен жаттықтырушыларының кәсіби еңбегінің нәтижесі екені анық. Осы ретте Елсиярдың спорттық мансабындағы жарқын жеңістерге жетуіне үлес қосып жүрген жаттықтырушыларының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Атап айтқанда, еркін күрестен II санатты жаттықтырушы, Көксай ауылындағы «Aqyldy Bala» спорт клубының жаттықтырушысы Шыңғысхан Галиев, ММА аралас жекпе-жектен жаттықтырушы, «RISK Fight Club» жауынгерлік клубының бас жаттықтырушысы және негізін қалаушы Рамиз Искандыров, Алматы облысы комбат джиу-джитсу федерациясының президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Nomad Sport» спорт клубының ММА жаттықтырушысы Нұрлан Аманкулов, таеквондо WT жаттықтырушысы, спорт шебері, халықаралық дәрежедегі I дан қара белбеу иегері Ерғазы Умиргазиев сияқты мықты бапкерлердің тәлім-тәрбиесі Елсиярдың жасындай жарқырауына көп табандылық танытты.
Бүгінде Іргелі ауылдық округінің жұртшылығы жас спортшымен мақтанады. Елсиярға алдағы уақытта жарқын жеңістер, толағай табыстар тілейміз! Ауданның да, елдің де абыройын асқақ етіп, ареналарда жеңістің жалауын желбіретіп жүре берсін!
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

