Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Расымен де, биылғы жылдың қиын болғанына қарамастан аудан жастарының біліктілігі, білімділігі, ауызбіршілігінің мығым болуымен талай игі істердің атқарылып жатқандығының куәсі болудамыз. Әсіресе, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін ерікті жастардың өнегелі істерін атап өтпеске болмайды. Олар қиын кезеңде аудан кәсіпкерлерімен бірге әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктер мен қорғаныш заттарын таратқан. Осындай игі істерге қол ұшын берген жастардың жетістіктері, газетіміздің өткен санында қысқаша жарияланғандай, Алматы облысының жастар саясаты басқармасына жаңадан тағайындалған басшысы Елдар Сапаров пен аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенованың қатысуымен өткен жиында айтылған еді.
Ал, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық жайлы жергілікті полиция қызметінің ювеналды полициясының аға инспекторы Жұлдыз Бейсенбаева баяндама оқыды. Аға инпектордың мәлімдеуінше, 2020 жылы кәмелет жасқа толмаған 43 жасөспірімнің қатысуымен 32 қылмыс орын алған. Оның ішінде көлік немесе ақша ұрлау, адамның денсаулығына зиян келтіру сияқты тәртіп бұзушылықтар бар. Сонымен қатар, әртүрлі тәртіп бұзушылықтар жасаған 53 жасөспірім тіркеуге алынған. Жоғарыда айтып өткен қылмыстартың алдын алу мақсатында ювеналды полицияның қызметкерлері «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» сияқты профилактикалық жұмыстар жүргізген. Жасөспірімдерге олардың құқықтарын, тәртіп бұзушылықтардың салдары қандай болатының түсіндіру мақсатында білім беру мекемелерінде 196 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ, карантин кезінде білім бөлімімен бірлесіп, ата-аналармен де онлайн режимде жиналыстар ұйымдастырылған. Мұнан бөлек қашықтан оқыту кезінде жасөспірімдердің әртүрлі тәртіп бұзушылықтарға бармауларын қадағалау мақсатында жүйелі түрде рейдтер жүргізілген.

