Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Расымен де, биылғы жылдың қиын болғанына қарамастан аудан жастарының біліктілігі, білімділігі, ауызбіршілігінің мығым болуымен талай игі істердің атқарылып жатқандығының куәсі болудамыз. Әсіресе, қоғамдағы оқиғаларға бей-жай қарамайтын, көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсететін ерікті жастардың өнегелі істерін атап өтпеске болмайды. Олар қиын кезеңде аудан кәсіпкерлерімен бірге әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктер мен қорғаныш заттарын таратқан. Осындай игі істерге қол ұшын берген жастардың жетістіктері, газетіміздің өткен санында қысқаша жарияланғандай, Алматы облысының жастар саясаты басқармасына жаңадан тағайындалған басшысы Елдар Сапаров пен аудан әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенованың қатысуымен өткен жиында айтылған еді.