Биыл елімізде орын алып жатқан оқыс оқиғалардың алдын алып, түрлі апат кезінде халыққа көмек көрсету бағытында қызмет етіп жатқан Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне 30 жыл толып отыр. Бұл үш онжылдық – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы табанды қызмет кезеңі. Осы атаулы мерейтойға орай Қарасай ауданында екі жақсы жаңалық орын алды. Яғни осы аптаның сейсенбісі күні Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті және Қаскелең қаласында құтқарушылардың ерлігін ұлықтаған мурал салтанатты түрде ашылды.
Екі нысанның да ашылуына Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Рахман Кәрімжан, аудан әкімі Жасұлан Естенов, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Бағдат Шәріпбеков және ауданның зиялы қауымы қатысты.
Қуанышты шара Елтай округіне қарасты Береке ауылынан бастау алды. Мұнда ағымдағы жылы құрылысы басталған өрт сөндіру бекеті қолданысқа берілді. Салтанатты басқосудың шымылдығы аудан әкімінің құттықтау сөзімен ашылды. Жасұлан Естенов жиналған халықты құттықтап қана қоймай, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысы жайлы айтып өтті.
– Қазіргі уақытта ауданымызда төтенше жағдайлар саласында тұрақты қызмет атқарып отырған жалғыз мекеме – Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімі. Аталған мекемеде 44 құтқарушы мен Қарасай ауданының төтенше жағдайлар бөлімінде 8 инспектор қызмет атқаруда.
Соңғы жылдары аудан аумағында халық саны артуына байланысты өртке қарсы инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамыту қажеттілігі туындады. Бұл шаралардың маңыздылығы статистикалық мәліметтер арқылы айқын көрінеді. Атап айтқанда, 2025 жылы ауданда барлығы 657 төтенше жағдай тіркелген. Соның ішінде өртке қатысты оқиғалар айтарлықтай үлеске ие: құрғақ шөптің жануымен байланысты 328 жағдай анықталған, олардың 10-нан астамы таулы аймақтарда орын алған. Сонымен қатар жалпы саны 200-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Бұл көрсеткіштер төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтудің өзектілігін көрсетеді. Осы мақсатта Жібек жолы ауылдық округінде өрт сөндіру депосының құрылысы аяқталуға жақын. Келер жылы қолданысқа беріледі. Ал бүгін міне, Береке ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылып отыр.
Барлығыңызды осы қуанышты сәтпен құттықтаймын! Сондай-ақ ел қауіпсіздігі жолындағы ортақ іске үлес қосқан «Big Story Service» ЖШС-не, құрылыс саласының мамандарына және жауапты мекемелерге алғысымды білдіремін, – деді аудан басшысы.
Одан кейін сөз кезегі облыстан келген құрметті қонаққа берілді. Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Рахман Кәрімжанұлы жиналған жұртты облыстық мекеме атынан құттықтап, өрт сөндіру бекетінің маңыздылығы жайлы сөз қозғады. Сондай-ақ жаңа нысанның бой көтеруіне атсалысқан аудан әкімі Жасұлан Естеновке және мердігер мекемеге алғысын білдіре келе, облыстық департамент атынан өрт сөндіруге арналған көлікпен жеңіл «УАЗ» көлігінің кілтін сыйлық ретінде тарту етті.
Құттықтау сөздер мен жақсы тілектерден кейін шараның салтанатты сәті келіп, Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының бірінші орынбасары Рахман Кәрімжан мен аудан басшысы Жасұлан Естенов ресми түрде жаңа бекеттің лентасын қиды. Одан кейін шараға келгендер нысанның ішін аралап, атқарылған жұмыстың нәтижесімен танысып шықты.
Айта кетейік, жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы ағымдағы жылы басталып, оған жергілікті бюджеттен 20 млн. теңге қаражат бөлінді. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 4,5 сотық жер телімінде жалпы ауданы 192 шаршы метр болатын бір қабатты заманауи ғимарат бой көтерді. Алдағы уақытта сегіз адам екі ауысыммен жұмыс істейтін нысанның ішінде көлікпен қажетті құрал-жабдықтар, тамақ ішетін, демалатын, жуынатын бөлмелер бар. Құрылысын жүргізген мердігер мекеме – «Big Story Service» ЖШС.
Қуанышты шара аудан орталығы Қаскелең қаласында жалғасын тапты. Мұнда Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Құтқарушы, өрт сөндіруші – батылдық пен ерліктің айнасы» атты муралдың ашылуы өтті.
Төле би көшесіндегі көпқабатты үйдің қабырғасында өрт сөндіруші мен құтқарушының бейнесі көрініс тапты. Сондай-ақ суреттің төменгі жағында осы саланың мамандары ұран ретінде айтатын «Адам құтқару – абыройлы міндет» деген сөз жазылған. Бюджеттен 2,5 млн. теңге бөлінген жобаны іске асырған мердігер мекеме – «Саба Атабаев» ЖК.
Ашылу барасында Рахман Кәрімжанұлы мен Жасұлан Тоққожаұлы ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ бұл шарада аталған саланың дамуы жолында еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтар Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы, полковник Дархан Оразбеков пен аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Қарасай ауданының тұрғындарын қуанытқан ауқымды шара соңы аудан өнерпаздары дайындайған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

