Құтқарушы – халық арасында әрқашан ерекше құрметке ие, жауапкершілігі мен салмағы орасан зор мәртебелі мамандық. Өйткені бұл сала өкілдері кез келген төтенше жағдайда, тіпті өмір мен өлім арпалысып тұрған қауіпті сәттерде бірінші болып отқа да, суға да түседі. Тілсіз жаумен бетпе-бет келетін құтқарушыларға кәсіби біліктілік пен тәжірибе ғана емес, ең алдымен жүректілік, болаттай берік жігер мен шынайы батырлық қажет.
Өз өмірін қатерге тіге отырып, ел амандығы мен адам өмірін бәрінен биік қойған осындай жүрек жұтқан азаматтардың бірі – Еркебұлан Абдикаримов. Бүгінде Жібек жолы ауылдық округінде заманауи үлгіде бой көтерген жаңа №16 Өрт сөндіру бөлімінде бір ауысымның командирі, азаматтық қорғау аға сержанты лауазымында адал қызмет етіп келе жатқан кейіпкеріміз бұл мамандықты бала кезінен армандаған.
Алда келе жатқан 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай өмір мен өлім арасында жүріп, ерлік көрсетіп жүрген осы бір қарапайым еңбек адамының өнегелі жолы жайында сыр шертуді жөн көрдік.
Еркебұлан Нартайұлының балалық шағы мен өскен ортасы сұлу да сырлы Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан, берекелі де киелі Мақтаарал ауданымен тығыз байланысты. Ол 1987 жылы аталған ауданға қарасты Абад ауылында қарапайым, көп балалы отбасында дүниеге келген. Отбасының тұңғыш перзенті ретінде іні-қарындастарына әрқашан қамқор, үлгілі аға бола білді. Оның артынан ерген үш қарындасы мен бір інісі бар. Болашақ құтқарушының балалық шағы туған ауылының топырағында, еңбек пен ауызбіршілік салтанат құрған ортада өтті. 1993 жылы Аязхан Қалыбеков ауылындағы №49 Жолдыбай Нұрлыбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің табалдырығын аттап, оны 2004 жылы ойдағыдай аяқтап шыққан. Орта мектептен кейін Түркістан облысына қарасты Жетісай қаласында орналасқан «Сырдария» университетінің «биология» мамандығына оқуға түскен.
– Біздің балалық шағымызда қазіргідей ақпарат легі жылдам тарайтын ғаламтор, әлеуметтік желілер немесе «тик-ток» пен «инстаграм» деген атымен жоқ еді. Дегенмен теледидар мен радиодан берілетін жаңалықтардан өрт сөндірушілердің тілсіз жаумен қалай арпалысқанын, қаншама адамды ажал аузынан аман алып қалғанын, халықтың оларға ақжарма алғысын айтып жатқанын көріп, естіп отыратынбыз. Сол сәтте олардың батылдығына сүйсініп, «не деген мықты кісілер!» деп таңғалатынбыз. Есейе келе бұл қызығушылығым бәсеңдемей, керісінше, болашақ өмірімді осы қауіпті әрі мәртебелі мамандықпен байланыстыруға бекем бел байладым, – деді мамандық.
Бала арманын ақиқатқа айналдыруды мақсат еткен жас маманның еңбек жолы 2020 жылы еліміздің ірі мегаполис – Алматы қаласындағы №2 Өрт сөндіру бөлімінде бастау алды. Мұнда ол үш жыл бойы өрт сөндіруші және құтқарушы лауазымында қызмет етіп, үлкен шыңдалудан өтті. Одан кейін шеберлігін арттырып, №19 Мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне аға өрт сөндіруші болып ауысты. Ал 2026 жылы өз қызметін №21 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жалғастырты. Бірақ көп ұзамай отбасылық жағдайларға байланысты Қарасай ауданы, Жібек жолы ауылдық округінде жаңадан салынып, қолданысқа берілген №16 Өрт сөндіру бөліміне бір ауысымның командирі ретінде тағайындалды. Қазіргі таңда да осы жауапты қызметінде абыроймен еңбек етіп келеді.
– Маған өз еліме, туған халқыма қызмет ету ерекше ұнайды. Сондықтан бала күнгі арманыма адал болып, құтқару саласын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Әрине, бұл сала оңай емес, ол ешқашан қателікті кешірмейді. Мұнда физикалық тұрғыдан шымыр болумен қатар психологиялық жағынан да кез келген тосын жағдайға дайын болу маңызды. Қызмет барысында сан түрлі қауіпті сәттерді бастан кешіріп, қайғылы оқиғаларға да куә болдық. Соған қарамастан, төтенше жағдай орнына дер кезінде жетіп, отты ауыздықтап, адамдарды аман алып қалған сәтте барлық қиындықты ұмытып, еңбегіңнің бекер емес екенін түсінесің.
Ерекше әсер еткен оқиғаның бірі – 2022 жылы Алматы қаласының «Ақкент» ықшам ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйде болған жойқын өрт. Сол күні кезекшілікте болған біздің топ оқиға орнына бірінші болып жетті. 16 қабатты үлкен үй болғандықтан, ондағы тұрғындар саны да өте көп еді. Үрейге бой алдырған адамдардың айқайы мен дүрбелеңі жағдайды одан ары күрделендіре түсті. Алайда біз мұндай төтенше жағдайларға жаттыққандықтан, әріптестеріммен жұмыла жүріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, өртті толық ауыздықтадық. Осындай сәттер біз сияқты құтқарушыларға ерекше қуаныш пен шабыт сыйлайды. Қаншама қауіп пен қиындық болса да, атқарып жатқан ісіңнің халық үшін қаншалықты маңызды екенін сезінесің, – деді кейіпкеріміз сөз арасында.
Адам өмірін арашалауды «перзенттік әрі азаматтық борышым» деп санаған Еркебұлан қайда жүрсе де өз ісіне аса жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарайды. Әріптестерімен иық тіресе жүріп, күн сайын өз өмірлерін қатерге тігуден қорықпай міндетін мүлтіксіз атқарып келеді. Оның бұл еңбегі басшылық тарапынан да елеусіз қалған емес. Төтенше жағдайлар министрлігінің, облыстық және қалалық төтенше жағдайлар департаменттерінің, сондай-ақ жергілікті әкімдіктің тарапынан бірнеше рет жоғары бағаланып, Алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталды. Бұған қоса жұмыстан тыс уақытта Еркебұлан саламатты өмір салтын серік етеді. Достарымен футбол ойнағанды ұнатады, түрлі спорттық турнирлерге, отбасылық марафондарға белсене қатысып, көптеген кубоктар мен медальдарды жеңіп алған.
– Алдыма қойған мақсаттарым көп, кәсіби тұрғыда ары қарай дамығым келеді. Ең алдымен, өз мамандығым бойынша жоғары білім алып, офицерлік құрамға өтуді, үлкен басшылық деңгейде қызмет етуді армандаймын. Ал ең басты арманым – еліме адал қызмет етіп, адал еңбегімнің жемісін көріп, уақытында зейнетке шығу және отбасыммен бірге бейбіт те тыныш өмір кешу. Әрине, мұның барлығы адамның өз қолында, сондықтан қазірден бастап соған ұмтылып келемін, – деді өрт сөндіруші-құтқарушы.
Бүгінде бір ауысымды басқарып отырған командир, әріптестеріне үлгі болып жүрген азамат отбасында да сүйікті жар, үлгілі әке. Ол – Құдай қосқан қосағымен бірге төрт бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының отағасы.
– Өрт сөндіруші-құтқарушы болғандықтан, біз әрқашан өзге адамның өмірін өзімізден жоғары қоямыз. Себебі бұл біздің азаматтық та, кәсіби де міндетіміз. Соңдықтан осы саланы таңдайтын жастар қайда келе жатқандарын терең түсініп, сезінуі керек. Кезекшілікке түсерде психологиялық және физикалық жағынан толық дайын болғаны абзал. Күнделікті сабақтарда айтылатын ақпаратты мұқият тыңдап, қажетті білім мен дағдыны есте сақтауы тиіс.
Адам қай саланы таңдаса да, өзіне тапсырылған іске шын ықыласы мен бар ынты-жігерін салса, сонда ғана діттеген биік мақсаттарына жетеді, – деп тәжірибелі маман сөз соңында жастарға ағалық кеңесін жеткізді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

