Түрлі озық технологиялар мен инновациялар қарыштап дамыған бүгінгі заманда электр қуаты – бүкіл тіршіліктің қозғаушы күші, өркениеттің басты күретамыры. Осы бір көзге көрінбейтін, бірақ қоғам тынысын үздіксіз қамтамасыз етіп отырған жарық пен жылудың артында қаншама адамның маңдай тері мен жауапты еңбегі тұр. Сондықтан қауіп-қатері мен ауырлығы қатар жүретін күрделі бұл саланың егжей-тегжейін терең меңгерген «электрик» мамандығы қашан да аса сұранысқа ие.
15 жылдан астам уақыт бойы электр сымдары мен күрделі қондырғыларды орнатумен, қажет кезеңде ақауларды дер кезінде тауып, оларды қауіпсіз жоюмен айналысып келе жатқан Самат Мақсұтов жұмыстың қауіпіне қарамастан өз таңдауына ешқашан өкінген емес. Бүгінде ол Қарасай ауданында орналасқан «СмартЭлектромонтаж» ЖШС-де адал еңбек етіп жүр. Жылдар бойы жинақтаған толымды тәжірибесінің арқасында өз ісінің нағыз шеберіне айналған Самат – ұжымда үлкен беделге ие, әріптестерімен сыйластығы жарасқан кәсіби маман.
Әр жылдың қыркүйек айының соңғы жексенбісінде өзінің адал еңбегімен егемен еліміздің дамуына үлес қосып жүрген еңбекқор жандарға алғыс білдіру мақсатында Еңбек күні аталып өтеді. Осы айтулы мерекеге орай біз көзге көрінбейтін, бірақ қоғам тіршілігі үшін аса маңызды мамандық иесі туралы сөз қозғауды ұйғардық.
Сыр өңірінің тумасы Самат Орақұлы – сан ғасырлық тарихы бар, тоғыз жолдың торабында орналасқан Қызылорда облысы, Арал ауданының орталығында 1989 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Шаңырақтағы төрт баланың үлкені болғандықтан, Самат кішкентайынан атасы мен әжесінің бауырында өсіп, солардың тағылымды тәрбиесін алған. Балалық шағы туған ауылында өткенімен, кейін әлемге әйгілі ғарыш айлағы орналасқан Байқоңыр қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ-орыс орта мектебінде білім алған.
Мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, ол Байқоңыр қаласындағы академик С.Жиенқұлов атындағы жоғары колледжге «техник-электромеханик» мамандығы бойынша оқуға түсті. Жас түлектің болашақ өмір жолын осы саламен байланыстыруына отбасындағы ұрпақтар сабақтастығы үлкен әсер етті. Кезінде оның атасы Мақсұт Көздібаев Арал теңізінде ұзақ жылдар бойы механик болып абыройлы қызмет атқарса, әкесі Орақ Мақсұтұлы да өмірін «электрик» мамандығына арнаған жан еді. Жас бозбала әке мен ата жолын жалғап, бұл мамандықтың қаупі мен қиындығына қарамастан, әулет кәсібін әрі қарай алып кетуді ұйғарған.
– Болашақ мамандығымды таңдау кезінде ұзақ ойланып, толғандым дей алмаймын. Себебі менің атам да, әкем де осы саланың айналасында жүріп, елге қызмет еткен адамдар. Оның үстіне сол жылдары Байқоңыр қалашығында ғарыш саласы мен инфрақұрылым жұмыстары өте қарқынды жүріп жатқан еді. Сондықтан мектепті аяқтаған соң, қандай мамандыққа бет бұратыным маған анық болды. Колледжде оқыған екі жыл ішінде теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, айтарлықтай қор жинадым. 2012 жылы оқуды тәмамдаған бойда өз мамандығым бойынша Байқоңыр қаласындағы «Южный» ғарыш орталығына жұмысқа орналастым, – деп еске алды Самат Орақұлы.
Сөйтіп, мақаламыздың кейіпкері еңбек жолын «Южный» ғарыш орталығынан бастады. Аталған мекеме Байқоңыр айлағындағы жер үсті инфрақұрылымын пайдалану мен қамтамасыз етуге жауапты Ресейдің «ЦЭНКИ» игілігіндегі ірі кәсіпорынның филиалы болатын. Мұнда ол алғашында теміржол жылжымалы құрамында қарапайым механик болып жұмысқа кіріп, жауапкершілігі мен біліктілігінің арқасында қысқа мерзімде бригадир лауазымына дейін көтеріледі. Ал 2016 жылы Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағының нысандарын электр энергиямен және жылумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған «Байқоңыр» КЖДО-ға ауысты. Онда ол 6 жылға жуық слесарь, сорғыларды жөндеуші шебер және аға қызметкер міндеттерін абыроймен атқарды.
– Байқоңырдағы жұмысын өте жауапты, қауіпті әрі өте қызықты болды. Мен еңбек жолымды бастаған жылдары мұнда айына кемінде бір рет зымырандар ғарышқа ұшырылып тұратын. Бірақ уақыт өте келе ғарыш айлағындағы жағдайлар мен бағдарламалар өзгерді. Жұмысымның соңғы жылдарында зымырандар жылына сирек, яғни 2-3 рет қана ұшырылатын деңгейге түсті. Соған байланысты жұмыс көлемі де, мамандарға деген сұраныс та азайды. Осылайша, 2022 жылы еңбек орнымды ауыстыруға шешім қабылдадым. Ізденіс барысында Алматы облысы, Қарасай ауданында орналасқан «СмартЭлектромонтаж» ЖШС-де бос жұмыс орны бар екенін біліп, осында келдім, – дейді кейіпкеріміз.
«СмартЭлектромонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – келісімшарттар мен тапсырыстар бойынша елді мекендердегі көше жарықшамдарын, бағдаршамдарды, транформаторлық кіші станцияларды орнатумен, сондай-ақ желілердегі ақауларды анықтап, қалпына келтіру жөндеулерімен айналысатын мекеме. Бүгінгі таңда Самат мұнда электрмеханик болып жемісті еңбек етіп келеді.
– «Электрик» мамандығы – адамның өмірі мен денсаулығына қауіп-қатері өте жоғары кәсіптердің бірі. Жоғары кернеулі желілермен, күрделі әрі қуатты құрылғылармен жұмыс істеу маманнан жоғары қырағылықты, терең білімді және қауіпсіздік техникасын мүлтіксіз сақтауды талап етеді.
Осы салада 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқандықтан, түрлі оқиғалардың куәсі болдым. Байқоңырда жұмыс істеп жүргенде жасы 70-тен асқан тәжірибелі әріптесімнің тоққа түсіп, қайтыс болғаны әлі есімде. Себебі мамандар бөлмесіндегі оператор белгілі бір учаскеде электрик жұмыс істеп жатқанын байқамай, электр тоғын қосып жіберген. Бұл ғарыш айлағы болғандықтан, ондағы қуат күші өте жоғары. Соның салдары қайғылы жағдаймен аяқталды. Бұдан бөлек те әртүрлі жастағы мамандардың өздерінің немесе өзгелердің салғырттығынан қайтыс болып, жарақат алғанын талай көзбен көрдік.
Электр қуатының табиғаты белгілі: ол көзге көрінбейді, дыбыс шығармайды, иісі де жоқ. Сол себепті кез келген маман тоқпен жұмыс істеуде барынша мұқият әрі сақ болуы қажет. Әрбір жұмысшы өзіне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп, нұсқаулықты қатаң орындауы тиіс. Біздің басты мақсатымыз тұтынушыларға электр энергиясын үздіксіз әрі сапалы жеткізу ғана емес, ең бастысы, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының амандығын қамтамасыз ету, – дейді маман өз сөзінде.
Самат Мақсұтов өзінің салмақты да байсалды мінезімен, кәсіби біліктілігімен және іске деген жоғары жауапкершілігімен басшылықтың да, әріптестерінің де арасында үлкен құрметке бөленген. Ол өзінің еңбек жолында бірнеше рет Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Бұл мақтау-мадақтың бәрі – адал табандылық танытқан, өмірін қауіпті де маңызды салаға арнаған қарапайым еңбек адамының жұмысқа жауапкершілікпен қарауының нәтижесі.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

