Аудан аумағында жолдарды ретке келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанат Шакировтың сөзіне сүйенсек, биыл жоспарға сәйкес ауданға қарасты 21 елді мекендегі 77 көшенің 68,5 шақырымы жөнделеді.
Бүгінде 375 мыңдай халық өмір сүріп жатқан Қарасай жері – өркендеп, экономикасы жылдан жылға дамып келе жатқан ірі аудандардың бірі. Десе де ауданның ахуалы жыл сайын жақсара түскенімен, шешімін таппай келе жатқан түйіткілді мәселелер азаяр емес. Оның ішінде жол мәселесін ерекше атап өтуге болады. Өйткені өңірде жалпы 1200 шақырым жол бар болса, соның көбі жөндеуді қажет етеді. Әлбетте, әкімдік тарапынан бұл мәселені шешу бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Ол үшін облыстан да, жергілікті атқарушы орган тарапынан да бюджет қарастырылуда.
Сондай жұмыстардың арқасында өткен жылы бюджеттен 2,7 млрд. теңге бөлініп, Қарасай ауданына қарасты 21 елді мекеннің 102 көшесінің 81 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал ағымдағы жылдың жоспарына сәйкес аудандағы 21 елді мекендегі 77 көшенің 68,5 шақырымы жөнделеді.
Ашып айтқанда, аудан орталығы Қаскелең қаласында 33 көше, Іргелі ауылдық округінде – бес, Әйтей ауылдық округіне қарасты Әйтей ауылында – үш, Үштерек, Құмарал мен Сауыншы ауылдарында бір-бір көше жөндеуден өтеді. Райымбек ауылдық округіндегі Бұлақты ауылында – төрт, Қырғауылдыда – сегіз, Долан мен Абай ауылында бір көшеден, Ұмтыл ауылдық округіндегі Жалпақсай ауылында – үш, Алмалыбақ пен Көлді ауылдарында жалпы төрт көше ретке келтіріледі. Сондай-ақ Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылында – екі, Ұлан мен Қошмамбетте – бір, Жібек жолы округінде бес және Бірінші Май округіндегі Бекболат ауылында үш көшенің жөнделуі жоспарда тұр.
Қазіргі сәтте Қаскелең қаласының орталық көшелерінде шұңқырларды жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Одан кейін кестеге сәйкес дәл осындай жұмыстар ауылдық округтердің жолдарында да жүргізіледі.
Аудан орталығында басты көшелер мен әлеуметтік нысандар маңындағы жаяу жүргіншілер жолақтары жаңартылуда.
Жоғарыда айтылғандардан бөлек ауданда тротуарларды сыпыру, жол жиегін құмнан тазалау және су себу жұмыстары да тұрақты түрде жүргізілуде.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

